"Алтын сапа" жаңашылдыққа толы"

2448

Астанада "Алтын сапа-2018" сыйлығының жеңімпаздары анықталды.

"Алтын сапа" жаңашылдыққа толы" Фото: atameken.kz

Елордадағы "ЭКСПО Конгресс орталығында" ел президентінің "Алтын сапа" сыйлығының жеңімпаздарын, "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсының және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі "Парыз-2018" конкурсының жеңімпаздарын марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті.

Биылғы жылы "Алтын сапа" конкурсында 182 кәсіпорын бақ сынады. Оның ішінде 78-і – шағын кәсіпкерлік, 76-сы – орта және 28-і – ірі кәсіпкерлік нысаны болды.

Жеңімпаздар төрт номинация бойынша сайысқа түсті. Нәтижесінде, бірінші "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын" номинациясы бойынша "Алтын Сапа-2018" байқауының лауреаттары болып, ірі кәсіпкерлік субъектілері арасынан шығысқазақстандық "СемАз" ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілері тобынан – жетісулық "ALUGAL" ЖШС, шағын кәсіпкерлік субъектілері ішінен батысқазақстандық "Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы" ЖШС танылды.  

Екінші "Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын" аталымында ірі кәсіпкерлік субъектілері арасынан солтүстікқазақстандық "Радуга" ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектілері тобынан Түркістан облысының "Бал Текстиль" ЖШС, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері арасынан жамбылдық "Novacom Technology" ЖШС озық шықты.

Үшінші "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын" номинациясында "Алтын Сапа-2018" ірі кәсіпкерлік субъектілері ішінен астаналық "МЫРЗА-ХАН" ЖШС-ға, орта кәсіпкерлік субъектілері тобынан елордалық "Теміржол көлігіндегі қазақстандық сертификаттау орталығы" ЖШС-ға, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері өкілі ретінде маңғыстаулық "БиКаДа" ЖШС-ға ұсынылды.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының хабарлауынша, биылғы жылы "Алтын сапа" байқауында жағымды өзгеріс бар. Оған сәйкес, енді ауыл шаруашылығы және тамақ өндірушілеріне арналған номинация пайда болды. Яғни, байқау тарихында алғаш рет отандық аграршылар да елбасының "Алтын сапа" сыйлығы үшін күресу мүмкіндігін иеленді.

Осылайша, жаңа "Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын" аталымында ірі кәсіпкерлік субъектісі қатарынан Алматы облысының намысын қорғаған "Рыбпром" ЖШС, орта кәсіпкерлік субъектісі – алматылық "БИЖАН" ет өңдеу кешені" ЖШС және шағын кәсіпорын – ақмолалық "Гормолзавод" ЖШС алдына қара салмады.

"Бұл біздің аграршыларымыз үшін тамаша жаңалық болды. Ол ендірілген соң, бұдан былай қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер де шабыттанып, өз кәсіпорындарында сапа менеджменті жүйесін белсенді ендіре бастайды деген үміттеміз", –дейді солтүстікқазақстандық делегат, кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Евгений Мамыкин.      

Оның түсіндіруінше, осы жылы "Алтын сапада" енгізіліп отырған, кәсіпкерлерді қуантуға тиіс жаңашылдықтардың тағы бірі – президенттік статуэткамен бірге ақшалай сыйлықтың тапсырылуы болса керек.  

"2018 жылдан бастап, барлық байқау жеңімпаздары "Алтын сапа" эмблемасы мен дипломдары сыртында 450 айлық есептік көрсеткіш (1 082 250 теңге) көлемінде ақшалай сыйлық алады. Президенттік марапатқа қоса, миллиондық қаражатқа ие болу әр тиынды бағалай білетін кәсіпкерлер үшін екі есе қошемет", – дейді сарапшы.   

Айта кету керек, биыл сонымен бірге іріктеу де күшейтілді. Бұдан былай байқау төрт кезеңмен өтетін болады. Нақтырақ тоқталсақ, білікті сарапшылардың кәсіпорынды зерттеуін қарастыратын жаңа кезең қосылды. Бұл ретте сарапшылар тобы тек ақырғы сын – финалға өткен кәсіпорындарға ғана сапарлайды. Бұл мамандардың өтінімде көрсетілген деректердің шындыққа сәйкестілігіне, кәсіпорынның жаңашылдықтарды шынымен өндірісте іске жаратып отырғанына өз көздерімен куә болуы үшін жасалуда.

Бұдан бөлек, осы жылы "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-конкурсы бойынша 153 шағын, орта, ірі бизнес субъектілері іріктеліп алынып, солар арасынан жеңімпаздар анықталады. "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" атағы "DOLCE" ЖШС (Алматы облысы), "Зерде – Керамика" ЖШС (Шымкент қ.), "Медидез" НПО  ЖШС-на (Қостанай облысы) берілді.

"Халыққа арналған үздік тауарлар мәртебесіне "West Line doors" ЖШС (Ақтөбе облысы), "Caspiy Lana Atyrau" ЖШС (Атырау облысы), "Dalatex" ЖШС (Қызылорда облысы) қол жеткізді.

"Үздік азық-түлік тауарлары" атағын "Шин Лайн" ЖШС (Алматы облысы), "ViZaVi Company" ЖШС (Солтүстік Қазақстан облысы), "Danone Berkut" ЖШС (Алматы облысы) иеленді.

Әр номинацияда жеңімпаздар дипломдар мен естелік эмблемаларға ие болды.

Осынау ауқымды шара барысында "Ұлы дала елі" қолшатырлық бренді конкурсының жеңімпаздары мен "Атамекен" ұлттық палатасы бекіткен "Iскер" арнайы сыйлығы иегерлерінің есімдері де белгілі болды. 

Марапаттау мемлекет басшысының қатысуымен өтетін "Индустриаландырудың екінші бесжылдығы" жалпыұлттық телекөпірінің аясында өтті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу