"Нұрлы жер" бағдарламасы қайта жазылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
12500

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бизнестің сыны мен үкіметтің өзгертуіне ұшырады.

"Нұрлы жер" бағдарламасы қайта жазылады

Жақында ғана қабылданған "Нұрлы жер" бағдарламасын қайта өзгертуге тура келіп жатқан көрінеді. 

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында жария етілді. Бұл мәселе үкімет жиынының күн тәртібіне "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы: 9 айдың қорытындысы және механизмдерін өзектендіру" деген тақырыппен шығарылды.

Насихаты мен жарнамасына бүкіл үкімет мүшелері жұмылдырылғанымен, коммерциялық банктер бұл мембағдарламаға сонша құлық пен қызығушылық танытпай отырған көрінеді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "Нұрлы жер" аясында 14 өңірде банктердің халыққа 10 пайыздық жеңілдетілген ипотека беруді бастағанын мәлімдеді.

"Қазіргі кезде банктер қазақстандықтардан жалпы сомасы 7 миллиард теңге болатын 700 өтінішті қабылдады. 6,6 млрд теңгеге сомасындағы 650 өтінішті мақұлдады. Сонымен бірге биылғы жылы жүзеге асырылуы басталған бұл жаңа бағыттың орындалу қорытындылары оның тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Бұл бірінші кезекте заңнамамен байланысты. Оның үстіне банктердің барлығы бірдей бұл сегментке қатысуға құлық танытып отырған жоқ", – деген министр банктердің ынталанбауының негізгі себептеріне тоқталды.

Өйткені мысалға, банктер қарыз алушының ипотека бойынша төлемей қойғанына алты ай өтсе де өсімақы жаза алмайды екен. Сондай-ақ бірінші кезекте клиент енгізген қаржыға негізгі қарыз, тек содан кейін ғана банктің пайыздары өтеледі. Ал банктер өз ипотекасында керісінше тетікті қолданатыны мәлім. Бұған қоса сот тәжірибесі ипотека алушының кепілзатқа қойған жалғыз баспанасын банктің тартып алуына тосқауыл қоятыны да алға тартылды.

"Осыған орай, құрметті Бақытжан Әбдірұлы, бұл бағытты жүзеге асырудың қорытындыларын қосымша талқылап, "Нұрлы жер" бағдарламасына және заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігін көрсетеді. Бұл ретте Ұлттық банк "бұл ипотеканы субсидиялау құралын нарықтық деуге келмейді" деген пікір білдірді. Сондықтан біз бір ай ішінде Ұлттық банкпен және "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен және Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесе отырып, бұл мәселені қайта қарап, мембағдарламаны өзгерту және түзету бойынша үкіметке ұсыныстар енгізеді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, "Нұрлы жердің" басқа да бағыттары қайта жазылуы мүмкін.

"Бұлар сыртында 10 қазанда үкіметтегі дауыс беру нәтижесінде мембағдарламаға өзгерістер топтамасы мақұлданды. Негізгі өзгерістер квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттарын әкісмдіктердің пайдасына қарай қайта бөлуге қатысты болып келеді. Бұл кредиттік жеке тұрғын үй салу көлемін арттыру үшін қажет", – деді инвестициялар және даму министрі.

Сондай-ақ жаңа өзгерістер бойынша әкімдіктерге өткізілмеген кредиттік баспаналардың бір бөлігін сатып алуға және әкімдіктерде үй кезегінде тұрғандар арасында бөліске салуға мүмкіндік берілмек.          

Министрдің мәліметінше, 2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Оның ішіндегі 108,4 млрд теңге мемлекеттік инвестиция болып табылады.

"7,9 млн шаршы метр тұрғын пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға артық. Бағдарламаның жылдық жоспарына орай тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 78,2%-ға орындалды. Барлығы 69,9 мың баспана салынды", – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, биыл тек қана жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5 936 пәтердің (311,3 мың шаршы метр) құрылысы басталған. Оның ішіндегі 2 697 пәтер (150 мың шаршы метр) биыл пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта Атырау мен Жамбыл облыстарында 78 пәтер (4,9 мың шаршы метр) пайдалануға берілді. Қалғаны жоспар бойынша жылдың соңына дейін тапсырылмақ.

"Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған 60 мың жер учаскесіне, оның ішінде бұдан бұрын берілген 35,8 мың және жаңа 24,8 мың учаскеге инженерлік коммуникация тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жеке тұрғын үй құрылысының пилоттық жобасы аясында 6 өңірде бірыңғай сәулеттік стильде 1975 үйдің (219,3 мың шаршы метр) құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 362 үй биыл пайдалануға беріледі", – деді министр.

Жергілікті атқарушы органдардың кредиттік тұрғын үйлер бойынша 8495 пәтер жоспарланған. Іс жүзінде жылдың басынан бері 3731 пәтер (250 мың шаршы метр) пайдалануға берілді және жылдың соңына дейін 4764 пәтер (273,5 мың шаршы метр) тапсырылады. "Байтерек девелопмент" АҚ салып жатқан кредиттік тұрғын үй нысандары бойынша 6570 тұрғын үй салу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 4625 пәтер (278,2 мың шаршы метр) пайдалануға берілді және жылдың соңына дейін қосымша 1945 пәтер (111,4 мың шаршы метр) тапсырылатын болады.

"Құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру тетігі биыл 2-ші тоқсаннан бері белсенді жұмыс істей бастады. Бүгінгі күні екінші деңгейдегі банктер құрылыс компанияларының құны 57,2 млрд теңге болатын 32 жобасын қарап жатыр. Жалпы 35,1 млрд теңге сомасындағы 17 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде: Өңірлік үйлестіруші кеңестер және екінші деңгейдегі банктер 12,2 млрд теңге сомасындағы 11 жобаны мақұлдады. 22,9 млрд теңге сомасындағы 6 жобаға шарт жасалды. Қалған 15 жобаны екінші деңгейдегі банктер қарау үстінде", – деді министр Жеңіс Қасымбек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу