"Жаратқан өзі берген баласын өзі алады..."

2719

Екпеге қарсы кей ата-ана осылай дейді.

"Жаратқан өзі берген баласын өзі алады..."

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының былтырғы мәліметінше, жыл сайын әлемде 8,5  млн адам туберкулез дертіне шалдығып, бір жарым млн адам көз жұмады.

Еліміздің бас фтизиатр дәрігері Қағаз Серікбаеваның сөзінше, бұл сырқат ересектермен қатар сәбилерге де үлкен қауіп төндіреді. Өйткені жаңа туған шақалақтың ағзасында аса қауіпті "кох таяқшаларына" қарсы қорғаныш қасиеті болмайды. Сондықтан сәби дүниеге келген күні бірден туберкулезге қарсы екпе егу керек.  

"Соңғы жылдары қоғамда жаңа туған нәрестеге алғашқы күннен бастап екпе егуге қарсылық танытатын адамдардың қатары көбейіп кетті. Қоғамда екпеге қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Бұл тақырып әлеуметтік желіде де талқыланып жүр. Екпеге қарсы болып жүрген ата-аналар: "вакцина адам денсаулығына зиянды" дейді. Жалпы, мұндай пікірді дін жолында жүрген адамдар жиі айтады. "Кох таяқшаларын" болдырмау мақсатында егілетін екпеге қарсы шығу арқылы ата-аналар балаларының денсаулығына қауіп төндіреді. Салдарынан балалар арасында туберкулездің ауыр түрі өршиді де, соңы қайғылы жағдайға әкеледі", – деді Қағаз Серікбаева.

Оның сөзінше, елімізде өткен жылы 18 жасқа толмаған 720 бала туберкулез ауруын жұқтырған. 

"2015 жылы дүниеге келген 12 және 2016 жылы туған 7 бала екпе алмаған болып шықты. Бұлар туберкулездің ауыр түріне шалдыққан", – деді дәрігер.

Маманның пікірінше, бұл жағдайға атүсті қарауға болмайды.

"Өткен жылы Қазақстан бойынша ата-анасының қарсылығымен 4290 балаға екпе егілмеді. Мұндай балалардың денсаулығын бақылауда ұстау дәрігерлерге қиындық туғызады", – деді Қағаз Серікбаева.

Дәрігердің сөзінше, екпеден бас тартатын ата-аналардың саны еліміздің батыс, шығыс өңірлерінде және Алматы қаласында жыл санап артып келеді.

"Түсінігі мен көзқарасы бөлек кейбір ата-аналарға баланың өмірі мен денсаулығын қатерге тігуге болмайтынын айтсаң, олар: "Жаратқан өзі берген баласын өзі алады, тағдырға қарсы келе алмаймыз" дейді", – деді еліміздің бас фтизиатры.

Бұдан кейін ол Қарағанды облысында болған жағдайды баяндады.

"Былтыр Қарағанды облысында кішкентай сәби туберкулез ауруына шалдықты. Мәселенің мән-жайын анықтау барысында сәбиге дерт ересек адамнан жұққаны анықталды. Сөйтсек сәбиді күтіп-баптауға қолқабыс етіп жүрген әкесінің туысы сырқат болған. Оның аруы балаға жұққан. Ата-аналар баланың кіммен қарым-қатынас жасайтынына мұқият болуы тиіс.  Бұл ретте туберкулезге қарсы екпе алмаған баланың тағдыры қыл үстінде екенін ұмытпау керек. Сондықтан нәрестелер перзентханадан шыққан кезде, олардың денсаулығына қауіп төндірмес үшін сақтану шараларына ерекше көңіл бөлуі қажет", - дейді дәрігер.

Оның сөзінше, жүктілік кезінде мамандар аналарға ағарту жұмыстарын  жүргізіп, аурудың себептері мен салдарын түсіндіреді. Ал ақыл-кеңесті жүре тыңдайтындар уақыт өте келе өкініп жатады.

"Екпеге қатысты ақпаратты ғаламтордан алатын ата-аналар "өзім білем" дегенге салады. Сөйтеді де орны толмас өкінішке ұрынады", - дейді Қағаз Серікбаева.

Ал Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры Жұмағали Ысмаилов сәбилерге жасалатын екпеге қатысты дін өкілдері ешқандай қарсылық білдірмейтінін алға тарты.

"Дін тарапынан медициналық сақтық шараларына қарсылық жоқ екені имамдар тарапынан расталғанымен, бұған кейбір ата-аналарды иландыру мүмкін болмай тұр",- дейді Жұмағали Исмаилов.

Оның сөзінше, халық арасында өкпе туберкулезі жұқпалы әрі қауіпті ауру саналады.

"Есік-терезесі жабық ғимаратта өкпе түберкулезімен ауыратын науқаспен бірге қалған ересек адам 8 сағат, ал балалар 4 сағат ішінде осы дертті жұқтыруы мүмкін. Сүйек, буын, ми, көз, жыныс, тері, бүйрек туберкулезі де жұқпалы ауру саналады. Бірақ туберкулездің бұл түрімен ауыратындардың  саны аз болады", - деді Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының директоры.

Жұмағали Ысмаиловтың мәліметінше, елімізде ересектер арасында түберкулезбен ауыратындардың саны азайған. Балалар арасында да оң нәтиже байқалады.

"Қазір 17456 адам диспансерлік есепте тұр. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда  2283 адамға аз. 2016 жылы аталмыш аурумен ауыратындардың көрсеткіші 9,9%-ға төмендеді. Ал аурудың таралу көрсеткіші 13%-ға азайды. Сәйкесінше, 100 мың адамға шаққанда 80,6%-ды құрады.  2015 жылы бұл көрсеткіш 92,6%-ға жеткен болатын.

2015-2016 жылдарға арналған  Ғаламдық бәсекелестік туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның есебінше, туберкулездің таралу  факторы бойынша Қазақстан 101-ші орыннан 92-ші орынға төмендеген", - деп қорытты сөзін Жұмағали Ысмаилов.

Риза Исаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу