Сая Итеғұлова: Неге "паркинг" сөзін "паркиң" деп айтпасқа?

3019

Қазақ терминологиясын біріздендіру мәселесі талқыланды.  

Сая Итеғұлова: Неге "паркинг" сөзін "паркиң" деп айтпасқа?

Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығында "Қазіргі терминология: ұлттық немесе жаһандық" тақырыбында онлайн өткен әдістемелік семинарда қазақ терминологиясын ғылым тілі ретінде қалыптастыру, терминдерді жүйелеп, біріздендіру және бірнеше баламасы қатар қолданылып жүрген шетелдік терминдерді игеру мәселесі талқыланды.

"Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қолданбалы лингвистика басқармасының басшысы Сая Итеғұлова терминдерді біріздендіру туралы ойымен  бөлісіп: "Қазіргі таңда терминдерді жүйелеу және біріздендіру өзекті мәселе. Яғни шеттілдік терминдерді қалай қабылдаймыз деген сұрақ туындауда. Әсіресе орыс тілінен енген терминдерді сол күйінде қабылдаймыз ба әлде ұлттық тіліміздегі баламаларға сәйкестендіреміз бе? Бұрын орыс тілі кірме сөздерді қабылдайтын донор тіл болды. Мысалы, "революция", "администрация", "паркинг" деп орысша қалай айтылса, солай қабылдадық. Неге бізге "паркиң" деп айтпасқа. "Халықаралық термин" деген сөздің өзі шартты ұғым. Себебі терминдерді бекітіп отырған халықаралық ұйым жоқ. Кезінде Кеңес Одағы құрамына кірген 15 республикаға ортақ термин таратылып, "аударуға болмайды" деді. Ал бүгінгі халықаралық тәжірибеге қарасақ, қытай болсын, ағылшын болсын, кез келген дамыған елде терминдерді өзінің ұлттық тілінің заңдылықтарына ыңғайлап, аударып алады. Егер ол елдер терминдерді аудармай алса, өздерінің фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіріп, "сындырып" қабылдайды. Бізде де осы мәселеге мән беретін кез жетті", – деді.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы филиалының оқытушысы Болат Жексенғалиев болашаққа жүк болмауы үшін кірме сөздер мәселесін бүгін шешу қажеттігін айтты.

"Қазір елімізде басталған жазу реформасының басты мақсаты – қазақ тілінің табиғи болмысын сақтау, тілдегі "тіл бұзар ережелерден" арылу деп түсінеміз. Сондықтан да кірме дыбыс пен таңбалардың, шеттілдік сөздердің тілімізде қолданылуы мәселесіне байланысты түпкілікті байлам мен шешімге келу маңызды. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуы мен емлесінде шешімін күткен осы мәселелер болашаққа жүк болмауы үшін бүгін шешілгені дұрыс. Өзге тілден сөздерді қазақ тіліне қызмет етуі үшін алдық қой. Ал тілімізге қызмет етсе, тіл заңына бағынуы керек", – деді ол.

Семинарда Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің  профессоры, м.ғ.д. Балаш Түсіпқалиев қазақ тіліндегі терминдердің медицина саласындағы сапасы жайлы ойын ортаға салады.

"Педиатрия, терапия, акушерлік іс, гинекология және медицинаның басқа  да салаларында сөздік шығаратын уақыт жеткен сыңайлы. Сөздікті салалық және тіл мамандары бірлесіп әзірлеуі керек. Жалпы, Қазақстанда медицина саласы бойынша терминдер жасалуда. Тек бір кемшілігі, осы терминдерді дайындауда қолайсыздықтар бар. Әсіресе, оқулықтар жазып жатқан оқытушы-ғалымдар бір-бірімен толық байланыс орнатпаған. Ал, әртүрлі медициналық жоғары оқу орындарындағы терминологиялық топтар тиісті деңгейде бұл мәселені шеше алмай отыр. Сондықтан әрбір жоғары оқу орнында осыған жауапты ресми орган болуы керек",  – деді ғалым.

Семинар барысында баяндамашылар әртүрлі саладағы жекелеген терминдерге тоқталып, ұлттық терминологияны жетілдірудің әсері мен салдарын талқылады. 

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу