"7-20-25" және "БаспанаХит" ипотекалық бағдарламаларын жүзеге асыруға жауапты оператор – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-ы жақында осы баспана бағдарламалары туралы жұрттың пікірін білмек болып, сұрау жүргізеді. Елдің берген бағасы елең еткізді: "заңдастырылған тонау", "кабала", "алуға кеңес бермеймін", "мұнымен ұзақ жылға несие алу тиімсіз" депті жұртшылық. Ал бағдарлама қатысушылары коммерциялық банктердің қысымына ұшырағанына шағымдануда, деп жазады Inbusiness.kz.
Халық "жауып қойған" бағдарлама
"7-20-25" тұрғын үйді ипотекалық несиелендіру бағдарламасы Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" аясындағы "Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" атты №1 бастамасын іске асыру мақсатында қолға алынды. Алғашқы заемдар 2018 жылғы 4 шілдеде беріле бастады. Оған қатысу үшін азаматтың "Қазақстан аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауға тиіс". Бертінде кез келген, тіпті баспанаға ие қазақстандықтар арзандау ипотека ала алуы үшін "Баспана Хит" бағдарламасы іске қосылды.
Айтпақшы, әлеуметтік желіде пікір білдірген адамдар "осы екі бағдарлама жабылып қалды емес пе?!" деп санайды екен. Шынында, олар бойынша өтініш қабылдау, кредит беру жалғасуда. Бағдарлама операторы бұл жобалар жыл соңында тәмамдалады деп болжайды.
"Негізі, "7-20-25" бағдарламасының мерзімі шектеусіз, бірақ оның аясында ипотекалық тұрғын қарыздарын беру бойынша 1 триллион теңге лимит бекітілген. Яғни, сол аяқталғанда бағдарлама жабылуы мүмкін. Осы бағдарлама бойынша 325 миллиард теңгеге жуық сома игерілді, бұл 27 мың отбасының үйлі болуына септігін тигізді. Ал "Баспана Хиттің" лимиті 600 миллиард теңге. Осы межеге жеткеннен кейін ол да аяқталады. Қазіргі кезде жалпы "Баспана Хит" бойынша берілген қарыздар сомасы 493 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде 54 мыңнан астам отбасы баспана ала алды. ІІ деңгейдегі банктердің болжамы бойынша осы сома 2021 жылдың аяғына дейін игеріледі", – деп мәлімдеген-тін "Қазақстанның орнықтылық қоры".
Азаматтар болса, бұл бағдарламалар айналасында кедергілер мен тоспалар, тіпті көзбояушылықтар көп деп қынжылады. "7-20-25" бағдарламасының қатысушысы Аслан Амандықұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, бұл бірегей мембағдарламаның мақсаты – баспанасыз, бірақ жұмысы мен табысы бар қазақстандықтарға жеңілдетілген 7 пайыздық несие арқылы төл шаңырағына қол жеткізуге көмектесу екеніне назар аудартты.
"Өкінішке қарай, менің табысым және материалдық жағдайым коммерциялық банктер мен "Отбасы банк" ұсынатын ипотекалық бағдарламаларды пайдалануға жарамайды. Жеке секторда істейтін қарапайым жұмысшымын. Мемлекеттен жеңілдіктер мен привилегиялар алмаймын. Сондықтан жаңадан тұрғызылып жатқан "эконом сыныптағы" тұрғын үй кешеніндегі шағын пәтерді сату-сатып алу туралы салушымен алдын ала келісімге отырдым. Тиісті бастапқы жарнаны да енгіздім. Жылжымайтын мүлік құнының қалған бөлігін "7-20-25" бағдарламасы арқылы төлеуден үміттендім. Өйткені оның шарттарына сәйкес келемін, ондай жеңіл несиені еңсере аламын", – деп әңгімеледі ол.
Оның таңдаған тұрғын үй кешені 2022 жылдың екінші тоқсанында қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.
Банктер бағдарламаны кросс-сауданың маркетингтік құралына айналдырды
Алайда бағдарлама ипотекасын рәсімдеуге кіріскен азамат бірнеше мәселеге маңдай соғыпты. Біріншіден, бағдарлама түгесілуге таяу, кейбір банктер несие беруін әлден доғаруда, ертең мембағдарлама толық жабылса, кредит шарттары өзгеріп кетпесіне кепілдік бар ма?
"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың осы бағдарламаны жабу қажеттілігі туралы мәлімдемелері көңілде мазасыздық туғызды. Қаншама адамның өз баспанасында қоныс тойын тойлау арманы сағымға айналғалы тұр. Арзандау ипотеканы рәсімдеп үлгермейміз деген алаңдаушылық бар. Сондықтан бізге ел Президентіне жүгініп, осы әлеуметтік бағдарламаны ары қарай жүзеге асыруды және қаржыландыруды сұраудан басқа амал қалмады", – дейді арыз иесі.
Екіншіден, ол бағдарламаны іске асыруға тартылған банктердің түсініксіз тірліктеріне шағымданады. "7-20-25" серіктес банктері ретінде Halyk Bank, CenterСredit, АТФ банк, Forte Bank, Altyn Bank, Bank RBK, Jusan Bank, Еуразиялық банк, Сбербанк ипотекалық қарыз беретіні мәлім.
"Мен "First Heartland Jusan Bank" АҚ мен "Еуразиялық банк" АҚ-ына жүгініп, "7-20-25" мембағдарламасы аясында ипотекалық несие беруге өтініш енгіздім. Өтінішімнің қаралу барысын білмек болып, хабарлассам, қос банк ондай кредит алу үшін міндетті түрде өздеріндегі жалақылық бағдарламаға қатысуым қажет екенін жеткізді. Яғни, мен ғана емес, өзім жұмыс істейтін ұйым ұжымға жалақыны осы банктер арқылы төлеуі керек. Мұндай талапқа жаға ұстадым. Мен үй алуым үшін бүкіл компания банкін өзгертуге бармайды ғой. Сондықтан бұл шарт маған еңсерілмес кедергіге, алынбас асуға айналды", – дейді А.Амандықұлы.
Бағдарлама серіктестері жалғыз бұлар ғана емес қой, таңдау бар, тізім кең. Тиісінше, ол ары қарай "Bank RBK" АҚ-ына барады. Одан да айран-асыр болып, салы суға қайтып оралыпты. Банк қызметкері алдымен бағдарлама аясында ипотекалық жеңіл несие бере алатындарын айтып, қуантқан. Әйткенмен банктің бір шарты барын ескертеді: ипотека нақты тізімдегі тұрғын үй кешендерінен: елордадағы "LandMark", "Discovery", "Ақ Дидар" секілді ТК-лардан пәтерді сатып алса ғана беріледі.
"Банктің жабық тізіміне кілең бизнес сыныптағы тұрғын үй кешендері кіріпті. Ол объектілердің бәрін "Базис-А" корпорациясы салып жатыр. Айтарға сөзім жоқ! Біріншіден, мен ешқашан бизнес сыныптағы аса қымбат жылжымайтын мүлік сатып ала алмаймын. Екіншіден, аталған мембағдарлама табысы төмен, баспанаға зәру бұқара өкілдеріне ғана арналған шығар деп ойлағанмын. Көңілсіз тоқтамға келдім: комбанктер бағдарлама қатысушыларына қосымша "субталаптар" қою арқылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының паразиттеріне айналып кеткен! Банктер "7-20-25"-ті кросс-саудаға арналған маркетингтік құрал ретінде пайдалануда", – дейді Аслан Амандықұлы.
"Елбасы бағдарламасына саботаж жасалуда"
Кросс-сауда немесе cross selling кезінде банктер клиентке негізгі өнім, яғни мембағдарлама аясындағы ипотекалық кредит сыртында, қосымша өнімдерін, яғни жалақылық бағдарламаларын, ымыралас-серіктес құрылыс компанияларының пәтерлерін және басқасын таңады.
"Ең қорқыныштысы сол, серіктес банктер осы бағдарламаны қарапайым халыққа қолжетімсіз етеді. Шын мәнінде баспанаға мұқтаж адамдарды бастапқы кезеңде-ақ, мақұлдау барысында електен өткізбей тастайды. Олар сондай-ақ "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңын бұзып, құқығымызды аяққа таптауда. Заңның 28-бабының 1-бөлімінің 1-тармақшасына сәйкес, "бір тауарды, қызметті сатып алуды өзге де тауарларды, қызметтерді міндетті түрде сатып алумен байланыстыруға тыйым салынады". Ендеше құзырлы органдар банктерге қарсы шара қабылдауы керек. Әйтпесе, Елбасының баспананы әрбір отбасы үшін қолжетімді ету жөніндегі ізгі мақсатын бұлар үлкен цинизммен сәтсіздікке ұшыратып, саботаж жасауда. Мен кезіккен фактілердің өзі еш оптимизм тудырмайды. Керісінше, халықтың билікке деген сенімін құртып, наразылықты күшейтеді", – деп түйді А.Амандықұлы.
Мемлекет бекіткен нақты бағдарлама болғанымен, банктер оған өз бетінше жанама талаптар мен шарттар қосып алған. Мәселе осында. Мысалы, бағдарлама операторы "Қазақстанның орнықтылық қорының" сендіруінше, "7-20-25" және "Баспана Хит" аясында жеке кәсіпкерліктің (ИП) табысы да қарастырылады. Бірақ өмірде банктердің бәрі емес, кейбірі ғана жеке кәсіпкерлердің өтінішін қабылдайды.
"Ия, қарастырылады. Жеке кәсіпкерлерден өтінішті "Сбербанк", "Халық банкі", "АТФ банкі" және "Altyn bank" қабылдайды", – деді қордағылар.
"Көп банктер ИП-ның табысын назарға алмайды. Бағдарлама серіктестерінің үш-төртеуі ғана бұл талапты орындайды. Басқалары жеке кәсіпкердің табысын есепке алмайды. Мұны банктерді аралап жүріп білдім", – дейді Атырау тұрғыны Гүлжайна Құлғазиева.
Қарағандылық дәрігер Гүлмира Ержанова бағдарламадан көңілі қалғанын жасырмады.
"Бұл мембағдарлама тек бастапқы нарықтан, тек қана жаңадан салынған, кілті жуық арада берілетін тұрғын үйге арналған. Ал ондай қолжетімді пәтерлер қазіргі кезде нарықта, әсіресе, өңірлерде жоқ. Осы жылдың соңында немесе 2022 жылдың бірінші тоқсанында салынып бітетін тұрғын үйлерді бағдарлама қабылдамайды. Үй алу үшін миллионер болуың керек. Кредит алайын десең, әйтеуір бір жерден кедергісі шыға келеді", – дейді ол.
Бәлкім, банктердің "ойыншығына" айналып кеткен мұндай мемлекеттік ипотекалық бағдарламаның жабылғаны да жөн шығар.
Жанат Ардақ