"Аш қалсам да Арбатқа бармаймын деп сөз бердім"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
15245

50-60 мың теңгеге зорға өткізетін картиналарымның құны 5-10 мың АҚШ долларына дейін көтерілді. 

"Аш қалсам да Арбатқа бармаймын деп сөз бердім"

Қаламынан шыққан картиналар  әлемнің бірнеше еліне танымал, абстракция сюрреализм бағытында Ресей, Жапония, Нидерларнд, Бельгия, Прагада көрмелерін өткізген   танымал суретші  Алпысбай Қазығұлов  abctv. kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

"Дала өнері" арт-галереясыңыз ашылып  жатқан күндері қазақ басылымдары "Арбаттан-Арт-галереясына дейін" деп жазды. Қазір қазақ суретшілері  картиналарының 90%-ы – Арбатта.  Кезінде Арбатта сіз  де жүрдіңіз.

Қазығұловтың арт-галереясы аспаннан түскен жоқ. Ол  әуелі - КСРО, сосын  1990 жылдардан бергі жылдары дүниеге келген шығармалардың жиынтығы. Арбатта мен де жүрдім. Арбат жайлы, кейбіреулер сарказммен айтатынын білемін. Бірақ ол 1990 жылдардың тоқырауында қазақтың сурет өнерін сергелдеңге түсуден сақтап қалды. Нарыққа икемделіп, қор жиғандары жеке шеберханаларын ашып кетті. Кейбірі қалды.

Арбаттан іргеңізді аулақ салуыңызға не себеп болды? Соны айтыңызшы енді..

1990 жылдардың ортасында сол кезде Мәдениет министрі болып жүрген Мұхтар Құлмұхамедпен бір жиында кездесіп қалдым. Әңгіме арасында "Арбатта"  картиналарымды сатып жүргенімді естігенін айтты. "Шеберханаңды аш, шығармашылықпен айналыс. Ақшаның соңына түсіп, саф өнеріңді тіршіліктің  қамытына жегіліп  алсаң, талантыңның  көзін тұмшалап аласың" деп кеңес берді. Содан, өзіме  аш қалсам да Арбатқа бармаймын деп cөз бердім. Құжырадай болса да шеберханаң болғаны дұрыс екен.  Ол  еңбегіңнің өз деңгейінде бағалануына мүмкіндік береді екен.  Бұрын Арбатта жүргенде 50-60 мың теңгеге зорға өткізетін картиналарымның бағасы 5-10 мың   АҚШ долларына дейін көтерілді. Отауымды Арбаттан бөліп алып кеткесін алыстан іздеп келіп, картиналарымды сатып алғысы келетіндердің саны артты. Бұл  картинаға күнкөріс көзі деп қарамауға септігін тигізді.  

– Картиналарыңыз қымбат дейді ғой...

"Асауды ауыздықтау" деген картинамды шетелдік азаматқа 10 мың АҚШ долларына  саттым. Біздегілер  ең қымбат дегенде  5-6 мың долларға ғана сатып алады. Орташа бағасы  3-5 мың доллар. Біраз елдерде көрме  ұйымдастырдым. Өнерімнің бағасын білемін.

Кезінде абстракция бағытындағы картиналарыңыз сынға ұшырады ғой,  бұған не дейсіз?

– Осыдан біраз бұрын шығармашылық көрме өткіздім. Ол туралы БАҚ жан-жақты жазды. Сонда пікір қалдырғандардың  бірі журналға "өмір аз, көңіл пәс"  деген жазба қалдырыпты. Бұл сөз көңіліме қатты әсер етті. Егер шығармашылығымда өмір аз, көңіл пәс болса, онда менің текке өмір сүргенім ғой.  Фотографиядан сурет өнерінің айырмашылығы соңғысында өмір мен көңіл күй бар. Екеуі де болмаса, шығармаңның деңгейі фотографиядан да төмен деген сөз. Өз шығармамды талдай келе картиналарымда өмір де, көңіл де бар   деген байламға келдім. Мұндай  шешім қабылдауға маған 30 жыл қажет болды. Шығармашылыққа 42 жылымды арнадым. Бүгінге дейін 7 мыңға жуық картина  салдым, соның барлығы сатылып  кетті.

Абстракциялық бағыттағы  идеяңыз бен картинаңыздың ұрланған кезі болды ма? Нақтылық болмаған дүниенің өңін айналдырып алу оңай ғой...

Абстракциялық бағыт өңін айналдыруға көнбейді. Ол жердің өз өсінен айналатыны сияқты түп қазығының айналасында шыр айналып жүреді.   Идеяның  да, картинаның да  ұрланған кезі болды. Қайта отырсаң, жалынан ұстатпайды. Сәтті шыққан дүниенің серті бар, ол қайта отырғанда бояуға да, қаламға да бағынбайды. Сөйтеді де сыр сандығын  құлыптап тастайды. Бұдан кейінгі әрекет бос әурешілік, тек іштен тыну ғана.

–  Қазақ қоғамының сурет өнеріне деген талғамына көңіліңіз тола ма? 

– Өнер туындысын сатып алу базар саудасы емес. Біздегі сурет өнерінде кәсіби сыншы аз. Бізде кей кезде суреттің деңгейін оның сапасы емес, сатып алушының талғамы шешеді. Талғамға  талас жоқ. Қазіргі талғам - мынау дала, мынау үй. Бәріне нақтылық керек.  Жасырынып, тығылып тұрған ойды оқығысы келмейді.  Сырт көз "нақтылық аз" деп қабылдайтын сан түрлі бояуда суретшінің философиясы  айғайлап тұр. Оны оқу, түсіну үшін уақыт керек.  

– Сіз сынды қабылдай алмайтын сияқтысыз немесе әлдекімдерге  өкпелісіз...

–  Сіз қандай сынды айтып тұрсыз, айтар  ойым  қолданған бояуыммен қабыспай тұр ма немесе көлегейлеп, жоққа  шығарып тұр ма? Журналист сіз емес, мүйізі қарағайдай сыншылардың өзі мен қолданған бояуға сын таға  алмайды. 42 жылдық тәжірибем бояу  тұрмақ, бояудың көлеңкесін де қандай жағдайда қолдану керектігін жіліктеп тұрып айтып бере алады. Қазақтар менің жазып отырғанымды түсінсе, төбесіне көтеріп жүрер еді. Мен өз деңгейімде жазамын, адамдар оны өз деңгейінде оқиды. Мен сыншы емеспін, бірақ өзімнің де, өзгенің де кемшілігін жіліктеп айтып бере алатын жағдайға жеттім.

 Онда неге академия  ашпайсыз?

– Академия ашатындар менсіз де жетеді. Бірден айтайын, ол бос әурешілік. Оған уақытымды жоғалтқым келмейді. Қазір қолымнан келетіні – жазу. Маған Алла тағала "жаз" деп күш беріп тұр. Сурет өнері  халықтың интелектуалдық байлығы. Әсемдік, мейрімділік тек картина бетінде ғана қалды ма деймін. Жақсы шығарма өзінің аурасын ғасырлар  бойы сақтайды. Леонардо да Винчидің "Мона Лизасының"  құпиясы  суретшінің өзімен кетті.

Өнер адамдарының  басым көпшілігі бірнеше сәтті дүниесінен кейін сарқылып қалғандай әсерде болады. Шығармалары солғын шығады. Ал сіз мың түрлі бояудың астында тығылып жатқан миллион ойды сезіндіресіз. Сізді рухтандыратын идея көзі не?

– Тұлға жарқ етіп шықты. Қоғамның назары соған ауды. Қоғам сол тұлғадан ұлы идея күтіп, іштен тынып тұр. Бірақ сол таланттан алғашқы туындысынан кейін ештеңе "тамбай қойды". Неге деген сұраққа жауап таппай қойдым. Себебі ол алғашқы дүниесінен кейін астамшылыққа бой алдырды. Сол астамшылық оның көкірегіндегі әсемдіктің жасушаларын өткізіп тұратын сүзгіні  бекітіп тастады. Таланттың қасіреті осы. Менің жүрегімде қызғанышқа орын жоқ. Жүрегімдегі сүзгінің көзі бітеу емес. Жан жағымдағы тазалықты сол қалпында қабылдаймын. Көктегі Жаратушы мен жердегі әсемдікті тудырушының арасындағы байланыс ғаламдық жаратылыстағы  ең қорғансыз құбылыс. Ол  ізгілік жолында жоқтан бар жасауға тартылыс заңдылығымен ұмтылады. Суретшінің міндеті – соны үйлесімділікпен,  мың түрлі бояумен  сөйлету. Егер күндердің күнінде менің идеям сарқылып бітсе,  өзімнің мінезім, пенделігім кінәлі болады. Мен содан қорқамын. 

Маған көшпенділер өркениетінің жалына тек суретшілер ғана жармасып қалған сияқты. Дала, сакральды ана бейнесі, тұлпар, жайлау. Бүгінгі заманның көрінісін суретшінің қиялы саясат деп қабылдай ма?

– Бүгінгі  заманның көрінісі деп сіз нені қабылдайсыз?  Саясат араласса, саф өнердің тұнығы шайқалады.   

Біз батырларымыз бен хандарымыздың қандай болғанын білмейміз. Сондықтан хандарымыз бен билеріміздің бейнелері жұмыртқадан шыққан балапан тәрізді болып жатыр. Айқындылық жоқ...

– Маған  тарихи жанр тартымсыз. Абылай немесе Кенесары ханның басын тауып, сол бойынша ұлы картина дүниеге келіп жатса, басымды иемін. Ондай мүмкіндік жоқ қой. Біз батырларымыз тұрмақ, хандарымыздың басына ие бола  алмай қалған ұлтпыз ғой. Олардың суретін қиялмен долбарлап, әруақтарының алдында күнәға батқым келмейді. Қайбір жылы Есік қорғанынан табылған  алтын киімді адамның суретін салмақ болғанмын. Оның да басы жоқ екен. Сонымен бітті бұл тақырып.

Шетелдік әріптестеріңіз қазақ картиналарында  шексіздік формуласы салтанат құрады дейді...

– Мұны мен де байқаймын. Бізде тау баласы тауға, биікке, дала баласы кеңдікке, шексіздікке қарап бой түзейді. Бұл біздің қаннан берілген қасиетіміз. Шетелдіктіктер мұны біз салған суреттен таниды. Көзін талдырып қарайтыны да сол. Қазақ сурет өнерінің алтын ғасыры енді туып келе жатыр. Мен оны уақыттың саңылауынан көріп тұрмын. Біздің дала көшпенділер мен бүгінгі заманның тоғысқан нүктесінде тұр. Өмірдің әрбір сәті тақырып. Тек өзегін тапсаң болғаны. Жақында қырғыз суретшілерінің бірінің картинасы ерекше әсер  етті. Керегеде ешкінің еті жаюлы тұр. Ар жақта терісі жатыр. Ал оның қасында ешкі тұр. Ешкінің көзінде айықпас мұң.  Ол жаюлы тұрған еттің өзінің   лағы немесе  енесінің еті екенін сезіп тұр. Суретшілер қауымы мұны 100 жылда бір рет жазылатын шығарма деп  баға беріп жатыр. Бір  қарағанда қарапайым, ауылда күнде көріп жүрген  дүние ғой.  Бала күнімізде ірі қара малдың көмілмей  қалған  сүйегінің айналасына ауылдың бүкіл қара малы топталып, айналып, өкіріп, жоқтау айтып жатқанын талай рет көрдік. Суретші соны өнер тілінде кестелегенде, идея жанып кетті. Күндердің күнінде бұл картинаның әлемдік деңгейде бағаланатынына сенемін.

Сіздің картиналарыңыздың арасынан  Салихитдин Айтбаевтың "Кітап    оқып отырған қыз" деп  аталатын картинасын байқап қалдым. Коллекция жинайсыз ба?

Бұл картинаны 2 мыңыншы жылдардың басында 2 мың АҚШ долларына сатып алдым. Ол кезде Алматының орталығындағы пәтер құны 5 мың АҚШ доллары болатын.  Біраз жыл бұрын пәтерімді 155 мың АҚШ долларына сатып, барлық ақшаға картина сатып алдым. Бүкіл болмысымен сөйлеп тұрған картина көрсем, сатып алғым келіп тұрады. Бұл азарт па, әлде саф өнерге деген махаббат па, себебін білмеймін, білгім де келмейді. Қазір менің коллекциямда ХХ ғасырдың 40-50-60 жылдары дүниеге келген  біраз дүниенің басы жиналып қалды. Ким Архипович Кузнецовтың "Қызыл көйлекті қыздың суретін қараңызшы. Көзқарасы, отырысы бізден алыстап кеткен заманның  өкілі екенін айтып тұр. Қазір мұндай натурщицаларды табу қиын ғой.  

Ким Кузнецовтың көзін көрген жоқсыз. 1984 жылдары қайтыс болып кетті. Картиналарын қайдан таптыңыз?

Ким Кузнецов  Евгений  Матвеевич Сидоркин пен  Гүлфайрус  Исмаи­ловамен араласып тұрған. 1984 жылы қайтыс болған соң оның туындыларын өзі тұратын үйдің жертөлесіне апарып тастаған. Іздеушісі де болмаған сияқты. Кейін белгілі болғандай, сол жертөледе оның екі жүздей картинасы қалған. Суретті жұбайынан сатып алдым. Менен кейін  Кузнецовтың картиналарын іздейтін  коллекционерлер  көбейіп кеткен.

Арт-галерея нарығының алғашқы қарлығашы сіз дейді. Бізде картина, басқаша айтқанда арт-галлерея нарығы қалыптасты  ма?

Арт-галерея нарығы енді қалыптасып келе жатыр. Бірақ жағдай мәз емес, түпнұсқа туынды аз. Көпшілігі – көшірме. Бұл бастамаға 1990 жылдары коллекционер Юрий Кошкин  қозғау салған еді. Кейін ол жиған-тергенін сатып, Ресейге көшіп кетті. Әзірге қалыптасты деп баға беру қиын. Егер нарықтың осы сегментінде 200-300 млн АҚШ  долларының капиталы айналымда жүрсе, нарық қалыптасты деп айтуға болар еді. Қазір айналымда  тиын-тебен ғана жүр.  

– Арт-галерея  нарығын қалыптастырудың миллион түрлі мүмкіндігі бар ғой.  Мысалы Ақордаданың айбынын  Бексейіт Түлкиевтің "Соңғы көші" асырып тұр. Мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялардың кеңселеріне қазақстандық суретшілердің картинасын іліп қоюды  міндеттесе, нарық дүр етіп көтерілмей ме?

Дұрыс айтасыз, миллион  түрлі мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті пайдаланайық деп миллион компанияның ішінен бірнешеуінің есігін аштық. Олардың барлығы қазақстандық суретшілердің картинасын сатып алу үшін қаржы бөлінбегенін айтып, шығарып салды. Қалталы азаматтар кеңселерін немесе үйлерін безендіру үшін картина сатып алады. Қазақстандағы мемлекеттік мекемелердегі суреттердің эксклюзив екеніне сенбеймін. Әзірге нарық өз бетімен, ескексіз қайық сияқты жүзіп жүр. Мемлекет тарапынан жүйелеу жоқ.  Бұған мемлекет мүдделі болуы керек. Мысалы Әбілхан Қастеев атындағы музей жыл сайын, тым болмаса 25 қазақстандық суретшінің картинасын сатып алуды әдетке айналдырса, сіз бен біз айтып отырған нарықтың іргетасы қалыптасар еді. Жақында басылымдардың бірінен 1992 жылдан бері қазақ футболының дамуына 2 млрд АҚШ доллары жұмсалды деген ақпарат оқыдым. Нәтиже қайда? Біздің  жоғары лигада ойнап жүрген команданы ерінбегеннің бәрі ойнап жүріп жеңетін болды. Сол қаржының тым болмаса азғантай бөлігіне Астанадағы Ұлттық музейден "Ұлы дала галереясын" ашып, суретшілердің картинасын сатып алса, нарық жүйеленетін еді.

–Сізде шетелде көрме өткізуге қатысты келісімшарт жасаумен айналысатын  агент бар ма?

Алматыдағы арт-галереямның жұмысын ұлым жүргізіп отыр. Мүмкін  алдағы уақытта бұл міндет ұлыма жүктелетін шығар. Қазақстанда агенті немесе продюсері бар суретші туралы естімеппін. Ресейде суретшілердің көпшілігі көмекші ұстайды. Мысалы мен жақсы білетін бір суретші бар. Оның картиналарының   сапасын еңбегі емес, беделі көтеріп жүр. Айтайын дегенім, Жапонияда оянса, кешкі асын Лондоннан ішеді. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпінде көрме өткізеді. Ол қай уақытта сурет  салады, осыны түсінбеймін. 42 жылдан бері шеберханадан шықпай жұмыс істесем де, жыл сайын көрме өткізу дегенді түсінбеймін.

– Мүмкін  агент осы үшін керек шығар...

Бізге  агент емес, демеуші керек. Бұл ретте менің жолым болды. Маған жақсы адамдар кездесті, тынысымды ашты. Қазақстанда қалталы азаматтар көп. Олар шындап кіріссе, мықты бәсеке болатын нарық қалыптасар еді. Себебі бізде таланттар  көп. Бірақ олардың шетел нарығына шығу арқылы жан-жаққа танылу мүмкіндігі аз. Жақында "Рухани жаңғыру бағдарламасы" бойынша 10 суретші шетелде көрмесін өткізеді деген сөз шыққан. Сол ондықтың ішінде мен де бар едім. Бірақ соңында 9 адам тізімнен шығып қалып, тек 1 суретші кетті.  Бұрын шетел азаматтарының картиналарымызды сатып алуына кедергі жоқ еді. Кедендік рәсімдеуге рұқсат беретін құжаттар Алматы  әкімдігінде  жарты сағатта дайын болатын. Қазір бұл мәселе қиындап  кетті. Рұқсат беретін құжаттар 15 күн әзірленеді. Күні кеше Лондоннан келген бір азамат "Дала моншасы" сериясымен жазылған  "Арулар", "Аптап", "Жалаңаш әйел сұлулығы" деген картиналарыма қызықты. Шарты – кедендік рәсімдеу құжатын мен дайындап беруім  керек. 15 күн күтуге шетелдіктердің  уақыты жоқ. Мұндай жағдайлар көп.

–Әңгімеңізге рақмет!

Cұхбаттасқан  Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу