"Жалған ақпаратпен күресу өте қиын"

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2634

Біз азаматтық журналистиканы әзірге түсінбей отырмыз.

"Жалған ақпаратпен күресу өте қиын"

Алматыда "Эволюцияның 15 жылы: құбылмалы дүние және бізге өзгеріс әкелген әлем" деген тақырыппен өтіп жатқан дәстүрлі  XV Еуразия медиа форумы авторлардың шеберлік дәрісімен басталды.

"Hashtag our stories" компаниясының негізін қалаушы Юсуф Омар мобильді журналистика мен виртуалды шындықтың ақ-қарасын ажыратып, әлемнің кез келген нүктесінен ақпарат алу және оны тарату мәселесін тілге тиек етсе, ВВС-дің британдық корпорациясында 14 жыл еңбек еткен әскери журналист Шахида Якуб соғыс жүріп жатқан жерден репортаж жасау жайлы сөз қозғады.

"Қазір мобильді журналистиканың, виртуалды байланыстың, тікелей эфирдің дәурені жүріп тұр. Ақпаратты бұрынғыдай асықпай беру деген түсінік келмеске кеткен. Бұлай жасайтын болсаңыз, кез келген мәліметті ең соңғы болып таратасыз. Сәйкесінше оның маңызы, мәні жоғалады. Себебі қазір біз ақпарат тасқынының заманында өмір сүріп жатырмыз. Бір ақпаратты оқып болмай жатып, екінші ақпарат келіп тұрады. Заман талабына сай мобильді журналистика қазіргіден де ерекше қарқынмен дами береді. Оның екпініне ілесіп отыру үшін ақпарат таратушылар ширақ әрі әбжіл болуға тиіс. Бүгінгі таңда әлемнің кез келген нүктесінен ақпарат алуға болады. Бұл біздің мүмкіндігімізді арттырады", – деді Юсуф Омар. Ал Шахида Якуб: "Қауіпті аймақтан репортаж жасаған кезде жаныңды шүберекке түйіп тұрасың. Қаңғыған оқ қас-қағым сәтте жаныңды жалмауы мүмкін. Соғыс болып жатқан аймақтардан репортаж жасаған талай әріптестеріміз бақилық болды. Олар бұл іске еріккеннен барған жоқ. Олар журналистикаға адалдық танытты. Адалдықтары өздерінің өлімімен өлшенді", – деді.

Шеберлік дәрісінде "News Eastern Europe" журналының бас редакторы Ивона Райхарт пен ғалым-саясаттанушы Бартош Рыдлиньский ақпараттық технология дамыған замандағы медиаэтика туралы толғанды. Олар медиаэтика дәстүрлі құндылықтарынан көз жазып қалғанын, БАҚ өкілдері арасында сенсация қуу белең алғанын, бәзбіреулерді қаралауға, күстаналауға бейім тұратын журналистер тобының қалыптасқанын, журналистиканы бас пайдасына қолданатындардың легі пайда болғанын өкінішпен жеткізді.

"Қалай болғанда да медиаиндустрия кәсіби мамандар мен өз ісінің хас шеберлерін жоғалтқан жоқ. Олар бар, болған, болады және солардың арқасында медиа әлем желкенін жая береді", – деді News Eastern Europe" журналының бас редакторы.

Үш күнге созылатын медиа форумның алдағы екі күнінде Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Саймон Макджи, ВВС телеарнасының жаңалықтар редакторы Гэвин Хьюитт, Le Figaro газетінің негізін қалаушы француздық Рено Жирар, Италия парламентінің мүшесі Дебора Бергамини, Польшаның "Солшыл демократтар одағы" партиясы төрағасының орынбасары Ежи Вендерлих, Media & Strategic Communications Еуропалық одақ мәселелері бойынша  маман Эли Хаджиева пікір білдіреді.

"Еуразиялық медиа форумның биылғы контенті осыған дейінгі дәстүр бойынша қазіргі уақыттың бірқатар өзекті мәселелерін талқылайды. Олардың қатарында ақпараттық технологиялардың қарқынды өсуі, "жасыл экономика" тұжырымдамасы сынды сұрақтар бар", – деді журналистерге медиа форумның бас директоры Руслан Жемков.

Басқосу барысында XV Еуразия медиа форумының кеңесшісі, тәуелсіз сарапшы Саясат Нұрбек тілшілермен тілдесті. Ол журналистің эмоциясынан құралған субъективті пікір мен блогердің әлеуметтік желіге сала салған ұшқары ойы халықты ақиқаттан алшақтататынын, салдарынан қоғам зардап шегетінін айтты.

"Ең басты үлкен мәселе – журналистің этикасы. Ақпараттық технологиялар бұл саланы қатты өзгертіп жатыр. Әлемде журналистиканы оқыту мәселесі бірінші орынға шықты. АҚШ-тың, Еуропаның журналистика мектептері толығымен оқу бағдарламаларын өзгертіп жатыр. Бұл бізге де керек. Азаматтық журналистика феномені сахнаға шығып жатқанымен біз оны әзірге түсінбейміз. Тағы бір мәселе – жаңа технологиялар көбейген соң жалған ақпарат көп болып кетті. Онымен күресу өте қиын", – деді Саясат Нұрбек.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу