"Алатаудың екі бауыры бар"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
8334

Қырғыз туристік қауымдастығының атқарушы директоры турист үшін таласудың қажеті жоқ екенін айтты.

"Алатаудың екі бауыры бар"

Орталық Азия елдері туризм индустриясының өкілдері Алматыда өткізілген халықаралық конференцияда аграрлы және экологиялық туризм арқылы бизнес-индустрияның тартымдылығын арттыруға болатынын айтты. Қазақстан атынан сөз сөйлеген туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шайкенова нарықтағы жағдай бір ізге түсті деуге әлі ерте екенін жеткізді.

"Бізде Алматыдан,  аудан орталықтарынан туристерді тиісті жеріне жеткізетін көлік мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Бұл отандық туризмді тұралатып тұрған негізгі себептердің бірі. Қазір Алматы облысындағы төрт ұлттық паркке туристерді апарып, алып келетін тұрақты көлік тасымалы жоқ. Біз осыны шешу жолын қарастырып жатырмыз", – деді директор.

Оның сөзінше,  2017 жылы  Алматы облысында  71 қонақ  үй болған.  2018 жылдың наурыз айында қосымша  10 қонақ үй ашылған.

"Бұл Алматы облысына келетін туристердің саны өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда көп екенінің көрсеткіші. Келген қонаққа жайлы жағдай жасай алмасақ, отандық туризм қалай дамиды?" – деді Рашида Шайкенова.

Сөз арасында ол Қазақстанға келіп кеткендердің барлығын турист деп  қабылдайтын түсініктен арылып келе жатқанымызды тілге тиек етті.

"Осы арқылы біз туризм сегментінде қай бағыттың  бізге жақынырақ екенін айқындадық.  Бізге  бес жұлдызды қонақ  үйлермен қатар қарапайым және бағасы қолжетімді қонақ үйлердің қажет болды. Біз осыны дер кезінде түсіндік", – деді туристік қауымдастықтың директоры.

Басқосу барысында  мәдениет және спорт министрлігі индустрия  және туризм  комитетінің төрағасы Майнұр  Мурзамадиева қонақ үй құрылысы және оның жобасы туралы кәсіпкерлерден  ұсыныс күтетінін алға тартты.

"Кезінде  "Туристік қызмет туралы" заңға  өзгеріс  енгізу туралы ұсыныс жасадық.  Енді ішкі туризммен айналысатын кәсіпкерлер үшін жеңілдік қарастыруды жоспарлап отырмыз", – деп түйді сөзін Майнұр  Мурзамедиева.

Осы жиында Қазақстанның туризм индустриясы үшін жағымды жаңалық болып қалуы  мүмкін екені жария болды. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы  кластерлік бюросының басшысы Кристина Товмасян  Бурабайды ЮНЕСКО-ның ғаламдық географиялық паркі санатына кіргізу бағытындағы жұмыс аяқталып қалғанын айтты. Ал Өзбекстандағы туристік қауымдастықтың атқарушы директоры Гүлчехра  Исрайлова тарихи-мәдени туризм мемлекеттің басым бағыты болып қала беретінін баяндады. Оның айтуынша, өзбек билігі 2016 жылдың аяғында туризмнің күре тамырына қан жүгіртетін тарихи шешім қабылдаған. Онда эко-туризм ауылдың инвестициялық жағдайын жақсартатын негізгі фактор ретінде қарастырылған. Нәтижесінде жеке тұлғалардың  бизнесті туризммен ұштастыруына  жол  ашылған.

"Туризм саласын дамытуға атсалысқысы келгендерге жылына 2% үстемеақымен несие беріледі және олар 2022 жылға дейін  салықтан босатылады", – деді  Гүлчехра Исрайлова.

Атқарушы директордың пікірінше, әлем Өзбекстанды Самарқанд немесе Бұхара деп қана біледі. Өзбекстанда адам аяғы баспаған бұдан да басқа көрікті жерлер бар.

Кезінде қазақ туризм индустриясының  өкілдері: "Қырғыздар  қазақ жеріне бет алған  туристерді өздеріне бұрып алып жатыр" деп наз айтқан болатын. Осыны еске алған қырғыз туристік қауымдастығының атқарушы  директоры Мырзабек Озубеков: "Алатаудың екі бауыры бар, ол бәрімізге  жетеді. Біз сіздерге  күш біріктірейік деп келдік. Қырғыздың Ыстық көліне келген шетелдік туристер Алатаудан асса Алматыға жетеді. Одан кейінгі тізгін өздеріңізде", – деді.

Бұдан кейін ол қырғыз елі эко және ауыл туризмі арқылы бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасап алғанын айтты.

"Біз виза мәселесін 2 күнде ғаламтор арқылы  шешуге қол жеткіздік", – деді ол.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу