Павлодар әуежайына күрделі жөндеу керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
12816

Әуежайдағы күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет осыдан сегіз жыл бұрын жасалған.

Павлодар әуежайына күрделі жөндеу керек

Өткен жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бізге берген сұхбатында облыс орталығындағы әуежайды заманауи үлгіде дамыту қолға алынатынын мәлімдеген еді.

"Биыл Павлодар қаласының әуежайы Open Sky мәртебесін, яғни халықаралық мәртебені иеленді. Енді бұл әуежай халықаралық рейстерді орындайды. Сондықтан әуежайды жаңаша дамыту керек. Осы орайда, Түркияның "EDA" компаниясымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл компания Қазақстан нарығында жұмыс істейді. Сондықтан әуежай жаңаша түрленеді деген ойдамын", – деген болатын өңір басшысы.

Ал бүгін Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі әуежайдың бірқатар маңызды бағыт бойынша жаңа авиамаршруттар ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Қазір авиакомпаниялармен келісім жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Деректерге сүйенсек, 2019 жылдың 11 айында әуежай арқылы 300 мың тоннадан астам жүк пен пошта жеткізілген. Ал дәл осы аралықта 200 мыңнан астам адамды тасымалданған.

"Бүгінде әуежай халықаралық мәртебеге ие. Соңғы рет 2018 жылы тиісті сертификатты алды. Ол үш жылға жарамды. Әуе байланысы саласында жинақтаған тәжірибеміз мол. Сондықтан біз үшін жолаушылардың қауіпсіздігі мен оларға толыққанды жағдай жасау маңызды. Әуежай 1973 жылы пайдалануға берілді. Содан бері біздің команда жолаушыларды жерге қаратқан емес. Жыл сайын бұл жерден 1 мыңға жуық ұшақ ұшады. Бір сағатта 200-ден астам жолаушыны жөнелтеміз", – дейді "Павлодар әуежайы" АҚ төрағасының орынбасары Динара Мусалимова.

Бүгінде Павлодар әуежайы арқылы тұрақты түрде екі ішкі әуе байланысы жұмыс істейді. Яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы бағыттарына жолаушылар тасымалданады. Сондай-ақ, Түркия, Мәскеу, Минск және Новосібір бағытындағы халықаралық рейстер бар. Әуежайдағы жолаушылар тасымалын көбейту үшін оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.

"Әуежайдың аумағы 235 гектар жерді алып жатыр. Ал терминалдың аумағы 3,2 мың шаршы метрге тең. Соңғы рет бұл жерге 2006 және 2012 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді", – дейді Динара Мусалимова.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қыркүйек айында аталған әуежай Павлодар облысы әкімдігінің меншігіне өткен болатын. Ал бұған дейін оның акциялары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі еді.

Жалпы, осы күнге дейін Павлодар әуежайы бірнеше құрылымға қарап келді. Мәселен, 1998 жылдың соңында "Ертіс-Авиа" әуекомпаниясынан бөлініп, жеке кәсіпорынға айналды. 2000 жылы әуежай акциясы толықтай Павлодар облысы әкімдігінің коммунальдық меншігіне өтті. Алты жылдан кейін нысанды ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, ал бірнеше айдан кейін "Самұрық" Холдингі" АҚ "бауырына басты". 2018 жылы әуежайды ұлттық әл-ауқат қорына айналған "Самұрық"-тан алып, Атырау, Ақтөбе әуежайлары секілді жекеменшікке беру туралы шешім қабылданды. Алайда оны 9,2 млрд теңгеге ешкім сатып алғысы келмеді. Ақыры әуежай облыстық әкімдіктің меншігіне қайтта өтті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу