"ҚазТрансГаз Аймақ" клиенттерге 268 млн теңгені қайтарып береді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2894

Ақша 2017 жылдың 18 желтоқсанына дейін тұтынушылардың қолына тиюі керек.

"ҚазТрансГаз Аймақ" клиенттерге 268 млн теңгені қайтарып береді

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ заңсыз есептеулерден түскен қаржыны тұтынушыларға қайтарып береді. Бұл туралы  ҚР ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Монополияға қарсы орган "ҚазТрансГаз Аймақ"-қа бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылу-бұзылмауына қатысты тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша компанияның өз үстемдігін теріс бағыттарға пайдаланғандығы анықталды. Атап айтқанда, "ҚазТрансГаз Аймақ" тауарлы газдың түзету коэффициенттерін негізсіз есептеген. Сондай-ақ, тұтынушылармен ешқандай себепсіз әрі негізсіз түрлі шарттарды қолдана отырып келісімдер жасаған.

Осыған орай, монополияға қарсы орган компанияға қатысты әкімшілік іс қозғады және акционерлік қоғамға еліміздің Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзуды тоқтатып, оның салдарын жою туралы нұсқау шығарды.

Бес айға созылған сот ісінің қорытындысы бойынша Астана қаласы соттарының шешімімен акционерлік қоғам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни, монополияға қарсы орган қабылдаған нұсқау өз күшінде қалдырылды. Сонымен қатар, компанияға газды тұтынушыларға түзету коэффициенттерін заңсыз есептеуді тоқтатып, дәл осындай жолмен алынған қаржыны кері қайтару туралы нұсқау берілді.

Естеріңізге сала кетейік, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ 2012 жылдың шілде айынан бері тұтынушыларын қанап келген.

Акционерлік қоғамға 13,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде айыппұл толықтай төленген. Компанияның деректеріне сүйенсек, екі миллион тұтынушыға қайтарылуы тиіс сома – 268 млн теңге. Нұсқауға сәйкес, "ҚазТрансГаз Аймақ" қаржыны 2017 жылдың 18 желтоқсанына дейін қайтаруға тиіс.

Бұл ретте, таяу күндері барлық өңірде заңсыз есептелген қаржыны қайтаруға байланысты баспасөз мәслихаттары ұйымдастырылмақ. Онда ақшаны қайтарып алудың тетіктері түсіндірілмек.  

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу