"Суретші шетелге шықса, салықшылар "жалаңдай" бастайды"

Бұлбұл Болат, Алматы Бұлбұл Болат, Алматы
10601

Ал Қазақстан Суретшілер одағына қабылдану абырой емес.

"Суретші шетелге шықса, салықшылар "жалаңдай" бастайды"

Кез келген картинаның өзіндік құны болады. Мәселен Поль Сезанның "Карта ойнаушылар" картинасы 2012 жылы 250 млн АҚШ долларына бағаланса, 2013 жылы ағылшынның экспрессионист суретшісі Фрэнсис Бэконның триптихы "Christie's" аукционында рекордтық сома 142 млн АҚШ долларына сатылды. Жалпы, Батыстағы суретшілердің кез келген туындысының бағасы аукционда ұшып тұрады. Ал бізде қалай?

Қазір Қазақстан Суретшілер одағында 1112 суретші тіркелген. Одақтың ел  бойынша 12 бөлімшесі бар. Мұнда тіркелген адамдар қалай күн көріп жатыр? Осы сұрақтың жауабын білу үшін Қазақстан Суретшілер одағы төрағасының міндетін атқарушы, суретші Өмірбек Жұбаниязовты әңгімеге тарттық.

"Қоғамдық ұйым болып есептелгендіктен бізде тікелей қаржыландыру көзі жоқ. Бізге үкіметтен, министрліктен қолдау аз. Мемлекет тарапынан берілетін марапатқа, алғысқа да іліне бермейміз. Түсінікті тілмен айтқанда, өз қотырымызды өзіміз қасып жүрміз. Шығармашылықпен айналысатын суретшілер қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Құр картинамен күн көру қиын. Әсіресе дағдарыстан кейін картина алушылар азайып кетті. Бұрын шетел азаматтары, коллекционерлер сатып алатын. Арамызда картина сатып, табыс тауып жатқандар бар шығар. Бірақ олар мұны жалпыға жария ете бермейді. Мен ұлттық салт-дәстүр, тарих тақырыптарын саламын. Мұндай туындыларға шетелдіктер қатты қызығады. Сұранысқа қарай ұсыныс жасаймын. Бағасы ма, оны айтпай-ақ қойсам деймін", – деді Өмірбек Жұбаниязов.

Оның сөзінше, суретшілер бір туындысын кем дегенде 200-300 доллардан бастап, 5-10 мың доллар аралығында  сатады.

"Суретшілер жылына бір-екі картина сатса да қуанады. Суретші бір жұмысты бір жыл салуы мүмкін. Бұл – суретшінің қолтаңбасына, темпераментіне, таңдаған тақырыбына байланысты. Сурет бірден дайын бола қалмайды. Оған өзгеріс, түзету енгізіледі. Қысқасы суретшінің еңбегі ақынның өлең жазғаны немесе сазгердің ән шығарғаны сияқты күрделі құбылыс", – дейді Өмірбек Жұбаниязов. 

Суретші мамандығын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? – деген сауалымызға ол:"Менің қызым "суретші боламын" дегенде сендердің замандарың тілмен, компьютермен байланысты ғой, ертең тұрмысқа шықсаң, жолдасың шығармашылығыңды қолдай ма, жоқ па?" деп ойын бірден өзгерттім. Қазір кәріс және қытай тілінің маманы атанды. Жұмыс тапты. Суретші кімге керек?  Шығармашылықпен отбасын асырау мүмкін емес. Бүгінде әріптестерімнің дені қосымша сабақ беріп күнелтеді. Осының салдарынан олардың шығармашылығы ақсайды. Жалпы, суретшіге не керек? Оларға елімізде бейбітшілік болса, халық бай тұрса жетеді. Дәулетті  халық үй салады, оны эстетикалық тұрғыдан сәндеу үшін картина алады.Тіпті әке-шешесінің картинасын салдыруға тапсырыс беруі ғажап емес. Ал бала-шағасын асырауға ақша таппай жүрген отбасы картина туралы ойлана ма?!" – деп жауап берді.

Жас суретшілер одағының мүшесі Мәулен Көпбаев аға буынның пікірімен келіспейді. "Кеңес кезеңінің суретшілеріне қарағанда жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Өзім әлеуметтік желілерде әншілермен жақсы байланыстамын. Телеарналарға да шығып тұрамын. Сурет арқылы танылып, сурет арқылы күн көріп отырмын. Мысалы мен қарындаш немесе акварельмен салынатын А3 форматтағы портреттерді 100 АҚШ долларынан кем ақшаға салмаймын. Елімізге танымал әншілердің үлкен пішіндегі портретіне 4-5 мың доллар алып жүрмін. Дегенмен мұндай тапсырыс ай сайын түсе бермейді. Біз, жастар үлкен кісілер сияқты "Арбатқа" барып отырмаймыз. Кәсіпті ғаламтор арқылы да өрге домалатуға болады. Бүгінге дейін 4 мыңнан астам сурет салдым. Суретпен 15 жасымнан бастап табыс тауып келемін. Өзім шетелге шықпасам да, туындыларым ұйымдастырушылардың көмегімен мұхит асып, көрмеден орын алды. Жеке коллекциямды Қытайға, Түркияға, Ұлыбританияға, Санкт-Петербургке жібердім. Тұңғыш президент қорының ұйымдастырумен өткен екі халықаралық көрмеге қатыстым", – дейді Мәулен Көпбаев.

Сөз арасында ол кейбір әріптестеріне көңілі толмайтын айтты.

"Сапалы сурет сала алатын бірсыпыра әріптестерімнің өмірлік ұстанымын, көзқарасын, психологиясын түсінбеймін. Картиналарын сата алмайды, ақша жоқ деп жылайды. Ал өздері ізденбейді, жарнама жасамайды, байланыс орнатпайды. Әрекет жасамай отыра берсең біреу ақша әкеліп бермейді ғой. Осыны түсіну керек қой. Біз нарықтық заманда өмір сүріп отырмыз. Тауарымыз – сурет. Ол сатылуы және табыс әкелуі тиіс", – дейді Мәулен Көпбаев.

Әңгіме қызған кезде жас суретші ұстазының құпиясын ашып қойды.

"Қалауын тапса қар жанады" демекші, суретші – нағыз табысты мамандық. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де айтайын, ұстазым Өмірбек Жұбаниязовтың бір туындысын 50 мың долларға сатқаны бар", – деді Мәулен Көпбаев.

Бұдан кейін қылқалам иесі өзін толғандырып жүрген мәселелерді алға тартты.

"Елімізде 54 театр бар, бірде-бір Сурет академиясы жоқ. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында ғана суретші даярлайтын кафедра жұмыс істейді. Бізде суретшілерге мемлекет тарапынан қолдау жоқ, болса да жасанды. Қазір кім қасқыр, сол мықты. Бұрынғы суретшілер қасаң пікірде қалып қойған. Ал Қазақстан Суретшілер одағына қабылдану абырой емес. Себебі бұл жай ғана қоғамдық ұйым", – деді Мәулен Көпбаев.

Өз кезегінде суретші Нұрбазар Қожин тапсырыспен салынатын картина өнер туындысы емес екенін айтты.

"Мұндай суреттерді салу  өте қиын. Жаныңды жеп, әрең саласың. Амал жоқ, қу тіршілік не істеткізбейді?! Тапсырыстың соңынан қуып кетуге болмайды. Ақшаға арбалсаң, өнерің әдіре қалады. Ал өзіңді толғандырған тақырыпты салсаң, керемет күй кешесің. Үйіңе ыңылдап ән айтып, өте көңілді қайтасың. Суретшілер тапсырыспен салған туындыларын шығармашылық жұмыс деп есептемейді. Мұндай картиналарын "біреу көріп қоймаса екен" деп жүреді. Қылқалам иесі тапсырыспен салған картинасын өзінің жеке шығармасы ретінде таныстырса, ол – қасірет", – деді Нұрбазар Қожин.

Сұхбат берушінің айтуынша, қазіргі таңда суретші ешкімге керек емес. Оның немен айналысып жатқаны, өлі-тірі екені ешкімді қызықтырмайды. Бірақ суретшіні қоғам мүшелерінің іздейтін кезі де болады.  

"Суретшінің аты шығып, шет мемлекеттердегі көрмелерге қатыса бастаса, салықшылар "жалаңдай" бастайды". Күнін әрең көріп жүрген өнер иесі "аузындағысын жырып беруге" тиіс бола қалады", – деді Нұрбазар Қожин.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу