"Агробизнес-2020" бюджеттің "жыртық қалтасына" айналды ма?

4050

Ауыл шаруашылығы министрлігі 2013-2020 жылдар бағдарламасының алғашқы 3 жылындағы кемшіліктерін мойындайды.

"Агробизнес-2020" бюджеттің "жыртық қалтасына" айналды ма?

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған "Агробизнес-2020" бағдарламасының 2013-2015 жылдар аралығындағы бірінші кезеңнің орындалуына жүргізілген мемлекеттік аудит бірқатар шикілікті ашып берді.

Жалпы, 2013-2015 жылдар аралығында бағдарламаның бірінші кезеңі үшін мемлекеттік бюджеттен 1 трлн 181,9 млрд теңге бөлінген екен.

 

Жоспардың жартысы да орындалмаған

"2013-2015 жылдарға арналған "Агробизнес-2020" салалық бағдарламасының бірінші кезеңінің орындалуында 21,5 млрд теңгенің қаржылық заң бұзушылығы анықталса, тиімсіз игерілген қаражаттың көлемі 53 млрд теңгені құраған. Ал процедуралық заң бұзушылық 35,9 млрд теңге болған", – деді есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников.

Константин Плотниковтың мәліметіне қарағанда, 75 жоспарлы көрсеткіштің 44-і орындалмай қалса, 12 көрсеткіш тек жартылай ғана орындалған екен.

Одан бөлек, "Агробизнес-2020" бағдарламасы қабылданған кезде 2015 жылға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен оған бағынышты ұйымдардың ұйытқы болуымен 71 іс-шара өткізіледі деп жоспарланған болса, соның тек 12-сі ғана орындалған, тағы 22-сі жартылай атқарылған.

Осы олқылықтардың кесірінен бағдарламаның арқасында орындалады деп үміттенген 7 мақсатты көрсеткіштің тек 3-еуіне ғана қол жеткізілген.

Елдің тұтастай агроөнеркәсіп кешенінің сегіз жылдық дамуын қамтамасыз ету үшін қабылданған аты дардай "Агробизнес-2020" бағдарламасы неге соншама орындалмады? – дегенге есеп комитетінің мүшелері бірінші кезекте бұл бағдарламаның сапасыз дайындалғанын алға тартады.

 

Бағдарлама әу баста сапасыз дайындалған

Бағдарламаның қабылдануындағы басты мақсат – отандық шаруалардың бәсекелестік қабілетін арттыра отырып, импорттың санын азайтып, есесіне отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға жағдай жасау болатын. Алайда, мемлекеттің бұл салалық саясатында үлкен қателік жібергені анық.

Статистикалық нақты мәліметтермен бөліскен Константин Плотников: "Ауыл шаруашылығын қолдау үшін бағдарламаның ішінде ең тиімді орындалып жатқан бөлігі – шаруа несиелерін субсидиялау. Тіпті, бағдарлама бойынша бүгінге дейін бөлінген 1 трлн 181,9 млрд теңгенің 80%-дан астамы осы екінші деңгейлі банктердегі шаруалар алған несиені субсидиялауға және шаруаларға жеңілдетілген несие беруге жұмсалған. Дегенмен, бұл шаруалар үшін белгілі бір деңгейде тиімді болғанымен, нақты экономикаға айтарлықтай өзгеріс әкелмеген. Осы орайда, бағдарламаға бағытталған қаражат әу бастағы жоспарда-ақ өте тиімсіз мақсатқа бағытталған", – дейді.

Комитет мүшесінің айтуынша, бағдарламаның шикілігімен қатар, оның орындалу барысындағы осы олқылықты байқай алмаған немесе тиісті өзгеріс ұсынбаған Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының кесірінен елдің агроөнеркәсіп саласы соңғы үш жылда бар мүмкіндікті пайдалана алмай қалды.

Ал "Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру" ғылыми-зерттеу институтының директоры Сейітқазы Кешеуовтың айтуынша, "Агробизнес-2020" бағдарламасының көздеген мақсатына жете алмауына бағдарлама да, жергілікті атқарушы билік те кінәлі емес, мәселе әріде да жатыр.

"Жалпы, бұл бағдарлама дайындалған кезде біздің республикалық бюджеттің мүмкіндігі қазіргіден анағұрлым жақсы болды ғой. Бағдарлама негізінен өте сәтті шыққан. Дегенмен, бағдарлама аясында бөлінген қаражат көбіне солтүстіктегі ірі шаруа қожалықтарына бұйырып, түстіктегі шағын шаруалар қаражаттан ауыз тие алмады. Оны жергілікті әкімдіктердің бұра тартуынан шыққан шикілік деушілер бар. Бірақ, мәселе одан да әріде жатыр.

Мәселен, бағдарлама бойынша берілетін субсидия егіншілердің әр гектар жеріне есептеледі. Ал ұлтарақтай ғана жерді игеріп отырған шаруа әкімдікке өтініш бергенде, оның сұраған қаражаты шаруасын дамытпақ түгілі, жалғыз трактор алуға жетпейді", – дейді директор.

Өз тарапынан Сейітқазы Кешеуов соңғы кезде кооператив мәселесінің көтерілуі осы олқылықтың орнын толтыратынына сенімді.

"Шағын кәсіпкерлер алған несиесінің түкке де жетпейтіндігінен, қазір үкімет оларды біріктіріп, ірі шаруа қожалығы етуге тырысуда. Бұл әлгі бағдарлама бойынша ауқымды несие алуға жол ашар еді", – дейді Сейітқазы Кешеуов.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Егінді ауылындағы шаруа Назымбек Шәйгөзов те бағдарлама бойынша берілетін несиенің мардымсыздығын айтады.

"Аудандық кәсіпкерлер палатасы мен ауыл әкімдігі біз секілді шаруаларды несие алуға үгіттейді. Фермерлердің ішінде алып жатқандары да бар. Бірақ, несиені беруін беріп алып, кейін маусым сайын есеп тапсырып, уақыттың бәрін аудан орталығында өткізу біз секілді шаруаларға тиімсіз. Бәрібір ол түбі қайтарылатын қаржы. Әрине, несиеден үлестерін алғандар да бар. Бірақ, олардың барлығы егінші мен малшы емес", – дейді ондаған жылдан бері егіншілікпен айналысып келе жатқан шаруа.  

 

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен...

Бағдарламаға бөлінген республикалық бюджеттің басым бөлігі шаруалардың несиесін жабу үшін екінші деңгейлі банктерге аударылып жатқанда, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен инфрақұрылымды жаңарту, сала технологиясын коммерциялау мен ғылыми-зерттеу орталықтарының нақты ауыл шаруашылығы нысандарымен бірлесе жұмыс істеуін және ғылыми жұмыстарға қолдау көрсету жұмыстарына мүлде көңіл бөлінбеген.

Соған байланысты комитет мүшелері ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысын "ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрді" деп айыптады. Олай дейтіні, министрлік пен оған қарасты құрылымдар бөлінген қаражатты тек кәсіпкерлер мен компаниялардың қолдарына үлестіріп, ал ғылыми жұмыстарды қолдау мен осы мақсатта арнайы зерттеу ұйымдарын құруға, құрып қана қоймай, ғылыми ортаны ауыл шаруашылығы саласымен бірлесе жұмыс істеп, жаңалық ашуына көңіл бөліп, бас қатырмаған.

Әрине, бұл бағытта министрлік ешқандай да қызмет атқармады деуге тағы болмайды. 2014 жылы жердің құнарлылығын тексеретін арнайы құрылғы сатып алу үшін министрлік 50 млн теңге бөлген. Бірақ, күні бүгінге дейін бұл құрылғы әлі іске қосылмаған, қоймада жатыр. Ал 880 млн теңгеге салынған 12 зертхана қаңырап бос тұр.

Оған қоса есеп комитетінің жүргізген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша, аталған бағдарламаның өзі де жеткіліксіз түрде қаржыландырылғаны анықталыпты. Жоспар бойынша 2015 жылға дейінгі бағдарламаның бірінші кезеңінде республикалық бюджеттен 1 трлн 348 млрд теңге алынуы керек болса, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігінен тек 1 трлн 181,9 млрд теңге ғана алған.

Жалпы, үш жылдық жұмысты бағалау үшін жүргізілген аудиттің қорытындысында қаржының бөлінуінде нақтылықтың жоқтығы айтылған. Мәселен, 2014 жылы күзгі орақ науқанында бағдарлама аясында 40 млрд теңгеден артық қаражат сұралса, соның шамамен 1 млрд теңгесі артық қалған. Соның салдарынан бағдарламаның өзге баптарындағы мақсаттарға, оның ішінде ғылыми жұмыстарды қолдау шараларына мүлде қаржы бөлінбеген.

Есеп комитеті өкілдерінің айтуынша, бағдарламаның тиісті межеге жете алмауына екінші себеп – қаржының мақсатсыз салаларға бөлінуі немесе артығымен аударылуы.

Есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің мәлімдеуінше, бағдарламаның орындалуындағы бұл олқылықтардың бір ұшы Қаржы министрлігіне әкеп тірейді. Төраға Қаржы министрлігінің  ауыл шаруашылығы жобалары бойынша облыстық әкімдіктерге бөлген қаражатының негізсіз екенін де атап көрсетті.

Аудит қорытындысында анықталғаны – жергілікті әкімдіктер қаражат сұрамаса да, Қаржы министрлігі әр облысқа белгілі бір көлемде қаражат аударып келген. Өз кезегінде Қаржы министрлігі бұл айыппен келіспейтінін айтты. Министрліктің хабарлауынша, олар тек бағдарламаның дайындалуы мен алдын ала жоспарлануына ғана араласқан, ал қаражатты игеру жұмысы тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігінің еншісінде болған көрінеді.

Сегіз жылдық бағдарламаның алғашқы үш жылын осылайша атқарған Ауыл шаруашылығы министрлігі өз жұмысындағы кемшілікті мойындайды. Мұндай ауқымды жобаның 2013 жылдан бастап қана қолға алынғанын, министрліктің бұл істе тәжірибесінің жоқтығын уәж ете ақталған ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева келесі жылдан басталатын бағдарламаның екінші кезеңінде қаражаттың ауыл шаруашылығы саласының әр секторына тиісті деңгейде бөлініп, игерілуінде кемшілікке жол бермейтініне уәде берді.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу