Қазақтарды жамандаушылар көбейіп барады

15516

Ассамблея болса, тым-тырыс жатыр.  

Қазақтарды жамандаушылар көбейіп барады

Бір қынжылтатыны, пандемия және шектеулер қазақ халқын қаралау құбылысына қосымша дем, соны серпін берді. Тіпті қазақ зиялылары, өз ішімізден шыққан белгілі тұлғалардың өзі ұлтымызды тойқұмар, тәртіпсіз, өз денсаулығына салғырт деп күстәналады. Ірі құрылыс холдингінің басты акционері және басқарма төрағасы, өзі де коронавируспен науқастанған Айдын Рақымбаевтың өзі ойлап тапқан "қазақтың бес ұятын" бетіне басуы ұлт жанашырлары тарапынан сын туғызды. Тұрғылықты ұлтқа жала жабуға өзге этнос өкілдері қосылды.

Қоғам қайраткері Дәурен Укин Ресеймен шекаралас Қостанай өңірінде этносаралық қайшылықтарды реттеу мәселесі бойынша бастамашыл топты ұйымдастырған көрінеді. Ол топ атынан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүгінді. Өйткені осы теріс құбылыс шектен тыс белең алып кетпеуі керек деген пікірде.

"Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде еліміздегі әртүрлі диаспора өкілдерінің мемлекет құраушы ұлт атына балағат сөз айту, намысына тию оқиғалары жиілеп кетті. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуына қатысты теріс пікірлер жетерлік. Кейбір ұлт өкілдері 90-шы жылдары өздерін Қазақстаннан түре қуғаны туралы жалған естеліктер айтады. Қазақстан халқы ассамблеясы да, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті де жұмыс істемейтіні немесе дұрыс бағытта әрекет ете алмай отырғаны бірден көзге көрініп, бетке ұрып тұр", – дейді Дәурен Укин.

Ол пандемияны алға тарта бермей, ең құрығанда Zoom көмегімен диаспоралар арасында кездесулер өткізуді, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынады. Яғни, "ашық онлайн жүздесулер" жолға қойылғаны, онда әртүрлі этнос өкілдерінің белді тұлғалары, сыйлы өкілдері, ҚХА депутаттары мен мүшелері ақыл-кеңес, уағыз сөз айтқаны жөн.

Қоғам қайраткеріне Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Болат Мажағұлов жауап берді.

"Қазақстандағы әртүрлі этностар арасында мемлекеттік тілді дамытуға, ұлтаралық төзімсіздік фактілерін талқылап, пікір алмасуға арналған диалог алаңын немесе ашық онлайн кездесулер алаңын құру туралы ұсынысты біз ескердік. Алайда мұндай іс-шараларды пысықтау уақытты талап етеді. Өйткені әртүрлі әрі майталман мамандарды, сарапшыларды тарту қажет", – деді Б.Мажағұлов.

Ол өз орынбасары Еркін Үйсімбаевтың Д.Укинге телефон шалып, әлгі мәселелерді онымен талқыға салғанын жеткізді. Әңгіме барысында комитет төрағасының орынбасары қоғам белсендісіне осы мәселелермен Қостанай облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясына, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасына, сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне жүгінуге кеңес беріпті.

Айта кету керек, тіл комитеті қаңтардан бастап Білім және ғылым министрлігіне кетуге әзірленіп жатыр. Шенеуніктердің бір-біріне итере салуы салдарынан жауапты орган табылмай, тіл де, ұлтымыздың қадірі де төмендеп кетуі ғажап емес. Бұған әрине, жол беруге болмайды.

Бірақ қазақтарда алаңдаушылық бар. Мысалы, Семей қаласының тұрғыны Динара Қасембаева Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Кенжетаеваға өтініш жазуға мәжбүр болыпты.

"Біз тұратын Қабанбай батыр көшесі, 89 мекенжайында, 1-ші қабаттың қабырғасына түрлі-түсті картина ілінген, онда діни икона бейнеленген. Ол қабырға 1-ші қабаттағы дүкенге тиесілі. Оның иесі мұнымен шектелмей, аулаға қарайтын үлкен терезеге де иконаларды бекітіп қойған. Дүкен қожайынының өзі 4-ші қабатта тұрады. Олардың баспанасынан ұдайы діни қоңырау соғылып тұрады. Мен бұған дейін де осының қаншалықты заңға сәйкестігін түсіндіруді сұрап өтініш жазғанмын, алайда оны қараудан билік органдары бас тартты. Жалпы, қоғамдық орындарға осындай діни картиналар ілуге, үйде діни қоңырау соғуға қарапайым адамдардың құқығы бар ма? Өйткені ол аумақта мұсылмандар көп тұрады", – дейді семейлік тұрғын.

ШҚО әкімдігі оған жауап бермепті. Тек өтініш қарауда жатқанын хабарлаған.  

Қазақстанда "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" арнайы заң бар. Заңгерлердің түсіндіруінше, онда "Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар" деп аталатын шағын ғана 9-бап қарастырылған. Онда діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (мешіт, шіркеу, костел, синагога, т.б. ғимараттарда), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ өңірлердің жергілікті атқарушы органы арнайы белгілеген тұрақты орынжайларда таратуға ғана жол берілетіні айтылған. Қайда ілуге болатыны айтылмаған. Дегенмен, елдегі ахуалға орай бұл заңды да өзектілендіріп, жетілдірген абзал.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу