Қазақ тіліне қырын қарайтын қаржы ұйымдары

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3079

Іnbusiness.kz екінші деңгейлі банктердің ресми сайттарын "сүзіп" шықты.

Қазақ тіліне қырын қарайтын қаржы ұйымдары

Ұлттық банк ұсынған ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда екінші деңгейлі 28 банк бар. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп отырған жоқ. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Іnbusiness.kz банктердің ресми сайттарының қазақша нұсқасына шолу жасап көрді.

"Al-Hilal" банкі (www.alhilalbank.kz). Шариғат шартына сай жұмыс істейтін банктің ресми сайты үш тілде – қазақша, орысша және ағылшынша хабар таратады. Жаңалықтарды үш тілде жедел әзірлеп, жариялайды. Сайттың қазақша нұсқасының жұмысын оң бағалауға болады. Мәтіндерінде "майысқан" сөздер мен дүдәмал дүниелер жоқ. Оқыған адамға түсінікті әрі жеңіл қабылданады. Ел халқының жартысынан көбі мұсылман екенін, сондай-ақ оның дені қазақ тілді екенін ескерсек, банктің мемлекеттік тілге ерекше мән беруі заңдылық және экономикалық тұрғыдан тиімді.

"Altyn Bank" (www.altynbank.kz). Қазақстан нарығында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан қаржы ұйымы үш тілде хабар таратады. Ресми сайтының қазақша нұсқасы мерзімінде толтырылғанымен, жарияланымдардың сапасы сын көтермейді. Қазақша нұсқасын орысшадан аудару арқылы толтыратыны байқалып тұр. Мәтіндерінде "қан-сөл жоқ". Қатеден де көз сүрінеді.  

Мәселен, банк туралы ақпараттың алғашқы сөйлемі мынадай: "АО "Altyn Bank" (ДБ China CITIC Bank Corporation Limited), бұрынғы - "HSBC Банк Қазақстан" АҚ ЕБ, Қазақстанның банктік нарығында 1998 жылдан бастап бар, корпоративтік және жеке тұтынушыларға арналған өнімдер мен қызметтердің түр-түрі бар әмбебап коммерциялық банк болып табылады". Біріншіден, аудармашы ыждаһаттылық танытпаған. Әйтпесе, сөйлем басындағы "АО" (Акционерное общество) деген қысқартылған сөзді "АҚ" (Акционерлік қоғам) деп аударып, ережеге сәйкес, банк атауынан кейін қояр еді ғой. Екіншіден, сөйлем дұрыс құрылмаған. "Altyn Bank" АҚ – Қазақстан нарығында корпоративтік және жеке тұтынушыларға 1998 жылдан бері түрлі өнімдер мен қызметтер ұсынып келе жатқан әмбебап коммерциялық банк" деп аса күрделендірмей, жинақы жазса да болатын еді.

Банк туралы негізгі ақпараттың алғашқы сөйлемі осындай болған соң, сайттың қалған бөлімдерінде не болып жатқанын өзіңіз бағамдай беріңіз.

"AsiaCredit Bank" (www.asiacreditbank.kz). Сайттың қазақша нұсқасы дер кезінде жаңартылады. Дегенмен интернет ресурсқа жүктелген банктің ішкі құжаттарының қазақшасы жоқ. Бәлкім, қазақшаға аударылмаған дегеніміз дұрыс шығар. Мәселен, банктің әр жылдардағы қаржылық есебі жинақталған бөлімде шикілік бар. Мұндағы кейбір жиын хаттамаларының, қаржылық есептердің мемлекеттік тілдегі нұсқасын таба алмадық. Орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқалары менмұндалап тұр. Осы олқылықтың орны толса, сайттың қазақ тіліндегі нұсқасына көптің көңілі толары сөзсіз.

"Bank RBK" (www.bankrbk.kz). Бірді-екілі орфографикалық қателерге кешіріммен қарасақ, сайттың қазақша нұсқасын бас бармақпен бағалауға болады. Айтпақшы, сайттың дизайны да тартымды.

"Capital Bank Kazakhstan" (www.capitalbank.kz). Банктің қазақша нұсқасының негізгі беті мемлекеттік тілде болғанмен, ішкі бөлімдері қазақшаланбаған. Банк туралы ақпараттың өзі орысша берілген. Қазақша мәтіндері сапасыз жазылған. Тікелей аударма жасалғаны көрініп тұр. Жеке тұлғаларға арналған бөлімдегі ақпараттар да орыс тілінде орналастырылған.

"First Heartland Bank" (www.fhb.kz). Көпшілікке аса танымал емес, бірақ Қазақстан нарығында 1994 жылдан бері келе жатқан банк сайтының қазақша нұсқасы көңіл көншітпейді. Кейбір бөлімдерінде қазақшаланбаған абзацтар бар. Банктің әр жылдардағы қаржылық есебі орыс тілінде ғана жүктелген. Сайттың қазақша нұсқасын есеп үшін жасай салғандай.

"First Heartland Jýsan Bank" (www.jysanbank.kz). Бұл – бұрынғы "Цесна банк". Сайттың қазақша нұсқасы аударма екені байқалады. Өйткені жаңалықтар алдымен орыс тілінде шығады да, кейін қазақ тілінде жарияланады. Банк бөлімшелері топтастырылған бағандағы қала атаулары орысша (Усть-Каменогорск, Экибастуз, Уральск және т.б.) берілген.

"ForteBank" (www.fortebank.com). Бір қарағанда қазақша нұсқасы тәп-тәуір көрінгенмен, ресми сайттың бірнеше бөлімі қазақшаланбаған. Мәселен, сайттағы ForteMarket бөлімінің қазақшасы жоқ. Сол секілді "PREMIER" деген бөлім де қазақшадан жұрдай. Инвесторларға арналған "IR" қосымшасы да мемлекеттік тілде толтырылмаған. "Саяхат" бөлімі де қазақ тілділерге арналмаған.

"Kaspi Bank" (www.kaspibank.kz). Қызметіне қазақтар жиі жүгінетін "Kaspi Bank" мемлекеттік тілге шекесінен қарап отыр. Қаржы институтының әлі күнге дейін қазақша нұсқасы жоқ. Бұл туралы банктің FACEBOOK әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына жазғанымызда "Қазіргі уақытта біз сайтты және ұялы қосымшаны қазақ тіліне аудару бойынша жұмыс жүргізудеміз. Аударма осы жылы жоспарланған" деген жауап алдық.

"Алматы қаласындағы Қытай сауда-өнеркәсіп банкі" (www.icbcalmaty.com). Қазақшасы атымен жоқ. Сайты да түсініксіз.

"Альфа-банк" (www.alfabank.kz). Ресми сайттың ана тіліміздегі нұсқасы орысшадан аударылатыны анық байқалады. Дегенмен қазақшасын кемшіліксіз жүргізіп келеді.

АТФБанк (www.atfbank.kz). Сайттың қазақша нұсқасы нашар. Бір бөлімге кіріп, қайта шыққанда интернет ресурстың тілі автоматты түрде орысшаға ауысып кетеді. Сайттың тілін ауыстырамын деп отырып әбден діңкең құриды. Сайттың жылжымайтын мүлікке арналған бөлімі қазақшаланбаған. Кейбір бөлімдердің атауы да орысша берілген.

"Банк Kassa Nova" (www.kassanova.kz). Қазақ бөлімінің жаңалықтар бағаны орысша толтырылған. Жеке және заңды тұлғаларға арналған ақпарат негізінен орыс тілінде жазылған. Ішкі құжаттардан да бір ауыз қазақша сөз таба алмадық.  

"Еуразиялық банк" (www.eubank.kz). Биыл 25 жылдығын атап өтетін банктің қазақша нұсқасы жап-жақсы. Сайттың бөлімдері қарапайым әрі түсінікті тілмен толтырылған.  

"Заман-Банк" (www.zamanbank.kz). Бұл банктің де қазақшасы тәп-тәуір. Бірақ қаржы институтының нарықтағы белсенділігі төмен секілді. Оны сайттағы ең соңғы жаңалықтың 2018 жылдың 16 қазанында жарияланғанынан-ақ аңғаруға болады. Содан бері банкте ешқандай жаңалық болмағандай.  

"Халық банк" (www.halykbank.kz). Еліміздегі ірі банктің қазақша нұсқасы өзгелерге үлгі боларлықтай. Түсінікі. Ыңғайлы.

"ҚАЗАҚСТАН-ЗИРААТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАНКІ" (www.kzibank.kz). Бұл банктің қазақша нұсқасы туралы бірдеңе айтудың өзі артық. Мұндағылар айды аспанға шығарып, сайтқа: "казакшасы жок" деп жазып қойыпты.     

"Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" (www.hcsbk.kz). Банктің қазақша нұсқасы әуелден жоғары деңгейде еді. Қазір де бұрынғы биігінде тұр.

"Нұрбанк" (www.nurbank.kz). Интернет ресурстың барлық бөлімі қазақшаланған. Десе де сайттың кейбір мәтіндерінен түсініксіз сөйлемдерді көзіміз шалды. Бұған қоса мұнда депозит атаулары мемлекеттік тілге аударылмаған.    

"Пәкістан Ұлттық банкінің" Қазақстандағы еншілес банкі (www.jscnbp.kz). Сайттың қазақша бөліміне банктің үш жылғы қаржылық есебі орналастырылған. Алайда қаржылық есептің қазақша нұсқасы жоқ. Банктің нарықтағы белсенділігі төмен болғандықтан шығар, "Жаңалықтар" бөлімі ең соңғы рет өткен жылдың қыркүйегінде жаңартылған.

"Ситибанк Қазақстан" (www.citibank.com). Аты да, заты да беймәлім банктің ресми сайтының қазақша да, орысша да нұсқасы жоқ. Сайт ағылшын және испан тілдерінде хабар таратады.

"ЦентрКредит Банкі" (www.bcc.kz). Сайттың қазақша нұсқасына мін тағу қиын. Тиянақтылықпен толтырылған.

"Шинхан Банк Қазақстан" (www.shinhan.kz). Қазақша нұсқасындағы қателерден аяқ алып жүре алмайсыз. Бірақ сайттың барлық бөлімі қазақшаланған.

"Tengri Bank" (www.tengribank.kz). Ресми сайттың қазақша бөлімінің жұмысы дұрыс жолға қойылған.

"Ресей Жинақ банкі" (www.sberbank.kz). Шетел банкі болса да, мемлекет алдындағы міндетін сезініп отырғаны байқалады. Сайттың қазақша нұсқасын талапқа сай жүргізуде.

"Қазақстандағы Қытай Банкі" (www.boc.kz). Сайттың қазақша бөлімі орысшадан аударылады. Тікелей тәржімаланған тілді түсіну және қабылдау өте қиын.  

"Банк ВТБ" (www.vtb-bank.kz). Сайттың қазақша нұсқасы уақытылы толтырылғанымен, тілінде шұрай жоқ.

"Хоум Кредит Банк" (www.homecredit.kz). Қазақ тілді орта көп жүгінетіндіктен, қазақ тіліне ерекше мән беріп отырғанын аңғару қиын емес. Дегенмен банктің филиалдары мен терминалдарына арналған бөлім қазақшаланбаған.

P.S. Біз еліміздегі екінші деңгейлі 28 банктің сайтын сүзіп шықтық. Көңілге кірбің түсірер кемшілікті көрдік. Бұдан қаржы ұйымдары сайттарының тілін дұрыстаса деген тілек туды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу