"ҚазМұнайГаз" ҰК" мен ПМХЗ басшыларының басына бұлт үйіріліп тұр

4305

МӨЗ-дің  жаңғыртудан өтуі энергетика министрлігі мен "ҚМГ"-ны жанар-жағармай дағдарысының шегіне жеткізді.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" мен ПМХЗ басшыларының басына бұлт үйіріліп тұр

Энергетика министрі Павлодар мұнай-химия зауытын (ПМХЗ) жаңғыртуды аяқтау тағы кейінге қалатын түрі бар екенін ескертті. Министрлік жоғары октанды бензинді өндіруді жүзеге асырудың ең соңғы мерзімі  ­8 қараша деп  белгіледі. Егер осы мерзімде зауыт іске қосылмайтын болса, онда "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның мұнай тасымалдау,қайта өңдеу және маркетинг жөніндегі  вице-президенті  Данияр Тиесов пен ПМХЗ директоры Шухрат Данбай жұмыстан кетеді. Министрлікте ПМХЗ-ны жаңғыртуға қатысты өткен жұмыс кеңесінің қорытындысы осындай болды.

Энергетика министрлігінің қойып отырған талабын орындау оңайға соқпайтын түрі бар. Өйткені "ҚМГ" зауытты жаңғыртуды аяқтаудың ақырғы мерзімі - осы жылдың желтоқсан айы деп отыр. Ал бұл жанар-жағармай тапшылығының қайта туындауына әкеледі. Жағдайдың ушығуына қараша-желтоқсан айында Атырау мұнай өңдеу зауытындағы катализаторлық крекингті іске қосу себеп болды.

ПМХЗ-ны іске қосудың мерзімін кейінге қалдыру  мұнай өнімі өндірісінің  төмендеуін және ресейлік бензинге деген қажеттілікті арттырады. Осы арада айта кетерлік жайт – АМӨЗ бен ПМХЗ - ның жылына 10,1 млн тонна жанар-жағармай шығаратын қуаты бар, ал бұл еліміздегі  барлық қайта өңдеу қуатының 66%-на тең.

Тәжірибеден көріп отырғанымыздай, нарықта ресейлік жанар-жағармай үлесінің артуы  ЖЖМ станцияларындағы бағаның өсуіне әкеледі. Өйткені ресейлік бензин отандық бензинге қарағанда қымбат.  Ресейдің орталық диспетчерлік басқармасының мәліметі бойынша, 22-29 қазан аралығында АИ-92 бензинінің  бір литрі үшін орташа баға 37,76 рубль болған. 3 қараша күні теңгенің рубльге қатысты ресми бағамы 5,76 теңге болды. Осыған қарап  Ресейдегі АИ-92 бензиннің бағасы шамамен 217,5 теңге болғанын білуге болады. "Мұнай мен газдың АСО" АҚ-тың мәліметі бойынша, Қазақстандағы АИ-92 бензинінің 1 қарашадағы бағасы бір литр үшін 156,49 теңге болған.

"Данияр Тиесов пен Шухрат Данбайдың осы мәселеге қатысты берген ақпары тыңдалғаннан кейін, жекелеген қондырғыларда ақаулардың туындауы туралы ұсынылған деректердің негізінде Қанат Бозымбаев мұнай өнімдерін өндіру жабдықтарын орнату мерзімдері орындалмауы мүмкін екендігін ескертті", ­-делінген ведомствоның баспасөз баянында.

Энергетика министрлігінің  болжамдары осы жылдың қараша-желтоқсан айларында өндірістік қуаттың төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді. Ведомство жағымсыз салдарды жою үшін осы аптада ПМХЗ-ның жаңғырту жұмысының ұзаққа созылуының себептерін анықтауға комиссия жіберді.

Дәл қазіргі уақытта ПМХЗ жөндеу жұмыстары біткеннен кейін (26 қазанда біткен) өндірудің бұрынғы көлемін қайта қалыпқа келтіре алды ма, ол  жағы белгісіз. Мақала  жазу кезінде abctv.kz-тың осы мәселеге қатысты "ҚМГ"-ға жасаған сұранысына жауап болмады.

ПМХЗ-ның жұмысымен таныс дереккөзінің abctv.kz-ке айтуынша, "АИ-92 бензинін жөнелту жүріп жатыр, бірақ оның көлемі аз".

Еске сала кетер болсақ, өткен аптада энергетика министрі Қанат Бозымбаев ПМХЗ-ның жөндеу және жаңғырту жұмысының аяқталғанын айтқан болатын. Сондай-ақ министр зауат жоғары октанды бензинді 30 қазаннан бастап шығара бастайды деп уәде берген еді. Оның айтуынша, Шымкент және Павлодар зауыттарын толық пайдалану көзделген, ал Атырау зауытының жүктемесі қысқартылған.

Отырыстың қорытындысы бойынша энергетика министрі жақын арада ішкі нарықты жоғары октанды бензинмен және дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Яғни ЖЖС желілері қараша айына Ресейден келетін бензинге шарт жасап қою қажет. Осыдан бір ай бұрын ведомство Ресейден келетін  90-100 мың тонна АИ-92 бензиннің көлемі ПМХЗ іске қосылғаннан кейін айына 30-40 мың тоннаға дейін төмендейді деген еді. АМӨЗ бен ПМХЗ-ны жаңғырту жұмысы дер кезінде аяқталғанда, АИ-92 бензинін өндіру қарашада 76 мың тоннадан 236 мың тоннаға дейін, ал желтоқсанда 266 мың тоннаға дейін жететін еді.

Жанар-жағармай дағдарысы энергетика министрлігі мен "ҚМГ" басшылығын орнынан алуға әкелді. Қазан айында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев "ҚМГ" басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаевқа сөгіс жариялады. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен "ҚМГ" басқармасы төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев жұмыстан кетті. Сондай-ақ энергетика министрі Ақордадан сөгіс алды.

Еске салсақ, екі МӨЗ-ді бірден жоспарлы жөндеу жұмысына қою нәтижесінде қазан айында  ішкі нарықта ЖЖМ тапшылығы  орын алды. 

АМӨЗ-де жөндеу жұмысы 18 тамыз бен 22 қыркүйек аралығында жүргізілді. Мұның артынша  20 қыркүйек пен 26 қазан аралығында ПМХЗ жөндеуге жабылды. Басында ПМХЗ-ны жөндеу жұмысы шілде айына жоспарланған болатын, алайда жабдықтарды жеткізу мерзімі ұзарып кеткендіктен, жөндеу жұмысы қыркүйектің соңына ауыстырылды. 

Зауыттарды жаңғырту жұмысының мерзімі тағы да созылатын болса "ҚМГ" башылығына ғана қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар ішкі  нарықтағы ЖЖМ жағдайы үшін қауіп төндіреді, ал бұл энергетика министрлігі басшыларының орнын сақтап қалу, қалмауына тікелей әсер етеді.

Құралай Әбілғазина, Арман Жақып

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу