"Ақылды ферма" адам еңбегін азайтады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4799

АӨК саласындағы 100-ден астам қызмет цифрлық форматқа көшіріледі.

"Ақылды ферма" адам еңбегін азайтады

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің баяндауынша, министрлік жалпы 101 мемлекеттік қызметін түрін көрсетеді. Оның 62-сі ішінара автоматтандырылған. Алдағы екі жылда 89 қызмет толық автоматтандырылады.

Арман Евниев атап өткендей, былтыр несие мен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды форматта қабылдау іске асырылған. Сондай-ақ өтінімдерді уақытылы қарауды бақылау қамтамасыз етілген. Биыл бұл қызмет ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және кепілдендіру құралдарында  пайдаланылады.

"Биыл субсидиялаудың 10 бағыты автоматтандырылады. 2019 жылы қалған бағыттар қамтылады. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін орта есеппен 2,5 есеге, яғни 18 күннен 7 күнге дейін қысқартады. Сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмендетеді", – деді Арман Евниев үкімет отырысында.

Оның сөзінше, цифрландыру салаға инвестиция тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнамалық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап электрондық тауарлық және қаржылық қолхаттар енгізіледі.

Сонымен қатар биыл "блокчейн" технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг жүйелері енгізілмек. Мұндай жаңашылдықтар шетелдіктердің астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек  2019 жылы АӨК өнімдерін қадағалаудың "егістіктен үстелге дейін" жүйесі іске қосылады деп күтілуде.

"Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2020 жылдан бастап электрондық сауданы толық форматта енгізу жоспарланған. Бүгінде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Биыл АӨК логистикасының картасы әзірленбек. Онда жұмыс істеп тұрған және салынуы қажет терминалдар, сақтау орындары, қоймалар, сауда-тарату орталықтары айқындалатын болады", – деді бірінші вице-министр.

Сондай-ақ  жеке қазақстандық геодезиялық жүйе және мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған геопортал құру көзделген. Технологиялық қайта жарақтандыру аясында ІТ-технологияларды, оның ішінде нақты егіншілік технологиялары мен Smart-фермаларды пайдалануға жағдай жасалады.

"Нақты егіншілік – әлемдік тренд. Оның элементтерін енгізу фермерлерге өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай элементтерге алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг пен басқа да шешімдер жатады. Жалпы, өнімділікті арттыруға ахрохимияны, тұқым шаруашылығын, аграрлық ғылымды жақсарту, технологиялық операциялардың уақтылы іске асырылуы мен сапасы, датчиктерді пайдалану және табиғи факторларды есепке алу есебінен қол жеткізуге болады. Бұл шығынды кемінде 25%-ға қысқартуға жол ашады", – деді Арман Евниев.

Қазірдің өзінде жекелеген кәсіпорындар нақты егіншілік элементтерін енгізіп жатыр. Мәселен  Солтүстік Қазақстан облысындағы "Атамекен Агро" АҚ электрондық карталарды енгізіп, егіс және егін жинау жұмыстарын онлайн-мониторингілеу мен бақылауды жүзеге асыруда. Бұл өнімсіз шығын мен жұмыс мерзімін қысқартып, өнімділікті арттырады. Мәселен отын датчиктері жанар-жағармайдың ысырап болуы мен ұрлануын азайтады. Осылайша, бір маусымда бір техникадан шамамен 1 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік туады. "SMART-фермалардың енгізілуі төрт-түлік басына мониторинг жүргізуге, табындарды басқаруға, жылыжайларды автономды басқаруға, онлайн-режимде шығыстарды есепке алуға және талдауға мүмкіндік береді. "Ақылды фермалар" – адам еңбегін  барынша азайтып, роботтандыруды жүргізу. Роботтандыру фермада болып жатқан барлық кезеңді басқарады", – деді Арман Евниев.

Оның айтуынша, фермерлерге метеодеректер беру қызметін көрсету үшін халықаралық тәжірибе пайдаланылатын болады. Осы жылы пилоттық жоба Ақмола және Қарағанды облыстарында іске асырылады.

"Министрлік электрондық астық қолхаттары жүйесін дамыту жұмысын жалғастыра береді.  Аталған жүйе арқылы 2017 жылы шамамен 627 млрд теңгеге 19 млн тонна астық өткізілді. Жүйеде астық балансының онлайн-мониторингі, астыққа арналған бағаның статистикасы, астықты сақтандыру, астық қабылдау пункттерінің рейтингі енгізілді. Бұл астық қолхатын қолдан жасауды болдырмауға және фермерлердің шығыстарын жылына 700 млн теңгеге азайтуға мүмкіндік берді", – деді бірінші вице-министр.

Цифрландырудың тағы бір пайдасы – бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігі артады. Сондай-ақ  азық-түлік қауіпсіздігін және салаға инвестициялардың тартылуын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін экономикалық тиімділік шамамен 40 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.

"ҚазАгро" холдингі басқармасының төрағасы Нұрлыбек Мәлелов холдинг АӨК субъектілерінен несие мен лизингке өтінім қабылдау процесін автоматтандырғанын, осылайша "E-Kazagro" жобасы іске қосылғанын атап өтті. Биыл холдингтің компаниялар тобы ұсынатын қызметтердің барлығы автоматтандырылады.

Сонымен қатар ұлттық экономика министрлігі, "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы және "ҚазАгро" холдингі арасында "бір терезе" қағидаты бойынша АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа құру туралы меморандумға қол қойылды. Ішкі бизнес-процестер автоматтандырылды.

Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы саласына ақпараттық технологияларды енгізуді жылдамдату маңызды болып отыр. Бұл бағыттағы оң қадамның бірі – мамандарды цифрлық технологиялар бойынша жаппай оқыту.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу