2019 жылдың 14 наурызындағы мәліметке сүйенсек, "7-20-25" бағдарламасы бойынша 120 млрд теңгеге 10 500 өтінім берілген. Банктер 6 165 өтінімді ғана мақұлдаған. Бұл дегеніміз 72 млрд теңге.
"58 млрд теңгеге 4 868 несие беріліп, "Баспана" ипотекалық ұйымы 49 млрд теңгеге 4 132 несие сатып алды. Жыл басынан бері берілген несие портфелі 49 пайызға ұлғайып, 19 млрд теңгеге 1 639 несие берілді", – деді Үкіметтің бүгінгі отырысында "Баспана" ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Оның дерегінше, орташа есеппен алғанда ай сайын 7,6 млрд теңгеге 630-ға жуық несие беріледі екен.
"Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері берілген барлық өтініштің 23 пайызы немесе 2 457 өтінім банктер тарапынан мақұлданған жоқ. Оған тұрғындардың несие тарихының бұзылуы және ресми табыстарының болмауы себеп болып отыр. Несие алушылардың негізгі бөлігін 25 пен 35 жас аралығындағы азаматтарды құрайды", – деді Қайрат Алтынбеков.
Белгілі болғандай, ипотекалық несиенің орташа сомасы Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында 13 млн теңгені, қалған өңірлерде 9 млн теңгені құрап отыр. Несие 20 жыл мерзімге беріледі.
Еске сала кетейік, "7-20-25" бағдарламасы 2018 жылдың шілдесінде іске қосылды. Бағдарлама 8 банк арқылы жүзеге асырылуда.
Бұл ретте, премьер-министр Асқар Мамин тұрғын үй құрылысына қатысты бірнеше мәселеге назар аударды.
"Жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті сақтау керек. Бұл тапсырма тек үш өңірде: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ғана орындалған. Ал қалған өңірлерде бұл бағыттағы жұмыс енді басталуда. Сондықтан, осы жұмыстың қарқынын арттыруды тапсырамын", – деді Асқар Мамин.
Сондай-ақ ол құрылыстағы отандық үлесті 90 пайызға дейін ұлғайту керек дейді.
"Алдымызда құрылыстағы отандық үлесті ұлғайту міндеті тұр. Отандық құрылыс материалдарын шығару қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының арнайы бағыты болып табылады. Оның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Бұл үшін жеңілдікті қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Осы бағытта жаңа жобаларды дамыту керек. Мысалы, Түркістан қаласында ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Демек, сол өңірде құрылыс материалдарын шығаруға қатысты жобалар жүзеге асырылуы қажет. Жалпы, осындай өндірістерді барлық өңірде құру керек", – деп нақтылады премьер-министр.
Фархат Әміренов