"Астана" баскетбол клубы балалар академиясын ашты

3375

Былтыр ғана "Астана" президенттік баскетбол клубының жаңа маусымдық ашылу салтанатында клубтың атқарушы директоры Аманбек Күлшіков пен команданың бас менеджері, әйгілі баскетболшы Валерий Тихоненко алдағы жылы балалар Академиясын ашуды көздеп отырмыз деген болатын.

"Астана" баскетбол клубы балалар академиясын ашты

"Балалар академиясының ашылатынына өте қуаныштымын, өйткені бұл ең алдымен қазақ еліне керек, командаға және ең бастысы, балалар үшін өте маңызды. Сол себепті егер болашағымызды ойлайтын болсақ, Академия міндетті түрде керек. Академияны Назарбаев университеті базасында ашуды жоспарлап отырмыз, өйткені бұл студенттерге де қолайлы болады", – дейді Аманбек Күлшіков.

Валерий Тихоненко: "Астана" президенттік баскетбол клубының жетекшілеріне Қазақстанда баскетболды сақтап қалғаны үшін алғысымды білдіремін, "Астана" – Қазақстан баскетболының локомотиві. Сол себепті де осы бағытта қыруар жұмыс күтіп тұр. Алдағы уақыттағы басты жобаларымыздың бірі – балалар академиясын ашып, осы спорт түріне жастарды көбірек тартып, қызықтыру. Көзді ашып-жұмғанша 5-6 жылда осы Академияның түлектері "Астана" баскетбол клубының, Қазақстан құрамасының негізін құрайды, елімізді әлемдік аренада паш етеді", – деп қуана сөйлеген болатын команданың бас менеджері.

Видео удалено

Енді міне, сол уақыт жеткен сияқты. Еліміздегі тағы бір тарихи оқиға 2017 жылдың 12 қаңтарында тіркеліп отыр. Осы күні елордадағы Назарбаев университеті базасында кәсіпқой "Астана" президенттік баскетбол клубына қарасты тегін балалар академиясының ресми ашылу салтанаты өтті.

Шараға мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, парламент сенатының депутаты Дархан Калетаев, "Астана" президенттік клубының атқарушы директоры Аманбек Күлшіков және "Астана" баскетбол клубының бас менеджері, олимпиада чемпионы Валерий Тихоненко қатыcады деп күтілген болатын. Алайда спорт министрі белгісіз себеппен салтанатты рәсімге қатысқан жоқ.

Дегенмен Сенат депутаты Дархан Калетаев келіп, салтанатты рәсімді ашып берді. Ол барлығын Академияның ашылуымен құттықтап, болашақта осы мектептен үздік баскетболшылар шығатынына үлкен сенім білдірді. Шараға қатысушы жетекшілер бірауыздан арнайы қызыл тетікті бірге басып, "Астана" баскетбол клубы балалар академиясының ресми түрде ашылғанын жария етті.

Бұдан соң академияның кішкентай түлектері алғашқы жаттығуларын бастап кетті. Оларға "Астана" кәсіпқой баскетбол клубының жұлдыздары қосылып, өз шеберліктерімен бөлісті. Соңынан балалармен бірге жолдастық матч өткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Балалар академиясын ашу идеясы бұрыннан бері бар, бірнеше жылдар бұрын ойлап қойған көрінеді, бірақ осы күнге дейін жоспар іске аспай келді. Тек 2016 жылдан бері ған, осы жоба кешенді түрде қолға алына бастаған. Академияны ашудағы негізгі мақсат – ол нақты база құрып, елімізде баскетбол спорт түрін дамыту және жасөспірімдерге әрі қарай спорттық жоғары білім беру. Онымен қоса Академияның жаттықтырушылар құрамы осы ойын арқылы балалардың физикалық бабын және зияткерлік белсенділігін арттыру үшін барынша мүмкіндіктер жасалатынын тілге тиек етті.

Жаттықтырушылар құрамы арнайы іріктеу арқылы қабылданған. Ең бастысы тәжірибесіне және тілге ерекше мән беріліп отыр. Академияның бас жаттықтырушысы ретінде, шетелден тым болмағанда орысша сөйлей алатын мықты маман іздестірілген екен. Ондай мықты бапкер Сербиядан табылды. Еуропада балалар мен кадеттерді дайындаудың ең үздік жаттықтырушысы, әйгілі "Партизан" баскетбол клубының даму жүйесін қалыптастырған мамандардың бірі Деян Парежанин шақырылып отыр.

Ол өзінің бүкіл өмірін осы баскетболға арнаған жан. Балалармен тез тіл табыса білетін педагог ретінде танылған. Сербияның бірнеше жастар командасын үлкен бәйгеге қосқан азамат. Оның жетекшілігімен Еуролигада өнер көрсетіп жүргені қаншама. Деян Парежаниннің көмекшілері ретінде екі жас жаттықтырушы таңдап алынған. Олар Исмаил Бимендин мен Антон Кирин. Баскетбол академиясының алаңы, Қазақстанда теңдесі жоқ кәсіпқой паркетпен жабдықталғанын ерекше атап өткен жөн.

Қазір академияда бекітілген жаттығу кестесі бойынша 8-14 жас аралығындағы 60-қа жуық бала жаттығып жүр. Жаттығу оқушылардың мектепке бару мерзіміне байланысты таңғы және кешкі уақытқа бөліп өткізіледі.

Болашақта баскетбол жұлдызы болам деуші балаларға, армандарының орындалуына тамаша мүмкіндік туып отыр. Ол үшін Астана қаласындағы "Назарбаев университетінің" спорт орталығына барып жазылу қажет. Қабанбай батыр даңғылы, 53. Телефондары: 74-72-39, 74-72-40.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу