"Мен 2020 жылға дейін сайланғанымды тағы да естеріңізге сала кетейін. Әлі ойланатын уақыт бар"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2395

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы президенттің орнын басу мәселесіне қатысты пікір білдірді.

"Мен 2020 жылға дейін сайланғанымды тағы да естеріңізге сала кетейін. Әлі ойланатын уақыт бар"

"Менің жұмысым, қызметім туралы айтып жатқаны мен үшін мәртебе. Рақмет, ризамын. Осы жылдары Қазақстан халқы маған сенді. Соңғы сайлауда, референдумда – 97%. Кісілер маған дауыс беру үшін кезекте тұрды – одан артық сый-құрметтің қажеті жоқ. Отандастарымның осындай зор сеніміне ие бола алғаным  бұл – кез келген президенттің арманы деп ойлаймын", – деді ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

"Әрине жұмыс ауыр, үнемі көңілің күпті жүреді, бұл мемлекет үшін тағы не істеу керек деп үнемі ойда жүресің. Бірақ мен керек екенімді сезінемін, бұл жұмыс менің қолымнан келіп жатыр, сондықтан мен жұмыс істеймін. Мен 2020 жылға дейін сайланғанымды тағы да естеріңізге сала кетейін. Әлі ойланатын уақыт бар (орнын басушы туралы – автордың ескерп.)", - деді ол.

Мемлекет басшысы орнынан кеткеннен кейін де Қазақстанның стратегиялық даму бағыты өзгеріссіз қалады деп сендірді, оған сәйкес парламент Конституцияға түзету енгізді (91 бап). Оның ойынша, одан әрі президент лауазымында жұмыс істеуі халықтың сенімі мен күш-қайратына, тәжірибесіне байланысты болады.

"Жас шамасы туралы сұрақ – мағынасыз сұрақ. Кәрі шалдарға ұқсайтын 30 жасар адам бар, сондай-ақ ширақтығы 30 жасар адамға келетін 80 жастағылар бар. Мұның барлығы адамның өзіне байланысты. Мемлекет басшысы өзіне артылған міндетті атқаруда халықтың өмірін жылдан-жылға жақсарта ма, жоқ па? Мәселе осында жатыр", - деп баса айтты Елбасы.

"Меніңше президенттің жұмысы – күш-жігеріңді, тәжірибеңді, қуатың мен өміріңді 100%-ға құрбандыққа шалуға дайын болатын жұмыс. Егер сенің жағдайын осылай жұмыс істеуге мүмкіндік бермесе, онда сен істейтін жұмыс жоқ", - деді президент.

Кезінде Маргарет Тетчер осындай сұраққа: "Англия мені керек еткенінше және өзім шаршамайынша жұмыс істей беремін" деп жауап бергенін еске салды ол.

Президент сондай-ақ оның құрметіне ескерткіш салу мәселесіне және осы тектес ұсыныстарға қатысты өз пікірін білдірді.

"Бұған қарсымын, бұл маған қажет емес. Мен үнемі бұл туралы ашық айтамын. Барлық билеушілердің ақылшысы болған Марк Аврелий былай деген: көзі тірісінде ескерткіш қою деген – болашақ ұрпақ сені еске алатынына сенбеу. Өздеріңіз қараңыздаршы, кезінде Ленин, Сталинге ескерткіш қоямыз деп шулаған адамдар кейін оны аяққа таптады. Мен президенттіктен кеткеннен кейін келесі ұрпақ солай шешсе, мен бұған ықпал ете алмаймын, келісуге мәжбүр боламын", – деді ол.

Назарбаев университетіне атын беруге келісім беруі барлық университеттерге үлгі болсын дегенін еске салды президент.

"Ал қалғанына мен келісім берген жоқпын. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, қайталап айтамын: бұл маған қажет емес, бұл маған ұнамайды. Мен мынаны айтайын: саясаткер туралы, жалпы кез келген адам туралы оның ісіне қарап айтады. Қандай адам болды, қолы ашық, адагершілігі жоғары адам болды ма, жақсы әке, ана болды ма, артына қандай із қалдырды – осыған қарап ой түйеді. Ал мен несіне уайымдайын? Менің тағдырымда халқымды басқару керек еді, Қазақстан деген жаңа мемлекет құрып, оны картаға белгілетуім керек еді, ен даладан басынан бастап осы елдің астанасын салуым керек еді. Ал қараңыздар, Астана – еліміздің мақтанышы", – деді Елбасы.

Бұл ретте мемлекет басшысы елорданың атын өзгертуге қарсы екенін атап кетті. Президент соңғы кадрлық тағайындауларға да тоқталды.

Менен "кадрларды неге ауыстырасыз, уайымдамайсыз ба?" деп сұрайды. Уайымдаймын. Мен адамды тағайындаған кезде кейін лауазымынан бостау үшін қоймаймын. Ол ұзақ уақыт жұмыс істеп, елге пайдасын тигізсін деп тағайындаймын. Басшы қасына артылған міндетті орындап, табыс әкелетін адамдарды жинауы тиіс. Осының орнына ол саған келіп: "Оны қалай істеймін?" – деп сұрайды. Сөйтіп ол адамның өзі саған қиындық тудырады. Ал күрделі мәселені шешу керек, сондықтан оларды орнынан бостауға тура келеді. Біреулері өзін-өзі жығып береді, енді біреулері зейнетке шығады, кейінгілерін ауыстырамыз, жоғарылатамыз. Өте білімді, табысты, жақсы жұмыс істейтін адамдар бар, сондықтан орын ауыстыру деген – өмір. Қатып қалған ештеңе жоқ", - деді ол.

Елбасы қол астындағылардың арасындағы сыбайлас жемқорлық әрекеттері оны қынжылтатынын баса айтты.

"Бұл мені қатты қынжылтады. Тәуелсіздің алғашқы жылдары жоғары лауазымға қойған жігіттерді естеріңізге алыңызшы, 30-дан асқан шағында министр қылып қойған Әбіләзовты қараңызшы, кезінде ол өте жақсы жұмыс істеді. Көріп отырғанымыздай кейін жолынан тайды, ұрлады. Екінші рет кешір, үшінші рет қоштас. Мен осындай ұстанымды қолдаймын. Уақыты келгенге дейін сенім білдіру керек. Жалпы бір рет сатып кеткенге, мен екінші рет сенбеймін, бұл дұрыс деп есептеймін. Қатал шығар, бірақ осы дұрыс, себебі ол міндетті түрде қайтадан шалыс басады. Сол себепті кадр мәселесі өте маңызды", - деді ол.

Ұрланғанның барлығы мемлекетке қайтарылады

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес одан әрі жалғасады, ал ұрланғанның барлығы мемлекетке қайтарылады деп сендірді Президент.

"Біз жай қарап отырмыз деп ешкім ойламасын. Бақылап, қадағалап отырған адамдар, құқық қорғау органдары бар, олар өз нанын текке тауып отырған жоқ. Ұрланғанның барлығы мемлекетке қайтарылады, заң бұзған адам түптін түбінде жазасын алады. Біз осы бағытта жұмыс істеуімізді тоқтатпаймыз", - деп мәлім етті ол.

Мысал ретінде Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты келтірді.

"Мемлекеттік қызмет – мәртебелі іс, ол мемлекетке қызмет ету үшін келді, мемлекетке адалдығын үлгі ретінде көрсетуі керек. Сот әлі өз сөзін айтқан жоқ, бірақ жас министр, "Болашақ" бағдарламасының түлегі (бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев – автордың ескертп.) өз серіктерімен ұсталды, қылмыстық топ ұйымдастырды, қазір тергеу жүріп жатыр", – деді ол.

"Елді осындай опасыздықтан тазарту үшін біз осылай істейміз", - деп қадап айтты мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, мұндай зұлымдықты халық болып, ел болып жеңе аламыз.

"Ұрлық-қарлық, жемқорлық бар елдер онымен бірігіп күреседі. Мысалы Сингапурда мынадай тәртіп бар: егер бір бөлімде 10 адам жұмыс істесе, оның біреуі әлдекімнен бір нәрсе алмақшы болса, біліп қойған адам міндетті түрде хабарлауы тиіс. Егер олай істемесе, жазаланады. Бірақ біз үшін ол ең соңғы шара", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік қызметшіге лайық еңбекақы тағайындау және мемлекеттік лауазымға адамды тағайындау кезінде меритократия қағидасын сақтау сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың бір шарасы екенін атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Жабдықтар мен машиналарды ауыстыру керек

Елбасы кәсіпкерлікті дамыту қажет екенін еске салды.  Дәлірек айтсақ, экспортқа бәсекеге қабілетті өнімді шығаруға болатындай еліміздегі өндірісті дамыту туралы сөз болды.

"Өнім бәсекеге қабілетті болуы үшін екі нәрсе қажет. Бағасы тиімді болуы керек және сапасы жоғары болуы шарт. Сапа жаңа технологиялар арқылы қамтамасыз етіледі. Әлемдік тәжірибені зерттеу керек. Баға еңбек өнімділігін жоғарылатуға байланысты белгіленеді. Яғни кәсіпорындардағы құрал-жабдық, машина, механизмдерді ауыстыру керек. Сонда тауардың бағасы бәсекеге қабілетті болады. Біз осыны үйретуіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Мысалға  отандық автокөліктерді шығара бастадық, оны жан-жаққа сатамыз. Сиыр етін сыртқа шығаратын болдық. Жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кейбір тауарлары шетел нарығына шыға бастады және сапалы деп танылып жатыр, оны мен білемін. Олар минералды тыңайтқыштарсыз өсіріледі, экологиялық таза өнім".

Үкімет өзге елдердегідей экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қолдау көрсету керек екенін баса жеткізді президент. Бизнесті дамыту еліміз үшін өте маңызды екенін айтты: осы мақсатқа жету үшін несие, субсидия беріліп жатыр, оның ішінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер де бар.

Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті жердің жағдайын ескеріп, бизнес жүргізуді үйретуге әкімдерге тапсырма бергенін еске салды.

"Халықты оқытумен айналысу үшін әкімдерге тапсырма бердік. Біз 100 бизнес-жұмыс тізімін жасадық. Олар ауылға келіп: сенің ауылында осымен айналысуға болады дейді. Содан соң оны қалай іске асыру керектігін үйретеді, қайдан несие алып, неге арқа сүйеу керектігін айтады", – деді ол.

Жалпы еліміздің экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 70%-ға жеткізуге талпынуымыз керек екенін баса айтты президент.

Жанболат Мамышев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу