"Былқылдақ" мәселесі солқылдақ

Бек Темір Бек Темір
4350

Сынаптың сарқындысы төгілген көлдің балығын жеген ел не болады? 

"Былқылдақ" мәселесі солқылдақ

Кезінде Павлодарда дақпырты дүркіреп тұрған химия өнеркәсібінің өндірістен қалған сарқынды сынабы төгілген Былқылдақ көлі қоршаған ортамен қатар қала тұрғындарының денсаулығына зиян келтіріп тұрса да, мәселе оң шешімін табар емес.

Себебі ол су қоймасы ретінде тіркелмеген. Бұл туралы облыстық экологиялық кеңесте белгілі болды. 1997 жылы  әкімдіктің бұған дейін күшінде болған аталмыш көлді су нысандары қатарына жатқызу туралы шешімін жою туралы сот пәрмені шыққан. Сол уақыттан бері экологиялық қаупі жоғары көл көпшіліктің көңілін күпті етіп келеді. Бұқараның мұңына айналған Былқылдақта осы күні шамамен 900 тонна сынап бар көрінеді. Былтыр аймақтың экологтары көлдің қаупі қаншалықты деңгейде екенін анықтау мақсатында екі жүзден астам сынама алып, химиялық талдау жүргізген және шамадан тыс қаупі жоқ деген шешімге келген. Алайда халық мамандардың пікіріне сенбей отыр. Ал қала тұрғындары арасында қармақ ұстағандар Былқылдақтың балығын аулап, ретсіз сауда орындарында пұлдап жүр. Сынапты судың  балығы адам үшін қаншалықты зиян екендігі айтпаса да түсінікті шығар. Әрине оның балығын аулағандар мен жеп уланғандар туралы деректің тіркелмегені қуантады. Дегенмен сақтанған ғана сау болатынын ескерсек, Былқылдақтың мәселесі тез арада шешілуі керек.

Павлодар облысының экологиялық технологиялар жөніндегі орталығының директоры Ақан Өмірбектің сөзіне қарағанда, сынаппен былғанған жерлерді бейімдеу бойынша тұжырымдама дайындалған. Оған Былқылдақ та енген. Бірақ әлі күнге дейін аталмыш тұжырымдама жүзеге асырылмай жатыр. Себебі су қоймасының әлі күнге дейін теңгерімде ұстаушысы анықталмаған. Бұл өз кезегінде сорғыдан су жинақтаушы көлге дейін дренаждық арна құрылысын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауға да кедергі болып отыр. Сонымен қатар су астындағы жер қаладағы "Каустик" АҚ-ның меншігіне рәсімделген. Бір сөзбен қайырғанда, аумақ жер ретінде тіркелген, ал су қоймасы ретінде құжатта жоқ. Мұның барлығы өңірдегі экологиялық мәселені түбегейлі жоюға  кедергі келтіріп тұр.

Мәселені біржақты ету үшін бірінші кезекте әкімдікке су қоймасын заңды түрде тіркеу қажет. Былқылдақ көлі "Павлодар" арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан. Сондықтан да соның атына рәсімделгені жөн. Алайда ол туралы әлі нақты шешім жоқ. 

Ал  "Каустик" АҚ-ның сарапшысы Артур Ахметов Былқылдақтың сынаппен былғануы айтарлықтай өзекті емес екенін айтады.  Егер түбіндегі балшықты қазбаса, қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Сынап та шекті мөлшерден төмен. Аймақта Былқылдақтан басқа бұрынғы электролиз цехының мәселесі шетін тұр. Онда алдан ала есептеу бойынша шамамен 700 тонна сынап бар көрінеді. Дегенмен суының құрамында сынап аз деген Былқылдақтың  айналасына мал өріп, балығын аулауға тыйым салынғаны қашан. Амалын тауып шөбін жеген  төрт түліктің өнімі дастарханға түспесін, әйтпесе оның айғайы кенже қызды ұрлап қашып кеткеннен кем соқпайын деп тұр.

Экологиялық кеңес мүшелері Былқылдақтың баланың еңбегіндей былқылдаған мәселесін оған полигон  мәртебесін беру арқылы шешпек ниетте. Бұл мәселенің айтылғанына да біраз уақыт болған. Бірақ...

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу