"Қазақстанның экономикасын ДСҰ емес, жалпы әлемдік бәсеңдеу тұралатып тұр"

Асқар Момынов Асқар Момынов
2353

Елімізде ДСҰ-ның қамқорлығымен сауда саясаты бойынша аймақтық курстар ашылды.

"Қазақстанның экономикасын ДСҰ емес, жалпы әлемдік бәсеңдеу тұралатып тұр"

Алматыда Дүниежүзілік сауда ұйымының жетекшілік етуімен тренинг түріндегі екі айлық курс басталды. Бұл курсқа қатысатын еліміздің экономистері, мемлекеттік қызметкерлері және сарапшылары ДСҰ-ның ережелерімен жете танысатын болады. Курстың ашылуына қатысқан ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстан экономикасының баяу дамуы ДСҰ-ға кірумен байланысты деу қате екенін, оған жалпы әлемдік өсудің бәсеңдеуі сияқты кедергілер негіз болып отырғанын атап кетті.

"Әлемдік сауданың өсу қарқыны көптеген жылдар ішінде алғаш рет баяулап отыр. Бұрын әлемдік сауданың өсуі жаһандық ЖІӨ-нің өсу қарқынынан екі есе асып түсетін. Ал қазір кері процесс жүруде: жаһандық ЖІӨ-нің өсу арыны сауда көлеміне қарағанда жылдам дамуда. Сіздер жаһандық сұраныстың оның қалыптасуына үлес қосып отырған елдерде, яғни ҚХР, АҚШ, ЕО-ға мүше елдерде баяулағанын білесіздер", – деді вице-министр.

Вице-министр Қазақстанда өтетін ДСҰ-ның сауда саясаты бойынша екі айлық курстың маңыздылығына да тоқталып кетті. Өйткені еліміз Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ елдері арасында оны өткізу құқығын жеңіп алды. Алматының өтінімі 12 бәсекелестің алдын орап кеткенін де айтып өтті.

"Мемлекеттік қызметкерлер қатысатын екі айлық курс олардың сауда саясаты саласындағы, сондай-ақ халықаралық сауда ұйымдары институттары саласында білімдерін толықтыруға бағытталған. Олар Дүниежүзілік сауда ұйымында қандай ережелер мен рәсімдер қабылданғанын, қандай нормативтік заңнамалық база қолданылатындығымен танысады", – деп түсіндірді Тимур Жақсылықов.

Оқыту курсы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің және Қазақстанның БҰҰ-ның бөлімшесінде және Женевадағы басқа ұйымдардағы тұрақты өкілдігінің қолдауымен өтеді. Курстан өту барысында мемлекеттік аппарат қызметкерлері құжаттау, ДСҰ-ға мүше болудағы техникалық мәселелер, Орталық Азия, Кавказ, Түркия, Шығыс Еуропа елдерінде сауда серіктестігіне қатысты жұмыс сияқты мәселелер бойынша білімдерін толықтырады.

ДСҰ-ның бас директорының орынбасары Йи Ксяоджун ДСҰ барысында елдерге дұрыс сауда жағдайын құру маңызды екені атап кетті. Оның айтуынша, қазақстандық мемлекеттік қызметкерлерді ДСҰ ережелері бойынша сауда саясаты негіздеріне оқыту – осы бірлестіктің жаңа қатысушы ретінде өз мүдделерін қорғау үшін керек.

Вице-министр курсты өткізу үшін еліміздің бюджетінен бір тиында шықпайтынын, бірақ та біздің қатысушыларымыз ДСҰ ішіндегі дауларды шешудің рәсімдері, тыйым салынған шараларды даулаудың рәсімдері қандай екенін, саудадағы техникалық кедергілерді шешу жолдары, ұйымдағы демпингке қарсы тергеу қалай жүргізілетіндігі туралы мәліметтермен кеңінен танысуға мүмкіндік алатындығына да тоқталып кетті.

Ұлттық экономика вице-министрі еліміз 18 жыл ішінде ДСҰ-ға мүше болуға қол жеткізгенін, еліміз қолайлы инвестициялық ахуалы бар ел болып танылғанын және әлемнің 185 мемлекетімен сауда қарым-қатынасы бар екенін, сауданың 90%-ы ДСҰ елдерімен жүргізілетінін де айтып өтті. Сондықтан ұйымға кірудің дұрыстығы жайында айтылған әңгіменің қайсы болса да қисынсыз емес деп есептейді. Сонымен бірге вице-министр еліміздегі сауда көлемі 2016 жылы 58 млрд долларға жетіп, он жыл ішінде елімізге 200 млрд доллардан астам инвестиция тартылғанына да тоқталып кетті.

Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Сағадиев болса, Қазақстан ДСҰ-ға мүше болудан қалай болғанда да оң нәтиже алатынын айтады. Оның айтуынша, сауда бәсекелестігі жергілікті өндірушілерге жұмыс тәсілін өзгертуге әкеледі. Қазірдің өзінде аз шығын шығатын тауар алу үшін бұрын қолданылмаған ресустар қолданылуда. Халықаралық нарыққа шықан қазақстандық тауар өндірушілер жұмыстың тиімділігін арттыра отырып, клиент үшін күрестің озық әдістерін қолданатын болады.

Йи Ксяоджун оқыту курстары жұмысына аймақтық ғалымдардың оқытушы ретінде қатысуы ДСҰ-ға аймақтағы сауда саясатының дамуын қадағалауға, жаңа ережелерді және ДСҰ аясында көптарапты сауда өзарақатынасы стандарттарын құруда ұйымның мүмкіндіктерін арттыруды анықтауға жәрдемдесетінін айтты. Оның айтуынша, оқыту курстарын Алматыда өткізу көптарапты сауда жүйесінің басымдықтарын толық пайдалану мақсатында Қазақстан мен ДСҰ арасында ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға көмек болады.

Сонымен бірге шенеуніктердің және ДСҰ өкілдерінің қуанышты мәлімдемелеріне қарамастан, сарапшылар еліміз ұйым барысында айтарлықтай ұзақ және үлкен бейімделу кезеңін бастан өткеретінін айтады.

ҚР макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов шетел Қазақстанды дамыған ел ретінде бағалайтынын, ал бұл өндірушілерге қорғаудың қажет болмайтынын көрсететіндігін айтты. Алайда іс жүзінде еліміз дамушы елдер қатарына жатады. Кейбір салалар бойынша, атап айтсақ, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі бойынша өте төменгі деңгейде. Сондықтан сала көлеміне қарай қорғау шараларын белгілі көлемде 8-10% шамасында қарастыру керектігін айтады. Мысалы, Қытайда бұл көрсеткіш 8,5%-ды құрайды деп көрсетті ол.

Экономистің айтуынша, ұйымға мүше болудан ең үлкен пайда табатын сала – бұл металлурагия. Шикізат экспорты ДСҰ нормаларымен реттелмейді, ал Қазақстан үлкен технолдогиялық балқыту өнімін шығармайды. ДСҰ талаптарын орындауда еліміз азық-түлік өнеркәсібінен бастап, көлік шығаруға дейінгі өндірісті дамытуға жол ашады.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу