"Қара археологтар" Қазақстан мен Моңғолияға көз салып отыр

Алина Альбекова Алина Альбекова
4035

Ресейде мәдени мұраны қорғауға қатысты заңның күшейтілуі Қазақстанға кері әсерін тигізуі мүмкін. 

"Қара археологтар" Қазақстан мен Моңғолияға көз салып отыр

"Сарайшық: ұлы қаланың тарихы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сан-Петербор заң шығарушы жиынының депутаты Алексей Ковалев қазақстандық әріптестеріне: "Ресей жерінде археологиялық олжаларды саудалайтын ұры-қаралар "Мәдени мұра нысандары туралы" федералдық заң қатайтылған соң Қазақстан мен Моңғолияға қарай ауып кетті", – деді.

Бұлар заңдары  солқылдақ  көршілес жатқан елдердің аумағында жергілікті тұрғындарды тарта отырып, заңсыз қазумен айналысады, кейін  табылған мәдени құндылықтарды интернет-аукцион арқылы сатады. Еліміздің археологтары да мұндай мәселенің бар екенін мойындайды.

"Ресейде біраз нәрсеге тыйым салынғаны сол еді, заңсыз қазба жүргізетін археологтар қазақ даласында қаптап кетті.  Олар жергілікті адамдарды тарта отырып, археологиялық қазба жүргізеді. Сосын тапқан дүниелерді шетел асырады. Мәселен Ресейде метал іздейтін детекторларға тыйым салынды, ал Қазақстанда ол кеңінен қолданылып жүр.  Қазақстандағы ең көне ескерткіштердің бірі, Алтын орданың бесігі болған Сарайшыққа көрші елдерден үнемі заңсыз қазба жүргізетін адамдар ағылып келеді. Олар Ресейден де монеталарды тонналап жинап, сыртқа саудалап жатыр", – деді тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев.

Мұны дәлелдеу қиын, ал тартып алу тіпті мүмкін емес! Айта кетейік, бүгінгі күнде Қазақстанда екі заң бар. Оның бірі – "Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы" болса, екіншісі  – "Мәдениет туралы".  Алғашқы аталған заңның 40-бабы бойынша, лицензияланған археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған материалдар мен олжаларды ғана елден шығаруға тыйым салынған. Алайда заңсыз қазба  жұмыстары мен іздеу нәтижесіне табылған заттар туралы заңда бір ауыз сөз жоқ. Сонда бұл  заңсыз қазба жұмысын жүргізетіндер тапқан дүниелерін өз меншігі ретінде елден алып кете алады деген сөз бе? Оның үстіне мәдени мұра нысаны әжесінен қалған мұра немесе заңсыз қазу арқылы қол жеткізген дүние екенін дәлелдеу өте қиын. Бұл мәселе "Мәдениет туралы" заңның 35 бабында қарастырылған. Онда мәдени құндылықтарды тек уақытша экспозиция, гастрольдік қызмет, рестраврациялық жұмыс, ғылыми зерттеулер, таныстырылым, көрме және халықаралық мәдени шаралар үшін 6 ай мерзімге ғана шекарадан асыруға болатыны жазылған.

Еліміздің археологтары өз заңдарының күшіне сенгенімен, оны мінсіз деп санамайды. Федералдық заңын күшейткеніне қарамастан Ресейде де археологиялық мұраларды тонау және археологиялық дүниелердің заңсыз айналымы мәселесі күні бүгінге дейін өзекті болып тұр. Сол себепті мамандар қандай олқылық кеткенін анықтау үшін заңды тағы бір мәрте қарап шығуға әзір.

Біздің елдің мамандары ресейлік әріптестерінен ақыл-кеңес сұрап отыр. Алексей Ковалев ұсынысты құп алды, бірақ заң қабылдаумен шаруа шешілмейтінін,  ең бастысы ол іс жүзінде жұмыс істеуі тиіс екенін құлаққағыс етті. Бұған заңсыз қазба жүргізетіндермен әлі күнге дейін алысып келе жатқан өз елін мысал етті. Сарапшының айтуынша,  "Патша қалашығы" қорғаны  әлдеқашан қоқысқа айналса да, әлі күнге дейін "көненің көзін іздеушілерді" өзіне қызықтырумен келеді. Сөз арасында ол Волгоград облысындағы шосседе қорғаннан табылған монеталар мен салпыншақтарды, және қыш тақташаларды саудалау қызып тұрғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, белсенділер тіпті Еділ бойындағы Алтын Орда қалалары жөнінде геоақпараттық жүйе құруды да ұсынып жүр. Ол жүйе бойынша  кез-келген адам сол жерге келіп, өзінің смартфонында GPS-навигатормен қаланың қай бөлігінде тұрғанын анықтай алатын көрінеді.

"Мұндай нәрселер кез-келген адамның металл іздейтін құралды сатып алып, қазына табу үшін қазба жұмысын жүргізуіне жағдай жасау үшін жасалған деп есептеймін. Басқа ешбір мақсат көріп тұрған жоқпын. Егер біз осындай жобаларға қолдау жасайтын болсақ, ең әуелі бұл жерге күзет қойып, туристерге археологиялық ескерткіштерді тек тамашалау мүмкіндігін беруіміз керек. Әр ескерткіштің қасына қолына қару ұстаған адам қоя алмайтынымызды түсінемін. Бұған қоса ескерткіштің бәрін бірдей музейге айналдыру мүмкін емес, бірақ заңсыз қазба жұмысын жүргізетіндер мен заңсыз саудалаушылармен күресті дәл осыдан бастау қажет", – деп атап өтті ресейлік сарапшы.

Солқылдақ заң сорлатып тұр

Сан-Петербордың заң шығарушы жиынының депутаты тағы бір нәрсенің шетін шығарды. Айтуынша, Ресейдің мәдени мұра жөніндегі заңын өзгерту оңайға соқпаған. Өзгертуге де, заңсыз қазба жұмысын жүргізетіндерге де майдан ашқан Ресей ғылым академиясының археология институты олардың тарапынан әлі күнге дейін қарсылыққа тап болып отырған көрінеді.

"Олардың өз идеяшылары, пәлсапашылары, тіпті заңгерлері бар. Олар өздерінің барлық заңсыз әрекеттерін идеологиялық және заңдық тұрғыдан негіздеп беріп отыр. Мысалы тіркелген ескерткіштері күзету қажет дейді. Ал олжа иен даладан табылса, мейлі ол бұрындары ел жайлаған бірақ мемлекеттің тіркеуінде болмаған қоныс болса оны тауып, сатып жіберген адам емес, мемлекет жауап беруге тиіс дейді. Олар ескерткіштердің барлығын тіркеңдер, әрқайсысына Англиядағыдай тақтайша іліп қойыңдар, сонда қай жерді қазып, қай жерді қазбау керегін біліп жүретін боламыз деген уәж айтады. Міне, осындай пәлсапашылар жетіп артылады. Бірақ өкінішке қарай, әлі зерттелмеген миллиондаған археологиялық нысандармен салыстырғанда, қорғалатын ескерткіштер бізде аз. Әрине оларды тіркеу біздің міндет, бірақ біз тіркелмеген ескерткіштердің тоналуына жол бере алмаймыз", – деп түсіндірді сарапшы.

Бұл ретте ол егер археологиялық көне дүние тіркелген ескерткіштен алынғаны дәлелденбесе, заң жүзінде оларды жекеменшік айналымға енгізуге рұқсат берілгені туралы Украинадағы жағдайды мысалға келтірді. Осының арқасында Алексей Ковалевтің айтуынша, Украинаның бұрынғы президенті Виктор Ющенко триполь мәдениетінің әлемдегі ең бай керамикалық топтамасын жинап алған.  

"Қазір оны еш ұялмастан Ұлттық музейге қояды. Бұл топтама қайдан келді? Әрине ұлан-ғайыр триполь мекенін заңсыз қазудан келді. Тіпті мүмкін тіркелген ескерткіштерден де алынған шығар, бірақ біз оны дәлелдей алмаймыз. Осы еркін айналымның арқасында батыстың нарығы бүгінде украиндық зергерлік бұйымдармен және сақ заманының, орта ғасырдың заттарымен толықты. Ураинаға ұшақпен келіп қорғандарды аршып, кейін сату үшін талай бұйымдарды алып кетіп жатыр десем өтірік айтпаған болар едім", – деп сендіреді сарапшы

Қазына таптың ба, өз еркіңмен мемлекетке тапсыр?!

Қазақстанның архелогтары артефактілер қайдан шыққанына қарамастан сол мемлекеттің меншігі деп танылуы тиіс деген ресейлік әріптесімен келіседі. Яғни жердің үстінен, астынан және суынан табылған кез келген зат белгілі бір жеке не заңды тұлғаның меншігі бола алмайды, ол бірден мемлекетке тапсырылуы тиіс. Мысалға Ресейде қазына деген сөздің өзін археологиялық олжа ұғымымен байланыстырған және енді ол үшін сыйақы берілмейді және оны жасырғаны үшін түрмеге тоғытады. Оның үстіне ресейліктер металл іздеуші құрылғымен мәдени құндылықтарды іздестіруге толығымен тыйым салды. Мұндай өзгерістер "Мәдени мұра нысандары туралы" заңға ғана емес, сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық кодекске енгізілді. Енді тіркелмеген болса да, мәдени мұраға келтірілген кез келген зиян үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ресейлік сарапшының айтуынша, бүгінде мұндай шара Англия мен Дания сияқты Еуропаның кейбір елдерінен басқа бар әлемде қолданылады. Алғаш рет 1547 жылы бұл туралы Рим мәлімдеген болатын, осыдан соң мұндай талаптар Италия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс елдерінің заңнамасына енгізілді.

"Бүгінде басқа елдің адамдары біздің мәдениетке жақындағысы келеді, мәдени құндылықтарды шетелге шығару және әкелу бойынша заңнаманы неге жеңілдетпеске? Бізге бұйымның құндылығы қаншалықты жоғары екенін сарапшы жазып берсін, керемет құнды болмаса, еш кедергісіз шығаруға жол берсін деп айтатындар көп. Бірақ мынаны ұмытпайық, құны млн доллар тұратын бұйым үшін  сарапшыға  100 мың доллар берем десеңіз, ол нені болсын жазып беруге дайын болады. Мысалға ХV ғасырдың иконасы Ресей Федерациясының мәдениетіне ешқандай құндылық әкелмейді деп жаза салады. Оның қателескенін кейін ешкім дәлелдей алмайды. Сіздерде, Қазақстанда ұлттық мұраны елден шығаруды жеңілдету мәселесі қарастырылып жатқанын білемін, сондықтан алдын-ала ескертейін, осындай қиындықтар туындауы мүмкін", - деп ескертті археолог қазақстандық әріптестеріне.

Тарих баршаға ортақ, бірақ әрқайсысына әр түрлі

Аbctv.kz  тілшілерімен әңгімелесу барысында Алексей Ковалев екі мемлекет аумағында археологиялық жұмысты одан әрі дамыту жөнінде өз ұсынысын білдірді. Оның ойынша, кез келген ортақ инвестициялық жоба археологиялық жоба да болуы керек. Яғни көлік инфрақұрылымы, Ұлы Жібек жолын жаңғырту немесе энергетика саласындағы жобаларды екі ел мамандарының қатысуымен жүргізілетін археологиялық ескерткіштерді барлау жұмыстарымен қатар алып жүру керек.

"Біздің халқымыздың мәдениеті мен тарихы осы археологиялық ескерткіштермен тығыз байланысты. Біз бірден мына жерден қазақ халқының ата-тегінің белгілері, ал мына жерде башқұрттікі немесе орыстікі көрініп тұр деп айта алмаймыз. Оны бөліп ала алмайсың, себебі халық бір-бірімен қарым-қатынас жасады, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүрді, араласып кетті. Қазақстан аумағында зерттеліп жатқанның барлығы Ресей ғылымына өте қызық және керісінше", – деп баса назар аударды ол.

Археологтың сөзінше, Алтын Орда Ресей мемлекеттілігінің бастауында тұр. Ал сақ заманының елеулі ескерткіштері Орынбор облысында, Қазақстанмен шекаралас аймақтан табылды. Ресей сарапшысының сөзінше, бұл шекараның өшірілгенінің куәсі. Прохоровка және Филипповка қорғандары біздің заманымызға дейінгі V ғасырдағы сармат қоғамының ақсүйектерін жерлеу орны ғана емес, әр түрлі салт-жоралғылар өткізу орны болды. Қорғаннан табылған түрлі алтын бұйымдар осыны айғақтайды.

"Меніңше, біздің ғалымдар осындай ескерткіштерді бірлесіп зерттеуге тиіс. Мысалға  қазіргі Ресей жерінде қасиетті орталық орналасты, ал бұл жерге келіп салт-жоралғылар жасайтын халық Қазақстан жерін мекен етті делік. Яғни, бұрын мұндай шекара болған жоқ деген сөз, адамдар еркін орын ауыстырған. Ал олар үшін шекара болмаса, демек, біз де шекараға қарамай, осы өңірді түгелімен зерттеуіміз керек", – деді маман.

Одан бөлек  Алексей Ковалевтің ойынша, барлық археологиялық зерттеулер белгілі бір инвестициялық жобалар аясында инвесторлардың есебінен өткізілуі тиіс. Баса айта кету керек, осы тектес алғашқы жобалар сонау 1930 жылдары АҚШ-та өткізілген болатын. Олар инвесторлардың есебінен археологияны ғана емес, этнографияны да зерттеген еді. Бұл мақсатқа жобаның жалпы құнының шамамен үш пайызы жұмсалатын, ал археология үшін бұл қыруар қаражат. Бүгінде бұл әлемдік тәжірибеге айналды. Сол себепті Алексей Ковалев Ресей мен Қазақстан аумағында іс бастамақ болғандардың барлығы бұдан  үйренуі керек екенін айтады.

Бұдан біраз уақыт бұрын Ресейде археологиялық зерттеуге қатысты федералды заң әлсіз болғанын атап өтті сарапшы. Оған себеп археологиялық зерттеулерге қаражат бөлуге үзілді-кесілді қарсы болған құрылымдардың әрекеті. 2007 жылдан бері жұмыс істемеген бап 2014 жылы толығымен қалпына келтірілді.

"Археологиялық нысандардың табылуы туралы мәлімет жоқ кез келген аумақ алдымен археологиялық зерттеуден өткізілуі тиіс, содан кейін ғана құрылыс жұмыстары басталуы керек. Біздің басты міндет – тарихи мұраны сақтау. Білуімше, Қазақстанда да мемлекеттік органдарға қауымдастықтар мен бизнесмендер тарапынан қысым көрсетіліп жатыр, олар аумақта міндетті археологиялық қазба жұмыстарының  өткізілмеуін қалайды. Олар: егер мемлекет археологиялық ескерткіштер тапса, оны тіркесе, біз ақша береміз, ал олай болмаса, бұл мемлекеттің бас қатыратын шаруасы, өзі төлесін дейді. Мұндай сөзді Англия немесе Швеция сияқты тіркелген ескерткіштері көп мемлекеттер туралы айтуға болатын шығар. Бірақ Қазақстан мен Ресейдегі ескерткіштердің аз тіркелуі, бізде олар жоқ екенін білдірмейді, оның себебі ондаған жылдар бойы бұл істі ешкім қолға алмаған, оған қаражат та аз бөлінді. Сондықтан бүгін ол үшін инвестор төлеуі тиіс", – деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда да археологиялық жанжал ара-тұра қылаң беріп жүр. 2011 жылы қазақстандық археологтар Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолын салу барысында құрылысшылар Оңтүстік Қазақстанға қарай орналасқан ежелгі Құрлық қалашығының мәдени қабатын бұзғанын айтып, дабыл қақты. Ал былтыр Алматының маңындағы шаңғы кешеніне апарар жолды салу кезінде ежелгі Талхиз (Талғар) қаласы бұзыла жаздаған.  Осының алды алынбағанда  ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізімінен Ұлы Жібек жолының барлық ескерткіштерінің жойылуына әкелер еді.

Ортақ одақ – ортақ заң

Мәдени мұра нысандарын қорғау жөніндегі ресейлік сарапшы болашақта Қазақстан мен Ресейдің археология саласына қатысты ортақ заң туралы сөз болуы мүмкін бе деген abctv.kz-тің сұрағына "мүмкін" деп жауап берді. Сондай-ақ Қазақстанның мәдениет саласындағы заңнамасы ТМД-ның мәдени мұраны қорғау туралы заңнамалық актісі негізінде жасалғанын еске салды. Алексей Ковалев бұл құжатты дайындауға жәрдемдесіпті. Соның негізінде ол қазіргі  қолданыстағы РФ "Мәдени мұра нысандары туралы" заңын жазып шығарған екен. Бұл заң 6 жыл бойы мемлекеттік думада қабылданбай, көптеген түзетуден кейін ғана мақұлданған. Бірақ кейін түзетулер бастапқы қалпына келтірілген.

"2002 жылы мәдени мұра нысандары туралы федералды заң шыққаннан кейін, ТМД елдерінің ассамблеясы ескерткіштерді қорғау туралы үлгілік акті қабылдады. Өкінішке қарай, мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі Қазақстанның заңында  ТМД актісінің көптеген ережелері ескерілмеді. Оның ішінде археологияға қатысты  маңызды нормалар да бар", – деп ескерді ол.

Қазір Алексей Ковалевтің айтуынша, мәдени мұраны қорғау жөніндегі ТМД-ның заңнамалық актісіне парламентаралық ассамблея арқылы түзетулер енгізу көзделеді. Қазақстан мамандары да осы бағытта бірлескен жұмыс жүргізу туралы ойланып жүр.

Алина Альбекова, Әйгерім Сүлейменова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу