Үкімет 28 жылда бір де бір заңды қазақша дайындамаған

Мемлекеттік органдар рейтингіне қазақ тілінде құжат дайындау сапасы кіруі мүмкін. 

Үкімет 28 жылда бір де бір заңды қазақша дайындамаған

Қазақ тілінде дайындалмаған заң қазақ мүддесіне жұмыс істей ме? Заң шығарушы орган өкілдері мен ғалымдар осы тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Сенатор Мұрат Бақтиярұлының бастамасымен өткен жиында қатысушылар бұл мәселенің әбден жауыр болғанын, бірақ нақты нәтиже жоқ екенін ашынып айтқан болды. Парламент Мәжілісінің Заңнама, сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Дулатбеков  бүгінге дейін заңды қазақша сөйлету бойынша Парламент қабырғасында талай резолюция қабылданғанын, бірақ соның бәрі желге ұшып, нәтиже бермегенін сынады.
Ал заң аудармасымен тікелей жұмыс істеп жүрген қауымның атынан сөйлеген Дәуітәлі Омашұлы мәселе Үкіметтің ниетіне ғана байланысты деген ой айтты. Мәжіліс аппаратындағы  редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі тәуелсіздік алған 28 жылда Үкімет өз-өзі болып бір де бір заңды қазақша дайындамағанын еске салды.

"Осы күнге дейін заң жобаларының 90%-ан астамын әзірлейтін Үкімет бір де бір жобаны ана тілімізде дайындамапты. Бүкіл күш пен қаржы қолында десек те, Үкіметтің осы күнге дейін шыбық басын сындырмай отырғанын еш нәрсемен түсіндіре алмаймыз. Сондықтан да Үкіметіміз бұл мәселені алдағы уақытта мықтап ойлануға тиіс", – деген Парламент  аппаратының өкілі Үкімет бұл істен қаржы аямау керек деген пікір айтты. Ол сондай-ақ заңды қазақша сөйлету ісін аудармашлырадың ғана мойнына іліп тастау  немқұрайдылық екенін ескертті. 

Жалпы тәуелсіздіктің 28 жылында небәрі екі заң ғана қазақ тілінде дайындалған. Оның бірі – Көші-қон туралы заң болса, екіншісі – Бала құқықтары жөніндегі заң.  Бірі Әкім Ысқақтың күш салуымен әзірленсе, екіншісі Фариза Оңғарсынова бастамасымен қолға алынған. Қазіргі депутаттар тіл жанашыры ретінде қанша шырылдағанмен, дәл сондай қайраткерлік көрсете алмай келеді.

Сенатор Ләззат Сүлеймен кейінгі жылдары бірнеше облыста қазақ тілінде жүргізілетін сот істерінің саны 3 есеге азайып кеткенін айтып, дабыл қақты. Жоғарғы Сот жанындағы  Сот төрелігі академиясының профессоры  Әділ Құрықбаев мұны қазақ тіліндегі заңның түсініксіздігінен көру керек деп ақталды. 

"Бізде кеше ғана қабылданған заңға өзгертулер енгізіліп жатады. Заңның тұрақсыздығы оның сапасына күмән тудырады. Жаңа қабылданған заңға бір жылдың ішінде 100-ден астам өзгерту мен түзету енгізілгенін көрдік. Ал оның қазақ тіліндегі нұсқасын қарапайым азамат түгіл заңгерлер де ұқпайды. Судьялар істі қазақ тілінде қарап отырған кезде де қазақша мәтінге сүйенбейді. Бәрі орысша мәтінге сүйене отырып, қазақша іс жүргізеді", – дейді сот өкілі.

Мемлекеттік органдар дайындаған халықаралық шарттар мен заң жобаларының мемлекеттік тілде сапалы дайындалуын олардың  қызмет тиімділігін бағалау рейтингіне нысаналы индикатор ретінде енгізу туралы да ұсыныс айтылды. Ал "Серпін" білім және инновация ұлттық палатасының  басшысы Мұрат Әбенов  заң жобасы қазақ тілді ортада талқыланбаса, оның қазақ тіліндегі нұсқасы сапасыз болып қала береді деген пікір айтты.

"Заң шығару процесі бірнеше сатыға бөлінеді. Бірінші саты – заң шығару керек пе, жоқ па деген талқылау, ұсыныс жасау сатысы. Ол жерде біз қазақ тілін пайдаландық па? Қазақ тілді ортада бұл талқыланды ма? Екінші саты – заң қандай болу керек деген сұраққа қоғамдық пікір мен мамандардың ойын, мемлекеттік органдар ұстанымын ортаға салу сатысы. Өкінішке қарай, қазақ тілінде болашақ заңды талқылау, оны жан-жақты қарау процесі көп жағдайда жоқ. Заңды әзірлеу осы екі сатыдан кейін келеді. Алдыңғы екі кезеңде қазақ тілі қатыстырылмаса, жасалу кезеңінде оның қатысуы әлсіз болатыны түсінікті. Сол үшін қазақ тілінде заң талқылайтын білікті мамандардың ортасын қалыптастыру керек. Интернет дәуірінде мұның бәрі оңай шешіледі", – деді қоғам белсендісі.

Шара соңында айтылған сындар мен ұсыныстар негізінде бірнеше ұсыным жасалып, Әділет министрлігіне табысталды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу