"ЭКСПО-дан кейін ешқандай өзгеріс болмайды"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3409

"Халықаралық көрме аяқталған соң теңге құнсызданады деу – бекершілік" деп есептейді экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев.  

"ЭКСПО-дан кейін ешқандай өзгеріс болмайды"

Экономика ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаевпен аз-кем әңгімелескен едік.

– Осы күні "ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін ұлттық валюта құнсызданады" деген алып-қашпа әңгіме ел кезіп жүр. Шындыққа жанаса ма осы болжам?

– "ЭКСПО-ның теңге бағамымен ешқандай да байланысы жоқ. Ендеше ұлттық валюта халықаралық көрмеден кейін құнсызданады деу – бекершілік. Мұндай болжамның қандай факторға сүйеніп жасалғаны да түсініксіз.

Теңгенің бағамы ең алдымен төлем балансының ағымдық шотына, яғни экспорт пен импорттың арақатынасына байланысты өзгереді. Сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнай бағасы, ресей рублінің бағамы, Қытай юанінің жағдайы жанама әсер етеді.

– Жалпы, алаңдауға негіз бар ма?

– Егер ЭКСПО-ға бөлінген қаржы мен көрмеге келушілерден түскен ақша теңге бағамын теңселтеді деген пікірді ұстанатындар бар болса, бұл олардың қатты қателескені. Дүрлігудің реті жоқ.

– Ресей АҚШ-тың, халықаралық ұйымдардың қысымына ұшырап отыр. Соның салдарынан рубль сәл де болса әлсіреді. Осы орайда, біз қай позицияны ұстануымыз керек?

– Санкциялар рубльден бөлек, біздің теңге де әсер ететінін ұмытпайық. Себебі Ресей экономикасы тығырыққа тірелсе, Қазақстанның импорт пен экспорт көлемі азаяды. Валюта бағамы өзгереді. Қысқасы, айтарлықтай өзгеріс орын алады. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс істеген жөн. Дұрысы – Ресеймен одақтас болу. Ресей санкцияларға төтеп беру үшін түрлі амалдарды қолдануда. Бұл біз үшін тиімді. Соңғы уақытта ресей рублі нығая түсті (60-тан 57,8-ге дейін түсті). Десе де, Ресей экономикасы қиын жағдайда. 

– Күні кеше ғана Өзбекстан валютасы еркін конвертацияға жіберілді. Бұл жағдай Қазақстанға қалай әсер етеуі мүмкін?

– Бұл – оң шешім. Себебі бұған дейін Өзбекстанда еркін конвертация болған жоқ. Есесіне оңтүстіктегі көршімізде осыған дейін үш түрлі айырбастау бағамы бар еді. Яғни, ресми бағам, биржа бағамы және қара базар - халық бағамы. Жалпы, бірнеше бағаммен жұмыс істейтін елдер әлемде сирек кездеседі.

Үш түрлі айырбастау бағамы Өзбекстан экономикасының дамуына, шетелдік инвестицияның құйылуына, халықтың кәсіпкерлікпен шұғылдануына кедергі келтірді. Мәселен, осы уақытқа дейін Өзбекстандағы жағдай мынадай еді: ресми бағам - 4210 сум, заңды тұлғалар үшін биржа бағамы – 8500 сум, халық бағамы – 7600 сум. Шетелдік инвесторлардың "қай бағаммен жұмыс істеген дұрыс" деп басы қататын.

Осы жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір ғана бағам қалды. Қазір 1 долларың 8100 сум шамасында. Осы жағдайдан кейін Қазақстанның импорты сәл азаюы мүмкін. Ал халық үшін анау айтқандай өзгеріс болмайды. Себебі біз бұған дейін қара базар бағамымен байланыс жасағанбыз. Қазақстанның ұлттық валютасының бағамына Өзбекстандағы девальвация әсер етпейді.

– Осы жағдайдан кейін Өзбекстанның экспорттық тауарларының бағасы өзгере ме?

–  Экспорттық тауарлардың бағасы Қазақстан мен Ресей үшін, жалпы шетел үшін арзандайды. Себебін түсіндірейін. Экспорттық тауарды Өзбекстан өз қаржысына өндіреді. Мәселен, олар бір тауарды 8 мың сумға жасап шығарды делік. Бұрынғы ресми курс – 4210 сум. Сонда Өзбекстан оны 2 долларға сатушы еді. Қазір ол тауарды 1 долларға сатып алуға болады. Осыны жете түсінген Өзбекстан экономистері өз өнімдерін шетелде 10-20%-ға арзанға сататын. Өзбекстанда шығарылатын автокөліктердің біздің елдегі бағасының төмендігі де сондықтан. Бұрын бұл жағдайды мемлекет өзі реттейтін. Енді реттеуші тетік бизнестің қолына өтті. Бұдан Өзбекстанның экспорттық әлеуеті артады.

– Исламдық қаржыландыру жүйесі Қазақстанға да енді. Қаржыландырудың мұндай түрі тиімді ме?

– Исламдық қаржыландырудың тәртібі өзгеше. Ал біз дәстүрлі қаржы жүйесіне үйренгенбіз. Оның үстіне Қазақстанның экономикалық негізгі серіктестері – Еуропа елдері. Ресей де, Қытай да дәстүрлі қаржы жүйесін ұстанады. Сондықтан осы жолдан айнымаған жөн. Сонымен қатар ислам банктері елімізде жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді. Тек, араб елдерінің инвестициясымен  жұмыс істейді. Осыны да ескерген дұрыс.

– Жыл соңына дейін теңгенің бағамы қай деңгейде сақталуы мүмкін?

– Жыл соңына дейін теңге мен рубльдің долларға шаққандағы бағамы 5-7%-ға арзандауы мүмкін. 1 доллар 340-360 теңге көлемінде сақталады деген болжамым бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу