"Еңбек кітапшасы" келмеске кетеді

4421

Қазақстанның келесі жылдан бастап, кеңес кезінен бері келе жатқан "еңбек кітапшасынан" бас тартатыны жария етілді.

"Еңбек кітапшасы" келмеске кетеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, қазірдің өзінде барлық әлеуметтік-еңбек саласын, яғни еңбек қатынастары мен жұмысбастылықты, зейнетақымен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қызметтер, көші-қонды қамтитын "Бірыңғай ақпараттық жүйе" бар.

"Бұл жүйе қазақстандықтарды дүниеге келген кезінен бастап, барлық өмір кезеңдері аралығында сүйемелдеп, барлық кезеңде автоматтандырылған қызметтер ұсынады", – деді министр.

Оның мәліметінше, көрсетілген қызметтер көлемі үнемі өсуде. Биылдыққа 19 млн-нан астам қызмет көрсетілген, олардың 17%-ы eGov порталы арқылы ұсынылған. Онлайн режимінде қызметтерді алушылардың деректері жаңартылып отырады, бұл азаматтардың әлеуметтік құқығын қамтамасыз етуге мониторинг жүргізуге және қажет болған жағдайда тиісті шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Ел президентінің тапсырмаларын орындау аясында 2017 жылғы қазаннан бастап "Бірыңғай электронды еңбек биржасы" қызмет көрсетеді. Бір жарым айдың ішінде электронды биржа арқылы 15 мың іздеуші өздерінің мамандықтары мен тәжірибелеріне сай келетін жұмыс тапты. Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңға жуық бос жұмыс орындарының тізімі орналастырылған. Келесі жылдан бастап, бұл биржаға барлық 199 жұмыспен қамту орталығы (бүгінде 4), еңбекпен қамту бойынша 10-ға жуық интернет-алаң (бүгінде 2) қосылып, осында тартылған жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің саны (бүгінде 19) шамамен екі есеге артатыны айтылды.

"Бірыңғай еңбек биржасын енгізу 2025 жылға қарай іздеушілерді еңбекпен қамту пайызын қазіргі жұмыс іздеуші 2,2 млн адамның жалпы санының 10%-нан 20%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді министр ханым.

Сонымен қатар электронды еңбек биржасының базасында кірістері 12 ең төменгі жалақы көлеміндегі (шамамен 300 мың теңгедей) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мемлекеттік кірістер органдарында жеңілдетілген тіркеу тетігі іске асырылады.

"Сонымен қатар жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарының бірыңғай есеп жүйесі енгізіледі. Еңбек шарттарын электронды форматқа ауыстыру қағаз түріндегі еңбек кітапшаларынан бас тартуға мүмкіндік беріп, кірістерді жалпыға ортақ мағлұмдауға негіз болады", – деп түйді Тамара Дүйсенова.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу