Қос әкім шынымен қазақша білмей ме?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5300

Болат Бақауов пен Құмар Ақсақаловтың баспасөз хатшылары әлеуметтік желіде тараған суретке қатысты пікір білдірді.

Қос әкім шынымен қазақша білмей ме? Фото: akorda.kz

Осы аптада Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың құлаққап киіп түскен суреті әлеуметтік желіде көп талқыланды. Сурет дүйсенбі күні, 15 шілдеде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында түсірілген.

Желі қолданушыларының біразы солтүстік өңірдің қос әкімін "Президенттің айтқандарын қазақша түсінбегендіктен, аудармашының көмегімен тыңдап отыр" деп сөкті. Ал енді бір топ керісінше "Мемлекет басшысының сөзін мұқият тыңдау үшін құлаққап киіп алған" деген уәж айтты.

Осылайша, жұрт көкейінде "Болат Бақауов пен Құмар Ақсақалов қазақша білмей ме?" деген сұрақ қылаң берді. Біз мұны әкімдердің баспасөз хатшыларынан сұрап көрдік.

Ең алдымен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Абдрешевке хабарластық.

"Құмар Іргебайұлы қазақша өте жақсы сөйлейді. Оны жақын танитын кез келген адам осылай жауап береді. Әкім Орталық коммуникациялар қызметінде, журналистер алдында баяндаманы әрдайым қазақ тілінде жасайды. Сондай-ақ Құмар Іргебайұлы нағыз қазақы өңірде – Тараз облысында үш жылдан аса облыс әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды. Сондықтан облыс әкімі қазақша түсінбейді деген пікір шындыққа жанаспайды", – дейді Тимур Абдрешев.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Құмар Ақсақалов облыстық әкімдіктегі жиындарды қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізеді.

"Әлеуметтік желіде тараған суретке қатысты айтар болсам, Үкіметтің кеңейтілген отырысын теледидардан мен де көрдім. Байқаған болсаңыздар, сол жиынға қатысқан Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де құлаққап киіп отырды. Сонда Берік Уәли де қазақша түсінбегені ме? Жоқ, әрине. Олар қазақша түсінбегендіктен емес, Президенттен алыс отырғандықтан, баяндаманы дұрыс естіп, мұқият тыңдау үшін құлаққап киген. Өйткені құлаққаптан баяндамашының сөзі өте жақсы естіледі", – дейді Тимур Абдрешев.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Бәйтенов еңбек демалысына шығып кеткендіктен, әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілі Асқар Ғазизовпен тілдестік.

"Әлеуметтік желіде тараған суретке қатысты облыс әкімінің пікірін сұраған емеспін. Бірақ, Болат Жұмабекұлы құлаққапты қазақ тілін түсінбегендіктен киіп отырмағаны анық. Өйткені ол қазақша жақсы сөйлейді, жақсы түсінеді. Әкімдіктегі жиындарды да көп жағдайда қазақ тілінде өткізеді. Болат Жұмабекұлының қазақ тілін жақсы білетініне күмән келтірген адамдар болса, оның жеке қабылдауына жазылсын. Әкіммен қазақ тілінде қанша сөйлескісі келсе, сонша сөйлессін. Бәлкім, сонда ғана Болат Жұмабекұлының қазақша жақсы білетіндігіне көз жеткізер", – деп жауап берді Асқар Ғазизов.

Айтпақшы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасы Ақорданың ресми сайтында (www.akorda.kz) жарияланды. Баяндаманы толықтай көшіріп, Word-қа түсірдік. Times New Roman қарпімен, 14 шрифтпен есептегенде 18 бет болып шықты. 18 беттің 2,5 беті ғана қазақ тілінде жазылған. Демек, Үкіметтің кеңейтілген отырысы негізінен орыс тілінде өтті деп айтуға толық негіз бар.

Қисынға салсақ, әкімдер 2,5 беттік қазақша баяндаманы тыңдау үшін құлаққап кимегені анық.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу