"Нұрлы жол" бағдарламасынан не хабар?

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3274

Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жоба табысты жүзеге асырылуда.

"Нұрлы жол" бағдарламасынан не хабар?

Аталмыш бағдарламаның ерекшелігі сол, ол  ел экономикасының өрісін кеңейтіп,  өсімін арттыра түседі, сонымен қатар қазіргі бар жұмыс орындарын сақтауға  және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етуге негізделген. Бұған қоса  іскерлік белсенділікті, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттырмақ. Жалпы алғанда бағдарлама негізгі екі блоктан тұрады. Оның біріншісі – инфрақұрылымды дамыту.  Қазір осы бағыттағы теміржол саласы мен көліктік логистикаға қатысты жобаларды іске асыруға ұлттық компаниялар қаражаты есебінен қаржыландыру 19  млрд теңгені құраса, Ұлттық қордан 75,3  млрд теңге қаражат бөлу қарастырылған. Демек, маңызды бағдарлама арқасында тиімді көліктік-логистикалық ел қалыптастыруға қатысты белсенді жұмыстың жүріп жатқан жайы бар. Көлік инфрақұрылымын кең ауқымда жаңғыртудың жемісті нәтижесін алдағы екі-үш жылда көреміз. Яғни, 2020 жылға қарай жүк айналымы 1,6 есеге, ал транзиттік жүк тасымалының көлемі 2 есе артады деп күтілуде. Жалпы аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген. Соның ішінде темір жол және әуе көлігі саласына қатысты жобалар бар...  

"Алматы – Шудың" екінші "тынысы" ашылды
"Нұрлы жол" бағдарламасы шеңберінде "ҚТЖ" ҰК" АҚ жүзеге асырып жатқан  маңызды жобалардың бірі Алматы – Шу темір жолы бойындағы екінші жолдар құрылысы. Екінші жолдардың салынуымен "Алматы  – Шу" телімінің екіншісі тынысы ашылды. Бүгінгі таңда аталған телімде екінші іске қосу кешеніне қатысты жұмыстар қызу жүріп жатыр.

Алматыдан Шуға дейін салынып жатқан екінші жолдардың жалпы ұзындығы 112,37 км болса, жобаның техникалық-экономикалық негіздеме бойынша құны 38,4 млрд теңгені құрап отыр. Мамандар сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмысына салған күрделі салымдар тек он бес жылдан соң қайтарылады екен. Құрылыс кезінде жасанды имараттар – су өткізетін құбырлар және көпірлер, бағыттауыш бұрмалар салынып, электр жеткізуші, белгі беру және байланыс желілері жөнделген. Ең бастысы, құрылыс барысында қазақстандық өндірушілердің материалдары пайдаланылып, бірінші кезекте жолға Ақтөбе рельс-арқалық зауытынан шыққан отандық рельстер  төселген еді. Алматы – Шу телімінде екінші жолдың салынуы, бұған дейін аталған телімде болып келген жолаушылар және жүк тасымалына қатысты күрделі мәселені біржолата шешіп, жүк айналымының өсімін 3 есеге арттырып, аталған телім бойынша жол уақытын 2 есеге дейін қысқартуда. Енді Алматыдан Астанаға дейін пойыздар екі жолмен  қатынауда. Бұл бірінші кезекте, жолаушылар пойызына жаңа серпін беріп отыр. Бұл жолдарда "Тальго" пойыздарының ең жоғарғы жылдамдығы 160 км/сағатқа дейін, жүк пойыздарынікі 120 км/сағатқа дейін арта түспек.

"Құрық" портының құрығы ұзын
"Нұрлы" жол бағдарламасы аясында салынып жатқан екінші нысан, Құрық портындағы паромдық кешен. Ол Транскаспий бағытында Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Биыл жыл басында аталған портта паромдық іске қосу кешенінің бірінші кезегі қолданысқа берілген еді. Соның арқасында, өткен алты ай ішінде 118 кеменің кіруі жүзеге асырылып, 510 мың тонна жүк ауыстырылып тиелген. Қазіргі кезде паромдық кешеннің автомобильге қатысты нысандары бой көтеруде. Автомобильді пирске арналған теңіз айдыны түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жүк автокөлігін ауыстырып тиеуді қамтамасыз етпек. Бұдан бөлек, көлік шаруашылығы мен әлеуметтік мақсаттағы нысандар салынуда.

Индустрия және даму министрлігінің құзырындағы көлік комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Потловтың  сөзінен Каспий теңізінің жағалауында бой көтеріп жатқан "Құрық" портының құрығы ұзын екенін көреміз. Яғни, аталған порттағы паром кешені Қытайдан Батыс Еуропаға жол тартатын жүк керуендерін теңіз арқылы Әзербайжанға, одан әрі Түркия арқылы басқа мемлекеттерге жеткізуге көмектесіп, еліміздің транзиттік мүмкіндігін арттыра түспек. Демек, "Құрық порты" Ақтау портына бәсекелес емес, керісінше,  жүк қабылдап, жөнелтуде серіктес.

"Құрық портындағы паромдық кешен Қытай мен Еуропа арасында жасалып жатқан жаңа транзиттік дәліздің маңызды орталығының бірі. Бұған дейін "Арқалық – Шұбаркөл" және "Бейнеу – Жезқазған" темір жол магистральдарын жүзеге асырдық. Енді "Құрық" станциясы іске қосылса және портқа таяу жерге салынатын зауыттар бой көтерсе, ел бюджетін молайта түсетіні анық. Бұған қоса, осы жерден су көліктерін жөндейтін және оған қажетті қосалқы бөлшектер жасап шығаратын зауытта салынады деп межеленген. Бұл шара "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асырумен қатар, тәуелсіздігіміздің де іргесін нығайта түсіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Бүгінде құрылыс жұмыстарында 500-ден астам адам жұмысқа тартылған болса, порт пайдалануға берілген соң 100-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі", дейді көлік комитетінің өкілі.

Ал  "Құрық порты" ЖШС бас директоры Мырзабек Сақтағанов, бұл жерден пароммен жөнелтілетін жүк Әзербайжанға 18 сағатта жететінін, егер де жүк көліктері басқа жолдармен жүретін болса, бірнеше тәулік жұмсалатынын айтады. Сондықтан құрылыстың екінші фазасы бітсе, жүк көлемі қазіргіден де арта түспек. Биыл бірінші жартыжылдықта 500 мың тоннаға жуық жүк жөнелтіліпті, ал жылдың аяғына дейін тағы 500 мың тонна жоспарланып отыр. Қазіргі қарқынға қарағанда одан да асып түсуі мүмкін. "Б" корпусы толық салынып біткенде, Құрық портының паромдық кешені жоба бойынша күніне 5 паромды қабылдайтын болады. Ал өз кезегінде, темір жол, теңіз порттары инфрақұрылымдарының дамуы ел экономикасының өрісін кеңейтіп, көліктік-логистикалық әлеуетті арттыра түспек.   

Құрғақ порт  – көліктік-логистикалық хаб
Еліміздің оңтүстігінде бой көтерген Алтынкөл станциясында "Қорғас – Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы бар. Қазақстан – Қытай шекарасында орналасып, аймақтық көліктік-логистикалық хаб ретінде қызмет атқарып отырған  оның  еуразиялық көлік жүйесі негізін қалауда маңызы зор. Жаңа хаб арқылы Қытайдан жүк ағыны Қазақстан аумағымен Еуропа, ЕАЭО, Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Парсы шығанағы елдеріне бағыт алады. Өткен жылы  "Қорғас – Шығыс қақпасы" АЭА-ның маңызды элементі болып табылатын заманауи "Құрғақ порт" құрылысы аяқталған еді. Бажсыз аймақта орналасқан Құрғақ портта автожол көлігі үшін және тар табанды жолдан жүкті кең табанды жолға ауыстыратын темір жол тармағына арналған бірнеше терминал бар.

Құрғақ порт кедендік және брокерлік қызметтер, сондай-ақ, инфрақұрылым қызметтерінің басын біріктіретін "бір терезе" принципі бойынша көліктік-логистикалық қызметтердің толық тізімін жүзеге асырады. Коммерциялық пайдалануға берілген уақыттан бері Құрғақ порт арқылы шамамен 170 тыс. жиырмафуттық эквивалент (ЖФЭ) шамасында жүк артылған. Ал 2017 жылдың соңына дейін  "Қорғас – Шығыс қақпасы" 154  мың  ЖФЭ  жүкті өңдеу жоспарланып отыр. 2020 жылға қарай тиелетін жүк көлемі шамамен 4,4 млн тоннаны құрайды деп күтілуде.

Еуропа стандарттарына сай
"Нұрлы жол" бағдарламасы шеңберінде "ҚТЖ" ҰК" АҚ салған Астана әуежайы жаңа терминалының арқасында мұндағы жолаушылар өткізу қабілеті жылына 7,5 миллион адамға жеткізу көзделген.

Астана халықаралық әуежайы басқармасының төрағасы Паоло Ричиоттиінің айтуынша, бұл әуежай хаб принципі бойынша салынған. Бұл қағиданың маңызды факторы, ол транзиттік уақытты үнемдеу екен.

"Біз кеден және шекаралық бақылау органының өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс жүргіздік. Бәлкім, біздің атқарған жұмысымызды бағалау үшін әлі уақыт керек шығар. Мұнда 2020 жылғы Еуропа стандарттарының үдесінен шығатын багажды тексеріп өткізетін соңғы буынның біріктірілген жүйесі енгізілген. Бұл дегеніміз, қазір Қазақстан  бүкіл Еуропаның алдында. Ұрлық-қарлықтан мықты қорғаныс бар, бейнекамералардың көптігінен әуежайда "өлі" аймақ жоқ деуге болады. Енді біз екі терминалдың арқасында күніне 12 рейске дейін қызмет көрсете аламыз. Сонымен қатар біз бүкіл әлемде қолданып отырған  "Тыныш әуежай" қағидасына сүйеніп отырмыз",  дейді  Паоло Ричиотти.

Мәскеу – Астана рейсімен келген жолаушылар қатарындағы мәскеулік Потап есімді жолаушы, Астанадағы жаңа терминалдың қызмет көрсету сапасына, құрылымына жоғары баға берді. "Мен бизнесіме қатысты Астанаға іссапармен жиі келемін. Бүгін жаңа терминал арқылы бірінші рет өтіп отырмын. Қызмет көрсету сапасы ұнады. Багажды да көп күтпедім. Жаңа терминал заманға, елорда мәртебесіне сай", – деді ол. Ал Берлинде тұратын Мәрлен және Динара есімді ерлі-зайыптылар Мәскеу арқылы ұшып келіп, Астанада осындай еуростандарттағы жаңа терминалдың бой көтергеніне шын қуанып жатқандарын білдірді.

"Біз ата-анамызға қыдырып келе жатырмыз. ЭКСПО-2017 көрмесіне орай осындай заманауи нысандардың салынып жатқаны қуантады", - дейді олар.

Астана халықаралық әуежайы жаңа терминалының ашылуы мемлекет басшысының қатысуымен осы жылдың 31 мамырында өтті. Заманауи жолаушылар терминалының құрылысы 2014 жылғы қарашада басталып, биыл  мамыр айында аяқталды. Жаңа терминал 47 000 шаршы метр аумақты алып жатыр, жылына 8,2 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ол кәсіпорынның бұрынғы қуатын 2,5 есеге арттырып отыр.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу