"7-20-25": түсіндіру жұмыстары ақсап жатыр

4656

Павлодар облысында жаңа бағдарлама бойынша небары 7 өтінім ғана мақұлданған.

"7-20-25": түсіндіру жұмыстары ақсап жатыр

"Баспана" ипотекалық ұйымының деректеріне сүйенсек, Павлодар облысы - "7-20-25" бағдарламасын орындау бойынша артта келе жатқан аймақтардың бірі. Бұл аймақ Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарымен бірге соңғы орында тұр. Сондықтан Павлодар облысының басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтпек ниетте.

Ұлттық банктің Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ердос Спандияровтың сөзінше, 27 қыркүйектегі жағдай бойынша жергілікті тұрғындар 143 млн теңгеге 13 өтінім берген. Оның 7-і мақұлданған. Бұл – 81,5 млн теңге. Олардың қатарында пәтерді Астана және Алматы қалаларынан алғандар бар. "7-20-25" бағдарламасын жүзеге асыру бойынша "АТФБанк" пен "Банк Центр Кредит" белсенділік танытуда.

"Банк Центр Кредит" Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ержан Акрамовтың сөзінше, банк осы уақытқа дейін 3 өтінімді мақұлдап, 35 млн теңгеге ипотекалық қарыз берген.

"Оның екеуі қаржыны Астана қаласынан баспана алуға жұмсаса, біреуі Павлодар қаласындағы пәтердің иесі атанды. Сондай-ақ мақұлданған, бірақ әзірше берілмеген екі өтініш бар. Оның екеуі де Астана және Алматы қалаларынан баспана сатып алуға арналған", – деді Ержан Акрамов.

Ал "АТФБанк" Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Талғат Асқаровтың сөзінше, банк "7-20-25" бағдарламасы бойынша 2 өтінім мақұлдаған. Бірақ әзірше қаржы клиенттердің қолына тимеген.  

"Осы уақытқа дейін банктың облыстық филиалына 200-ге жуық адам келіп, бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Олардың басым бөлігіне әңгімелесу барысында-ақ теріс жауап берілді. Себебі жалақысы жетпейді. Енді бірінің атында пәтер бар. Тағы бірінің несиелік тарихы дұрыс емес", – дейді Талғат Асқаров.

Павлодар облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раисовтың айтуынша, бүгінде Павлодар мен Екібастұз қалаларында "7-20-25" бағдарламасы бойынша 305 пәтер сатылымға шығарылған. Жыл соңына дейін тағы 400-ге жуық пәтер бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтарға ұсынылады. Әзірше Ақсу қаласы мен облысқа қарасты аудандарда бағдарлама талаптарына сай келетін баспана жоқ.

"Бағдарламаның іске қосылғанына үш айға жуық уақыт өтті. Осы мерзім аралығында байқағанымыз, түсіндіру жұмыстары кемшін түсіп жатыр. Тұрғындардың басым бөлігі баспаналы болудың тиімді жолын толық ұғына қойған жоқ. Сондықтан түсіндіру жұмыстарына баса мән береміз. Сонымен қатар жеке құрылыс компанияларымен өзара байланыс орнату ойда бар. Қазір "Клочан", "Әлем-ПВЛ", "Аружан", "Шайғазинов" құрылыс компаниялары белсенділік танытып, баспана құрылысына кірісіп кетті", – дейді Рүстем Раисов.

Басқарма басшысының сөзінше, Екібастұз қаласында бірнеше жыл бұрын салынып, бірақ қолданысқа берілмеген пәтерлерді мемлекет тарапынан субсидиялап, "7-20-25" бағдарламасы бойынша үлестіру қолға алынған.

"Екібастұз қаласында 180 пәтер, яғни бес қабатты үш үй Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салынған болатын. Пәтерлердің бір шаршы метрі 145-150 мың теңгеден айналды. Тұрғындардың оны сатып алуға мүмкіндігі болған жоқ. Сәйкесінше, үш конкурс барысында небары 2 өтініш түсті. Пәтерлердің қымбаттығын ескере келе, мемлекеттік қолдау көрсетуді жөн көрдік. Атап айтқанда, облыстық және жергілікті бюджет есебінен субсидиялап, бағасын айтарлықтай төмендеттік. Бұдан былай екібастұздықтар үш үйдегі пәтерлердің бір шаршы метрін 100 мың теңгеге сатып ала алады", – дейді Рүстем Раисов.

Еске сала кетейік, бір аптадан соң облыс орталығындағы "Сарыарқа" шағын ауданында тағы 8 үй салу бойынша мемлекеттік конкурс жарияланады. Соның нәтижесінде келесі жылы 1000 пәтер пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, алдағы жылы Павлодар қаласында бірыңғай типте салынатын 73 жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Олардың барлығын "7-20-25" бағдарламасы бойынша саудалауға мүмкіндік бар.

Бүгінде облыс орталығында 25 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ал "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамында 50 мың салымшының шоты бар.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу