"Кәсіпкер қиындықпен жалғыз қалмауы керек"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2226

Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-омбудсмендері бірлесіп жұмыс істеуге әзір.

"Кәсіпкер қиындықпен жалғыз қалмауы керек"

Орталық Азиядағы қос мемлекет өзге саладағы байланысты былай қойып, енді кәсіперлердің құқығын қорғау бағытында бірлеспек. Алғашқы қадамды жасап та үлгерді. Екі елдің бизнес-омбудсмендері Болат Палымбетов пен Ділмұрод Қасимов "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған "Заң үстемдегі – Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуының кепілі" атты форумда ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Құжат Қазақстан мен Өзбекстан арасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және ақпарат алмасу бағытындағы ынтымақтастықты арттыруды көздейді. Бұл ретте, қос тарап іскерлік ахуалды жақсартуға да бейілді. Болат Палымбетовтың айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер шет елде де қиындықпен бетпе-бет қалмауы керек. Сондықтан, мұндай келісімдердің маңызы зор. Сондай-ақ, бұл қадам бизнес-омбудсмен институтының халықаралық деңгейге көтерілгенін айғақтайды.

Өзбекстанның бизнес-омбудсмені Ділмұрод Қасимовтың сөзінше, ала шапанды ағайын кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында қазақтармен байланысты күшейтуді қалайды. Айтуынша, бизнес-омбудсмен институты –  мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы алтын көпір.

Қазақстанның бизнес-омбудсмен институты осымен екінші елмен ынтымақтастық туралы келісімді бекітіп отыр. Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендері де келісімге қол қойған болатын.

Ділмұрод Қасимовтың дерегінше, бүгінде Өзбекстанда қазақстандық 362 компания табысты жұмыс істеп тұр. Соңғы жарты жылдың өзінде 87 жаңа қазақ-өзбек бірлескен кәсіпорыны құрылған екен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, төрт есе жоғары.

Форумға қатысқан мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп жатқанын жеткізді.

"Соңғы екі жыл көлемінде "Атамекенмен" бірлесіп ұйымдастырылып келе жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кәсіпкерлер форумы бизнес пен қоғам тарапынан оң бағасын алды. Мәселен, былтыр бірлескен жұмыстың нәтижесінде бизнес үшін аса маңызды 16 салада жемқорлық тәуекелдері бойынша маңызды талдау жүргізіліп, 800-ден астам ұсыныс әзірленді. Оның орындалуы 2 кодекс, 6 заң және басқа да нормативті-құқықтық актілерде көрініс тапты. Бұл кәсіпкерлікке қысым көрсетуді азайтуға мүмкіндік берді", – деді форумда Олжас Бектенов.

Деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу дерегі бойынша 976 факті анықталып, бұл әрекеті үшін 389 лауазымды тұлға сотталған. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

"Ұлттық палата мен агенттіктің бірлескен жұмысы елдегі бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік берді. Енді ортақ қызметті жаңа форматта жүргізуіміз қажет. Бұл орын алған өзгерістерге жылдам бейімделуге жол ашады. Өйткені, жаңа заманның талаптары мемлекет үшін де, бизнес үшін де өзекті. Бүгінде агенттік инвестициялар және даму министрлігімен және сыртқы істер министрлігімен бірлесіп "Protecting Business and Investments" атты жобаны жүзеге асыруға кірісті. Ондағы мақсат – кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы шарттар құру және инвесторлар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік органдарға деген сенімділігін арттыру", – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу