"Астана арландары" "Қытай айдаһарларын" күйрете жеңді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1653

"Астана Арландары" Атырауда WSB жобасындағы үшінші кездесуін өткізіп, Қытай клубын күйрете жеңді. Есеп – 5:0.

"Астана арландары" "Қытай айдаһарларын" күйрете жеңді

"Астана Арландары" AIBA-ның WSB жобасындағы үшінші турда да жеңіске жетті. Бұл жолы Қытайдың "China Dragons" клубын қабылдап, тас-талқан қылды. Бес жекпе-жекте де біздің боксшылар айқын басымдық танытты.

Бұған дейін Өзбекстан өрендерін 3:2 есебімен жеңіп, Ресей клубынан 1:4 есебімен ұтылған Қытай командасы бүгін Қазақ елінің күрзі жұдырықты жігіттеріне қарсылық көрсете алмады. Енді Атырау төрінде өткен бес жекпе-жекке тоқтала кетейік:

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Хе Цзюньцзюнь – 3:0 (48:47, 48:47, 49:46)

Теміртастың WSB шаршы алаңындағы тәжірибесі молырақ. 2013 жылғы Азия чемпионы. Еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Бірақ қарсыласы да осал емес еді. AIBA-ның осы жобасы аясында 2015 жылдан бері жұдырықтасып жүр.

Бірінші раундта Теміртас ширақ қимылдады. Қолды-аяққа тұрған жоқ. Қарсыласын шыр айнала жүріп ұрды. Екінші раундта қарқынын сәл бәсеңдетіп еді, төрешілердің бәрі де жеңісті Қытай боксшысына берді.

Теміртас енді тізгін тартуға болмайтындығын түсінді. Қарсыласын ес жиғызбай төпеледі. Қарқынын үдетті. Шаршы алаңда желе жортып, тыным тапқан жоқ. Әрине, қарсыласы да қарап қалмады. Дегенмен, Жүсіповтің жұдырығы діттеген жеріне дөп тиіп отырды.

56 келі: Ілияс Сүлейменов – Ван Лун – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Ілиястың әуесқой бокстағы атақ-даңқы бір басына жетерлік. Лондон Олимпиадасына қатысқан. Азия ойындарының чемпионы. WSB шаршы алаңында да бірнеше жекпе-жек өткізді. Тәжірибесі мол, шыңдалған жігіт.

Сүлейменов соққыны қарша боратуға тырысқан жоқ. Алдап ұрып, аңдып соғып, әр соққысын дәл тигізуді ойлады. "Бүркеніп" алған қарсыласы Ілиясты ұстап немесе құшақтап алып, алысудан басқа ештеңе істей алмады.

Қазақ боксшысы оны бастан да, бауырдан ұрды. Шекеден де, шықшыттан да соқты. Деңгейінің әлдеқайда жоғары екендігін іс жүзінде көрсете білді. Бес раунд бойы басымдық танытты.

64 келі: Ділмұрат Мижитов – Лю Ян – 3:0 (50:44, 50:44,50:43)

Екі жас боксшы арасындағы жекпе-жекте "Астана арландарының" тарланы үстем болды. 23 жастағы Қытай боксшысы өзінен екі жас кіші Ділмұраттан оңбай таяқ жеді.

Ділмұраттың шабуылы жойқын, соққылары қуатты. Қытай боксшысы оның пәрменді соққыларына үш-ақ раунд шыдады. Төртінші раундта Мижитовтің бастырмалатып ұрған соққыларына төтеп бере алмай, екі рет нокдаунға түсіп қалды.

Үзілісте тынығып алған қарсыласын бесінші раундта сұлатып салмағанымен, Ділмұрат тағы да басымдық танытты. Соққылары – нық, қимылы – шалт. Бірақ қорғанысына көңіл бөлу керек сияқты. Тек шабуылды ойлайтындай.

75 келі: Сапарбай Айдаров – Чжао Минган – 3:0 (50:45, 50:45, 50:45)

Сапарбай 2013 жылғы ел чемпионы. Жасы 24-те. Солақай. WSB шаршы алаңына алғаш рет шықты. Ал қарсыласы төртінші рет бес раундтық жекпе-жек өткізіп отыр. Әйтсе де, қазақ боксшысы жеңіске жетті.

Сапарбай да соққыларын діттеген жеріне дөп тигізе білді. Ал оның соққылары пәрменді. Рингте жеңіл қимылдады. Бес раунд бойы басымдық танытты. Тер шығарып, баға жетпес тәжірибе жинады.

91 келі: Антон Пинчук – Сергей Новиков – 3:0 (49:46, 50:45, 50:45)

Ауыр салмақта "Астана арландарының" намысын Антон Пинчук қорғады. Өте тәжірибелі боксшы. Студенттер арасындағы әлем чемпионы. Еліміздің үш дүркін чемпионы. 2013 жылғы Азияның, 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы.

Сонымен қатар Антон APB (AIBA Pro Boxing) жобасында тәжірибе жинақтап, шыңдалған жігіт. Қытай клубы оған қарсы Беларусь боксшысы Сергей Новиковты шығарды.

Антон жекпе-жекті байсалды бастады. Асыққан жоқ. Бірақ әрбір раунд сайын қарқын қосып, басымдық таныта бастады. Шүбәсіз жеңді. Деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде дәлелдей білді.

Сөйтіп "Астана арландары" Қытайдың "China Dragons" клубын айқын басымдықпен тізе бүктірді. Бұл – Қазақстан клубының осы маусымдағы үшінші жеңісі. Нұрлан Ақүрпеков бастаған бапкерлеріміз жаттықтыратын "Арландар" бұған дейін Ресейдің "PatriotBoxingTeam" клубын түзде 3:2 есебімен жеңген болатын. Одан кейін Талдықорғанда өзбектің "Uzbek Tigers" командасын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Осылай "Астана арландары" үш турдан кейін тоғыз ұпаймен "С" тобында жеке-дара көш бастап тұр. Қазақ клубы келесі кездесуін де өз жерімізде өткізіп, 18 наурыз күні Ресей командасын қабылдайды. Ал "PatriotBoxingTeam" командасы бүгін Ташкентте өзбек боксшыларымен кездесіп жатыр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу