"АЭС жобасын бүгін кешіктірсек, ертең өзбектердің АЭС-ына тәуелді боламыз"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3676

Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілуі, облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі оңтүстік өңірде электр энергиясына деген сұранысты арттыруы мүмкін.

"АЭС жобасын бүгін кешіктірсек, ертең өзбектердің АЭС-ына тәуелді боламыз"

Былтыр үкімет 2018 жылдың наурыз айына дейін АЭС тағдыры белгілі болатынын айтқан болатын. Наурыз өтті... мамыр өтті. Үкімет жақтан тырс еткен хабар жоқ. БАҚ-та "Қазатомөнеркәсіп" жанынан комиссия құрылғаны, АЭС-тың болжалды орны талқыланып жатқаны хабарланды. Ұлттық ядролық институттың бас директоры Эрлан Батырбеков апта басында журналистермен кездескен кезде Курчатов қаласы АЭС үшін қолайлы орын екенін, бірақ энергетикалық үйлесімділік тұрғысынан келгенде бізге Балқашқа жақын жерде орналасқан "Үлкен" деп аталатын елдімекен тиімді екенін айтты. "Үлкен" ауылының географиялық аумағында электр энергиясы көзі аз, сонымен қатар АЭС-тен энергия көзін қабылдап алатын қуатты электр торабы бар.

Қазақ жағы АЭС-тың орнығатын орнын анықтай алмай жатқанда өзбек ағайындар АЭС құрылысын бастау жайлы ресейліктермен келісім жасап қойыпты. Бұл туралы өзбек ақпарат құралдары мамыр айының соңғы күні хабарлады. "Оңтүстік Қазақстан облысымен тұмсығы түйісіп тұрған Науаи облысы мен Жызақ облысында АЭС салуы Қазақстан экономикасына және экологиясына қалай әсер етеді?" деген сұраққа жауап беруге мамандарымыздың жауабы әлі жүйеленген жоқ.

"Белгілісі, АЭС салынатын Жызақ, Науаи облыстары Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара және Мақтарал аудандарындағы Өзбекстанға тиесілі Арнасай ауылында, Айдаркөл өзенінің жағасына салынады деген сөз бар. Айдаркөл тұйықталып қалған өлі өзен болғандықтан, ядролық реакторды салқындатып алатын шайынды су төмендегі Шардара су қоймасына немесе жоғарыдағы Сырдарияға өтеді деп қауіптенуге негіз жоқ. Ол жерде КСРО кезінде уран базалары болған", – дейді ядрофизика саласының маманы Вячеслав Евдокимов.

Мамандардың айтуынша, біздің ел энер­гия профициті бойынша атом электр стан­сасының құрылысына дәл қазір тәуелді емес. Бірақ алдағы бірер жылда өзек­ті­лігі жойылмайтын жобаның бол­жалды орнын анықтап алуды қазірден бастау керек. Вячеслав Евдокимов осы тұста өзбек АЭС-ының біздің елге тек оң ықпал ететінін тілге тиек етіп өтті.

"Бізде электр энергиясы бойынша профицит жоқ. Бірақ Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілуі, облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі оңтүстік өңірде электр энергиясына деген сұранысты арттыруы мүмкін. Сондықтан Өзбекстан АЭС-ының мүмкіндігін жақын болашақта қаперге алып жүруге болады",– дейді Вячеслав Евдокимов.

Маманның айтуынша, Өзбекстанда бұл мәселе 1990 жылдардан бері көтеріліп келеді. "АЭС-қа инвестиция тарту мәселесі шешілді. Қоғамдық пікір ескерілді. Қазір өзбектің электр станциялары сағатына 60,7 млрд кВт энергиясын өндіріп жатыр. 30 миллионнан халқы бар ел үшін жеткілікті көрсеткіш. Бірақ 2020 жылға қарай Өзбекстан халқы сағатына 71,8 млрд кВт электр энергиясын пайдаланып, энергия профициті 11,8 пайызға жақындап қалады. Бұл шешім өзбектерді қырғыз энергиясына деген тәуелділіктен құтқарады", – дейді Вячеслав Евдокимов. Оның пайымдауынша, бұл жобада біздің елге орын жоқ. Себебі, бұл жоба – Өзбекстан мен Ресей арасында 2000 жылдардың басынан бері айтылып келе жатқан келіссөздердің нүктесі.

Вячеслав Евдокимов осы тұста әрбір бастаманың өз тәуекелі болатынын, бірақ тәуекелі жоғары деп алға қойған міндеттемелерінен бас тартып жатқан елдер жоғын айтып өтті. Мұхиттың ортасындағы аралда орналасқан жапон елінде ондаған АЭС бар. Ал елімізде әлі салынбаған АЭС жобасына қарсы болған топ жасыл энергетиканың мүмкіндігінен үміттенеді екен.

"Бізге бүгінгі күнді ойлау керек. Біздің мүмкіндігіміздің қандай екенін биылғы жылдағы көмір тапшылығы, содан кейін бензин тапшылығы дәлелдеп берді. Жасыл энергетикаға біздің ел әлі дайын емес. Ол қиялдағы жоба. Бүгін кешіксек, ертең өзбектердің АЭС-на тәуелді боламыз. Сондықтан АЭС салынатын жерді анықтауды кешіктіруге болмайды", – дейді Вячеслав Евдокимов.

Вячеслав Евдокимов осы тұста, АЭС жобасын қолға алған кезде "өз уранымыз бар" деген сенімге алданып қалмауымызды ескертеді. Бұл жобаны жақтаушылар АЭС отынынан тапшылық көрмейтінімізді айтып жүр. Біздегі уран өндірісіндегі "Қазатомөнеркәсіп" үлесі тек 30-35 пайыз ғана. Өзгесі – Канада, Франция, Ресей және ҚХР-дың еншісінде. Сондықтан, АЭС салынған күннің өзінде ядролық отын мәселесінде 90 пайыз экспортқа тәуелдіміз. 35 пайыз үлесті алып отырған "Қазатомөнеркәсіп" өнімді әзірге шикізат күйінде экспорттауда.

"Ядролық отын дайындауда біздің тәжірибеміз бар. Ядролық отынды Қытай мен РФ-ның АЭС-ына экспорттап келдік. "Қазатомөнеркәсіптің" еншісіндегі 30-35 пайыздық үлес бізді АЭС отынына деген тәуелділіктен құтқарып қалмайды. Сондықтан, үкімет бұл мәселені қолға алмастан бұрын АЭС-те жағылатын уран отынын өз елімізде көптеп шығару, оның қуаттылығын арттыру жағын ойластыруы керек. "АЭС салу қазақ халқы үшін тиімсіз" деген пікірді жақтаушылар көп. Бұл – шешіліп қойған мәселе. Сондықтан текке уақыт өткізбей АЭС арқылы жаңа жобаларды, жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек. Чернобыль және Фукусима-1 жарылыстарынан біздің өкімет сабақ алмады деген сөзге сенбеймін. Біз АЭС мықты дамыған алпауыт елдер қатарына кіре аламыз. Бізде АЭС отынымен 100 пайыз өз күшімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Сондықтан іске көшетін кез келді", – дейді Вячеслав Евдокимов.

Атом энергетикасы саласының маманы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қайрат Қадыржанов адамзат зиянды зат – сынаптан тұратын "градусникті" қажетіне жаратып отырғанын, АЭС жайлы да осыны айтуға болатынын айтады.

"Қазақстан үшін тағы бір қолайлы фактор – уранды шикізат күйінен отындық таблетка деңгейіне жеткізе алатын арнайы өндіріс орны – Үлбі металлургия зауытының болуы. Отын­дық таблеткалардың сапасы көп жағдайда отын­ның реактордағы жұмыс қабілетін айқындайды. Сондықтан оның сапасына жан-жақты қатал талап қойылады. Өндірістік жағдайда тапсырыс берушінің талаптарын толық қана­ғаттандыратын таблеткалар алу оңай жұ­мыс емес", – дейді Қайрат Қадыржанов.

АЭС жобасына қарсы тарап осы күнге дейін Чернобыльдегі апатты алға тартады екен. Одан бері 32 жыл өтті. Әлемнің ғылыми-техникалық қауымдастығы атом апатына жол бермеудің ғылыми-техникалық тетіктерін ойлап тапты.

"Чернобыльдегі апатқа ядролық отын мен графит қосындыларының ұшқындары себеп болғаны ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бізде қолдануды жоспарлап отырған реакторлардың құрылымында Чернобыльдегі апатқа себеп болған графит жоқ. Ол жеңіл сулымен (легководяной) алмастырылып, реакторлар отқа төзімді болат қондырғылармен жабдықталған. Оның механизмдері кез келген зиянды қалдықтардың сыртқа таралып кетуіне жол бермейді. Табиғи немесе техногенді апат кезінде реакторлар жұмысын автоматты жағдайда тоқтатуға мүмкіндік бар", – дейді Қайрат Қадыржанов.

Қайрат Қадыржанов мұндай реакторларды атом энергетикасы саласындағы "ноу-хоу" деп қабылдауға болуге болмайтынын айтады. АЭС-та оның қолдана бастағанына біраз болыпты. Ғалымдар әзірге орнын алмастыра алатын балама таба алған жоқ. Сондықтан "жеңіл су реакторларының" әлеуеті жыл өткен сайын жетілдіріліп келеді. Қазір әлемдегі энергоблоктардың 80 пайызы жеңіл су реакторларымен жабдықталған.

"Жер тұрғын­дары­ның санының өсуіне және әлемдік эко­номиканың дамуына байланысты энергияға деген сұраныс арта түсуде. Энергия көзіне деген әлемдік сұраныстың қазіргі өсу қарқы­ны сақталған жағдайда 2030 жылға дейінгі кезеңде электр энергиясына деген сұраныс 50 пайыздан да артады деген болжам жасалуда", – дейді Қайрат Қадыржанов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу