Қазақ тілі бизнестің тіліне айнала ма?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4425

Көпшілік алыс-беріс пен барыс-келістің бәрінде қазақ тілінің үстемдік құрарына сенеді.

Қазақ тілі бизнестің тіліне айнала ма?

Бұрын бизнес ауылды айтпағанда, қала қазағы үшін де беймәлім бір әлем еді. Қазір екінің бірі несібесін осы бизнестен іздеп жүр. Әсіресе, соңғы жылдары қазақ тілді ортаның кәсіп ашып, сауда жүргізуге деген құлшынысы артты. Қазақша бизнес әдебиетке деген сұраныс өсіп, қазақ тілді бизнес-тренерлердің дәурені басталды. Демек қазақ тілі бизнестің де тіліне айналғаны ғой. Бәлкім, қазір байқалып отырған үрдістер сол жолда жасалған алғашқы қадам шығар.

Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман мемлекеттік тіл әзірше бизнестің тіліне айнала қойған жоқ деген пікірді алға тартып отыр. Десе де, халық қалаулысы болашақта қазақ тілі ғылымның да, бизнестің де тіліне айналарына сенімді.

"Жуырда Мәжілісте қазіргі қазақ терминологиясына қатысты жиын өтті. Сол жиында терминология саласында шешімін таппаған көп проблеманың барына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қазақ терминологиясын, оның ішінде халықаралық терминдерді, аудармаларды бірізге түсірмейінше, қазақ тілінің кез келген салаға кірігіп кетуі қиындау. Егер мүдделі топтардың бәрі бірігіп, терминология мәселесін реттесе, қазақ тілі бизнестің де, ғылымның да, басқа саланың да тіліне айналады. Оған шүбәңіз болмасын. Өйткені, қазақ тілінің әлеуеті зор. Осы орайда мемлекеттік тілді латын графикасына көшіруге қатысты проблемалардың барын да айтпай кетуге болмайды. Қоғамның латын графикасына деген көзқарасы қақ жарылып тұр. Уақыт ұзатпай осы мәселені де біржақты еткен абзал. Қазақ тілінің келешегіне мұндай факторлар түбінде кері әсерін тигізеді", – дейді Кәрібай Мұсырман.

Белгілі бизнесмен Марғұлан Сейсембайдың пікірінше, қазақ тілі бизнес саласына сыналап кірігіп келеді. Ол бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру керек деп санайды.

"Басқаны емес, кәсіпкер ретінде өзімді мысалға алайын. Қазір бизнесімді жүргізу барысында қазақ тілін жиі болмаса да, пайдаланамын. Сұраныс бар. Пайызға шақсақ, кәсібімнің шамамен 30 пайызы қазақ тілінде жүргізіледі. Жалпы, араласатын негізгі ортам орыс тілді. Бизнесте орыс тілін көп қолданатыным сондықтан. Бір аңғарғаным, қазір шағын және орта бизнесте қазақ тілді азаматтар өте көп. Ал орыс тілділердің дені ірі бизнесте жүр. Бүгінде менен ақыл-кеңес сұрайтындардың басым көпшілігі қазақ тілді ортаның өкілдері. Ендеше қазақ тілі бизнес саласында да қанат жайып келеді деп айтуға негіз бар. Бірақ кемшіліктер де жетерлік. Қазақ тілі – образды тіл. Онымен көп дүниені тура мағынасында жеткізе алмайсың. Сондықтан бизнес, қаржы саласына қатысты қазақша жаңа сленгтерді қалыптастыру керек. Бұған өзім де атсалысып жүрмін. Ағылшын сөздерін қазақшалап, қоғамда мейлінше кең қолданылуына бейілді болуға тиіспіз", – дейді Марғұлан Сейсембай.

Баспагер, бизнес туралы бірнеше кітаптің авторы Бақытжан Бұқарбай да қазақ тілінің бизнестің тіліне айналарына шүбә келтірмейді.

"Тіл жанашыры ретінде қазақ тілінің кез келген саланың тіліне айналатынына сенемін. Іскерлік әдебиетке бет бұрғаным да сондықтан. Ана тілімізді кез келген салада қолдану үшін жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақ тілінде сөйлей беру керек. Мейлінше, оны көп қолдану қажет. Мәселе сосын өздігінен-ақ шешіледі", – дейді Бақытжан Бұқарбай.

Оның айтуынша, ағылшын сөздері, кірме сөздер қазақ тіліне дұрыс аударылмайды.  

"Бизнес кітаптарды әзірлеу барысында көптеген мәселемен бетпе-бет келдік. Мәселен, "хеджирование" деген сөз бар. Ағылшын сөзі. Соны қазақ тіліне "сақтандыру" деп аударыпты. Терминкомның қалай аударғанын білмейміз, әйтеуір аудармашы ғалымдарымыз "сақтандыру" деп беріпті. Ал бұл сөздің нақты тәржімасы – валюталық тәуекелдерді сақтандыру. Қазақтың болмысында болмаған соң, қате аударылған. Әйтпесе, сақтандыру – "страхование" ғой. Тағы бір мысал келтірейін. Бизнес саласында "Менеджер по продажам" деген бар. Орыстар мұны әртүрлі жағдайға байланысты "продавец", "продажник", "продаван" деп қолданады. Ал бізде барлық жағдайда "сатушы" дейді. Қазақ тілі бизнестегі процестердің ұсақ-түйек нюанстарын әлі жеткізе алмай жатыр. Біз осының бәрін қалыптастыруымыз керек. Қазақ тілі бизнестің тілі ретінде дамыды деп айта алмаймын. Бірақ дамытуға тиіспіз", – дейді баспагер.

Ол өз еңбектерін аса күрделендірмей қолданыстағы қарапайым сөздермен жазуға тырысатынын айтты. Сол үшін тіл мамандарының сынына да жиі ұшырайды екен.

"Мені "қазақ тілінің байлығын дұрыс пайдаланбайды" деп жиі сынайды. Мақсатым – тілдің байлығын паш ету емес. Өз басым қолдануға жеңіл, есте сақтауға оңай функционалды қазақ тілінің қалыптасқанын қалаймын. Функционалды тіл көркем тілден әлдеқайда артық. Себебі оны күнделікті өмірде қолданасың. Ал көркем тілді тұрмыста толықтай қолдану мүмкін емес. Бұл кез келген қоғамда кездесетін жағдай. Мысалы, "Википедияның" тілдер бағанында ағылшын тілінің екі түрі тұр. Біріншісі – English. Екіншісі – Simple English. Алғашқысы – сөзге бай, шұрайлы тіл. Соңғысы – қарапайым, қасаң тіл. Simple English бәріне түсінікті тіл. Осы секілді бізге де функционалды қазақ тілі керек", – дейді Бақытжан Бұқарбай.

Оның пікірінше, жекеменшік баспалар үшін функционалды қазақ тілін қолданудың экономикалық тиімді тұсы бар.

"Біз кітапты өз қаражатымызға шығарамыз. Тілдің қарапайым болғанын қалаймыз. Себебі бір бетке-ақ сыятын дүниені көркемдеп, суреттеп 10 бетке созатын болсақ, кітап шығаруға жұмсалатын шығын да көбейеді. Ал мемлекет қаржысына кітап шығаратындар бұған бас қатырмайды. Өйткені ақшаны өз қалтасынан төлемейді", – дейді ол.

Бақытжан Бұқарбай қазақ тілді контентті көбейту үшін шетелдік бизнес әдебиеттерді ана тілімізге аударудың маңызы зор дейді. Алайда бұл бағытта да көңіл бөлерлік проблемалар бар.

"Шетелдің бизнес әдебиеттерін қазақшаға аударған дұрыс, әрине. Бірақ бұл процестің өзіндік талаптары бар. Бізде сол талаптар сақтала бермейді. Шетелдік әдебиеттерді аудару үшін авторлық құқықты сақтау керек. Ресми түрде рұқсат алу қажет. Рұқсатсыз аудару дұрыс емес. Ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Осыны ескерген жөн.  Мысалы, AmalBooks баспасының кезекті жобасының бірі – ресейлік маркетолог Игорь Манның "Номер 1" кітабын қазақшаға аудару. Біздің компания бұл кітапты қазақ тілінде шығару үшін авторлық құқық иесінен сатып алды. Қазақша сапалы контентті көбейту осыдан басталады", – дейді Бақытжан Бұқарбай.

Бизнес тақырыбын қаузап жүрген қаламгер Арман Әлменбеттің айтуынша, қоғамда қазақ тіліне деген табиғи мұқтаждық қалыптасып келеді.

"Бұрын қазақ тілін ауылдықтар ғана қолданатын. Қазір қазақ тілі өздігінен қалаға кірді. Бүгінде орысша ақпаратты қабылдай алмайтын, орысша кітап оқымайтын адамдар көп. Киноны қазақша көргенді ұнататын адамдар бар. Осылайша қазақ тіліне деген табиғи мұқтаждық қалыптасуда. Алдағы уақытта ел халқының жартысынан көбі қазақ тілін қолданатын болады. Бірақ, біздің билікте "проблеманың бәрі қазақ тілділерден шығады" деген теріс түсінік бар. Осыдан арылуға тиіспіз. Деректерге сүйенсек, түлектердің 80 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады екен. Демек қазақша білім алған адамға бизнесті қазақша жүргізген әлдеқайда тиімді", – дейді жазушы.

Арман Әлменбет қазақ тілін бизнестің тіліне айналдыру үшін бизнес туралы қазақша фильмдерді көп түсіру керек дейді.

"Кино – қуатты құрал. Ондағы диалогтар халықтың санасында жатталып қалады. Кинодағы диалогтарды тіл мамандары қадағалауы керек. Сонда бәрі бірізге түседі. Сондай-ақ жазушылар бизнес туралы кітаптар жазуға тиіс. Бизнес – бүгінгі өмір. Ендеше жазушылардың кейіпкерлері де өздігінен кәсіпкерлерге айналуы керек. Мұның бәріне мемлекеттің қолдауы қажет. Тарихқа зер салсақ, орыс тілі ертеде қара халықтың тілі болған. Орыс зиялылары француз тілінде жазған, сол тілде сөйлеген. Кейін орыс тілі бай мен кедейге ортақ тілге айналды. Ағылшын тілі де осындай кезеңнен өткен. Қазақ тілі де бұл кезеңнен өтуге тиіс. Өтпей қалуы да мүмкін. Өтіп кетуі үшін біз атсалысуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар әлдеқашан істелуі керек еді. Әлі де кеш емес, әрине", – дейді Арман Әлменбет.

Байқағандарыңыздай, қазақ тілі бизнес саласына да кірді. Алыс-беріс пен барыс-келістің бәрі өз тілімізде жүргізіле бастады. Жоғарыда есімдері аталған сарапшылар да қазақ тілінің бизнестің тіліне айналарына сенеді. Біз де сенеміз. Себебі, болашақ – қазақ тілінде.

Ал сіз бизнестің қазақша сөйлейтініне сенесіз бе?

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу