Жыл сайын жаңа психобелсенді заттар анықталады – сарапшы

1793

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткілерді өндіру мен таратуға қарсы күрес жалпыұлттық сипатқа ие болу керектігін айтқан болатын. 

Жыл сайын жаңа психобелсенді заттар анықталады – сарапшы

Бұл мәселе бойынша ҚР-дағы ДДСҰ офисінің Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі психикалық денсаулық жөніндегі ұлттық кеңесшісі Николай Негайдың пікірін білдік, деп жазады іnbusiness.kz тілшісі. 

– Мемлекет басшысы Жолдауда синтетикалық есірткілермен байланысты теріс динамика байқалатынына және оның зиянды әсеріне назар аударды. Бұл мәселе елімізде неге өзекті?

  Синтетикалық есірткі мәселесі, оның ішінде жаңа психобелсенді заттар деп те аталады, әлемдегі үлкен проблеманың біріне айналып отыр. Жаңа психоактивті заттар 2009 жылдан бастап халықаралық қауымдастықтың назарын аударта бастады және синтетикалық есірткінің жаһандық нарығын өзгертті. 2017 жылдың соңына қарай бұл мәселе 111 елге айтарлықтай деңгейде әсер етті.

Оның таралу факторларының бірі ретінде бұрын-соңды болмаған жаңа заттардың тез пайда болуын жатқызуға болады. Мысалы, 2009 жылы  БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мониторингі басталған сәттен бастап жыл сайын жаңа психобелсенді заттар анықталады. Аптасына орташа есеппен алғанда 1 зат деген сөз. Зиянды заттардың пайда болуы туралы хабарламалар әлемнің әр нүктесінен келеді. Жалпы табиғи есірткі заттарынан айырмашылығы олар кез-келген жерде шығарылып, белгілі бір аумаққа байланбайды.

– Синтетикалық есірткіге тәуелділердің саны туралы қандай да бір статистика бар ма?

– Кейбір бағалау мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы әлемде 35 миллионнан астам адам синтетикалық есірткіні пайдаланған. 2022 жылғы 1 шілдедегі мәліметтер бойынша еліміздегі денсаулық сақтау ұйымдарына жаңа психобелсенді заттарға тәуелділік бойынша 587 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың басым бөлігі 18-29 жас аралығындағы жастар. Сонымен қатар Қазақстанда ҚР ДСМ республикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы есірткіні тұтыну жөнінде бірқатар эпидемиологиялық зерттеулер жүргізді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 18-34 жас аралығындағы жастардың 3,9%-ы жаңа психоактивті заттарды өмір бойы қолданғанын, ал 0,6%-ы соңғы 30 күн ішінде пайдаланғанын атап өткен.  

– Шетелдік тәжірибеден мысал келтірсеңіз. Олар бұл мәселемен қалай күресіп жатыр?

– Жалпы тұжырымдамалық тәсілдер бүкіл әлемде ұқсас. Әрине олардың жергілікті, аймақтық дегендей өзіндік ерекшеліктері бар. Әдетте олар ұсынысты азайтуға бағытталған және сұранысты азайтуға бағытталған іс-шаралар деп бөлінеді. Егер де сұранысты азайту шаралары туралы айтатын болсақ, оларға мәселенің нақты ауқымын анықтау, хабардарлықты арттыру, халықаралық ынтымақтастық, психикалық денсаулық саласында көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы қоғамдық денсаулық сақтаудың жауапты шараларын ұсыну жатады. Осы тұста тәуелділіктің психикалық денсаулық мәселесі екенін атап өту қажет. Барлық профилактикалық бағдарлама алдымен "Ол неге зиянды затты тұтынғысы келді?", "Адамда зиянды затқа деген қажеттілік болмас үшін не істеу керек?", "Біз қалай көмектесе аламыз және пациенттің өзі көмектің қандай болғанын қалайды?" деген сұрақтарға жауап беру керек. Әрине бұл қиын, одан гөрі тыйым салу шараларын қолдану оңай. Бірақ тәуелділік кезінде ондай шаралар жұмыс істемейді. Біз жоғарыда аталған сұрақтарға жауап бермегенге дейін нақты жетістікке жету қиын.

– Бұл мәселе Президент деңгейінде көтерілгеннен кейін қандай өзгерістер болуы мүмкін деп ойлайсыз?

 – Осыған байланысты Мемлекет басшысы айтқан кешенді жоспарды әзірлеу қажеттігін толық қолдаймын. Жоспарды соңғы халықаралық жетістіктер, түрлі салалардағы сарапшыларды тарту негізінде әзірлеу қажет. Бұл тек құқық қорғау органдарының немесе денсаулық сақтау саласының ғана емес, барлығымызға ортақ мәселе. Оны азаматтық қоғамды біріктіру арқылы шешуге болатынын атап өткім келеді.

– Сұхбат бергеңізге рахмет!

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу