"Қырғыз базарды" қырсық шалды

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
11170

Жамбыл облысында 5 мыңнан астам қырғызстандық сауда-саттықпен айналысады.

"Қырғыз базарды" қырсық шалды

"Ауыл-Береке" қазақ-қырғыз базары жабылады деген қауесет тарағанда Жамбыл облысының саудагерлері өре түрегелді. Өйткені олар осы базар арқылы нан тауып, бала-шағаларын асырап отыр.

Айта кетейік, базардың басым бөлігінде Қырғызстаннан жеткізілетін жеміс-жидек пен көкеніс саудаланады. Сондықтан қарапайым халық бұл жерді "қырғыз базар" атап кеткен.

Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін Жамбыл облысы мен Қырғызстанның бірнеше облысы арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың нәтижесінде өңірді көрші ағайынның тауары жаулап алды. Ал шекарадағы тексеріс күшейгенде тауар тасқыны сап тыйылды.    

Бұған дейін Жамбыл облысы Қырғызстанның Шу, Талас облыстарымен сауда-экономикалық байланыс орнатқан болатын. Бұл байланыс 2012 жылдың 2 шілдесі мен 2014 жылдың 2 наурызында және 20 қарашасында ресми рәсімделген еді. Келісімге сәйкес, Жамбыл облысының базарларында Қырғызстанның жеміс-жидегі мен көкенісі ғана емес, сүт өнімдері де саудаланатын болған. Бұған қоса Қырғызстан кәсіпкерлері үшін облыс орталығындағы сауда базарларының аумағынан 2 мыңнан астам сауда орыны ұсынылды.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 40-тан аса базар бар. Мұнда 5 мыңнан астам  қырғызстандық сауда-саттықпен айналысып жүр.  Осыдан бірнеше жыл бұрын жалға алу құнына жеңілдік бере отырып, Қырғызстан азаматтарына Тараз қаласының орталық базарынан  - 4 мың, "Атакент-Тараздан"  - 5 мың, "Берекеден" ("Ауыл-Береке" базарының жанында) - 50, Қордай ауданындағы "Барыс 2-ден" - 2011, "Дастай атадан" - 56, Меркі ауданындағы орталық базардан  - 70, "Хан базарынан" - 8, Тұрар Рысқұлов ауданындағы орталық базардан  - 20 орын берілді. Таяуда осыған қатысты дау туды. Сот

"Ауыл-Береке" базары аумағындағы  29 гектар жерді алып жатқан сауда орнының мақсатсыз пайдаланылғанына қатысты шешім шығарды.

Түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық.

Тараз қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 11 маусымдағы №456 қаулысымен азамат М.Кангиреевке "Ауыл-Береке" бөлшек сауда орнын құру үшін 6 жыл мерзімге жалпы аумағы 0,4500 гектар жер телімі берілген. Бұған қоса М.Кангиреевке өзінің өтінішіне бойынша қосымша Мәмбет батыр көшесі 2 "А" мекенжайынан 29,3640 гектар жер телімі бөлінген. Даудың басы дәл осы мекенжайдан басталды. Себебі бұл жерде жабайы саудаға жол берілген.

Тараз қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша, жоғарыда көрсетілген мекенжайда сауда орталығы, арнайы контейнерлер, қойма мен уақытша автотұрақ және демалыс аймағы болуы керек. Бұл жерде мұның бірі де жоқ. Қырғызстаннан жеткізілген азық-түлік пен бақша өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек жүк көліктерінің тиемесінен түсірілместен жабайы түрде сатылып жатыр. Осыған қатысты Жамбыл облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты биыл 2 наурызында кәсіпкер М.Кангиреевке 29,3640 гектар жер теліміндегі сауда орнын ретке келтіруге 2 ай уақыт берген. Алайда сот шешімі жауап беруші тараптың аппеляциялық сотқа жүгінуіне байланысты заңдық күшіне енбеген. Мұны назарға алмаған сот орындаушылары шу шыққан жерге барып, арнайы қоршау орнатуға кірісіп кеткен. Дәл қазір кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін тап басып айту мүмкін емес. Сондықтан қалың көпшілікке қырсық шалып тұрған "қырғыз базар", яғни  "Ауыл-Береке" жабылады" деген дақпыртқа сенбеген жөн.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу