ІТ-технологияның білгірі Бағдат Мусин "Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқитын қазақ жастарына шекараның арғы жағында қалуға мүмкіндік беру керек деп есептейді. Әрине, біржола емес. Оқыған-тоқығандарын шетелде нақты жүзеге асырып, елге жаңа идея әкеле алатындай деңгейге жеткенге дейін.
"Болашақтықтардың" кейбірі шетелде қалғылары келеді. Олар халықаралық бағдарламамен оқып жүріп, ірі компанияларға жұмысқа тұрады. Меніңше, мұндай жастарға шетелде қалуға мүмкіндік беру керек. Бірақ олар сол елдегі Қазақстан елшілігімен тығыз байланыста болуы керек. Яғни, қайда жұмыс істеп жатқанын, немен айналысып жүргінін елшілікке хабарлап отыруға тиіс. Егер олар жоғары технологиялық компанияларда жұмыс істеп жүрсе, оларды жылы орнынан суырып алып, елге әкелгеннен пайда шамалы", – деп есептейді BI Group компаниясының цифрландыру жөніндегі директоры Бағдат Мусин.
Оның пікірінше, "Болашақ" бағдарламасы негізінен қазақ жастарының интеллектуалды болашағының жарқын болғанын қалайды.
"Әлемнің үздік университеттерінде білім алған болашағы зор интеллектуал ұрпақты елге алып келгеннен түсер пайда аз. Себебі Қазақстанда оған көп кедергілер жасалады. Қиындықтармен бетпе-бет келеді. Ақыры меселі қайтқан қыз-жігіттер елдегі жүйеге көндігеді. Оларды шетелге жұмыс істеуге жіберу керек. Сонда олар елге қандайда бір идея алып келеді немесе венчурлық қор құратын болады. Олар осылайша елге пайдасын тигізе алады", – дейді Бағдат Мусин.
ІТ-технология маманның айтуынша, шетелде жүрген қазақстандық кәсіпкерлерге де қолдау көрсету керек.
"Кремний алқабында түрлі жобалармен айналысып жүрген қазақ жастарын жиі кездестіремін. Міне, соларға қолдау көрсету керек. Біз кәсіпкерлерді, стартапшыларды қолдауға келгенде ел аумағынан ары аса алмай қаламыз. Әлемдік нарықта жүрген стартапшыларды қолдау керек деп есептеймін. Сондықтан Кремний алқабында Digital-елшілік ашу қажет. Бұл елшілік шетелде өз жобаларын жүзеге асыру үшін жанталасып жүрген отандастарымызға қолдау көрсетсе деген тілек бар", – дейді Бағдат Мусин.
Qazaqstan Technology Forum-ның құрметті қонағы болған Бағдат Мусиннің пікірінше, мемлекеттік сектормен байланысы бар стартаптардан гөрі, индустрияның дамуына үлес қосатын жобаларды жүзеге асырған дұрыс.
"Біздегі стартап-жобалардың дені мемлекеттік сектормен байланысты. Алайда, мемлекеттік сектордың емес, елдегі индустриялық проблемаларды шешкен абзал. Сондықтан ІТ-технологияның өкілдерін индустрияға қарай бет бұруға шақырамын. Өйткені қазір Кремний алқабында жасанды интелектті немесе биг-датаны білетіндер ғана емес, қандай да бір индустрияда жұмыс істеген, сол саладағы проблемаларды шешуге тырысқан мамандар да құрметке ие. Иә, жоғары оқу орынын тәмамдап, электронды коммерция немесе жаңа әлеуметтік желі құру секілді жобаларды ойлаған дұрыс. Бірақ, қазір тұтас әлем осы мәселемен бас қатырып отыр. Ал индустрияда бос кеңістік жетерлік. Қазақ жастары сол кеңістіктен орын алуы керек. Индустрия деп отырғанымыз не? Ол мұнай саласы, ауыл шаруашылығы, логистика. Мұның бәрі әлемдік экономиканың белгілі бір бөліктері. Экономиканың тірегі десе болады. Міне, біз осы саладан өз еншімізді алуға тиіспіз", – дейді Бағдат Мусин.
Ол өзі жұмыс істеп жатқан құрылыс индустриясын мысалға алды.
"Біз венчурлық қорды іске қостық. Қазір еліміздің құрылыс индустриясында мақтанаралық жетістіктерін барына көз жеткіздік. Яғни, құрылыс индустриясында сауда, қаржы, банк салаларының нарығында болмаған жаңашылдықтар орын алуда. Демек, құрылыс саласы тамырын тереңге жайып келеді деген сөз. Болжамға сүйенсек, бұл саланың айналымында 2020 жылға дейін 10 трлн доллар жүреді. Сондықтан құрылыс индустриясында техникалық прогрестер жасауға жол ашық", – дейді BI Group компаниясының цифрландыру жөніндегі директоры.
Фархат Әміренов