​Ауыл балаларын ІТ-салаға икемдемек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7726

"Атамекен" КҰП пен "Нұр Отан" партиясы Қазақстан бойынша 1 мың IT-сынып ашуды көздеп отыр.   

​Ауыл балаларын ІТ-салаға икемдемек

Осылайша, екі бірдей ірі құрылым "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына үлес қоспақ. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ІТ-сыныптарда жастарға бағдарламалау және робот техникасының негіздері туралы дәріс беріледі. Сабақтар халықаралық әдістемеге сәйкес жүргізілетін болады. Қыз-жігіттерге жан-жақты, тереңдетілген бағытта білім беруді көздеп отырған жобаны үш жыл ішінде жүзеге асырылмақ. Үш жылда 150 мың баланы оқыту көзделуде.

"Бұдан бөлек, облыс орталықтарында және ірі қалаларда 20 ІТ-орталық ашылатын болады. Онда жылына 35 мың маман даярланбақ. Осылайша, біз ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығын ғана арттырып қоймай, олардың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына күш жұмсаймыз", – деді Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық салада, ІТ-технология бағытында жұмыс істейтін мамандар жеткіліксіз. Ал мектеп оқушылар оқыту – мәселенің шешудің бір жолы. Жоба жаңа оқу жылынан бастап қолға алынады. Оған мемлекеттік емес ұйымдар, ІТ-қауымдастықтар тартылады деп күтілуде.

Мектепке қажетті құралдарды сатып алу, оқытушыларға жалақы тағайындау бизнес-қауымдастықтың мойнына артылмақ. Дәлірек айтсақ, "Рухани Жаңғыру" аясындағы "Туған жер" бағдарламасы арқылы реттелмек. Еске сала кетейік, "Туған жер" аясында кәсіпкерлер өздерінің туып-өскен өңіріне көмек көрсетеді.

"Біз кәсіпкерлерді аталған жобаға белсене атсалысуға шақырамыз. 150 мың баланың арасынан болашақта ІТ-саланың мықты мамандарды өсіп шығарына сенімдіміз", – деді Мәулен Әшімбаев.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, облыс орталықтары мен ірі қалаларда ашылатын ІТ-орталықтар Astana Hub ІТ технопаркімен тығыз байланыста болады.  

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың сөзінше, цифрландырудағы басты мәселе – адам капиталы. Ал қаржылық жағдай мен экоқұрылым одан кейінгі орында тұрады.

"Цифрландыруды дамыту үшін кадр мәселесін шешу керек. Сондықтан, палата мен партияның бірлескен бастамасының мәні зор деп білемін. Кадр дайындауды мектеп қабырғасынан бастау керек. Бұл жоба кәсіпкерлер тарапынан қызу қолдау табарына сенемін. ІТ-мамандарды үш-төрт жыл бойы оқытудың қажеті жоқ. Біз 1-6 айлық курстарды ұсынамыз. Ал өңірлерде ашылатын ІТ-орталықтарда 40-қа жуық тәжірибелі ментор дәріс беретін болады", – деді Абылай Мырзахметов.

Ұлттық палатаның басқарма төрағасы мынадай қызықты деректерді де көпшілік назарына ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде әлемде жүздеген фриланс-биржа жұмыс істейді. Оларға әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 10 млн ІТ-тапсырыс түседі екен. Орташа есеппен алғанда аталған нарықтың сыйымдылығы 3,5 трлн АҚШ долларын құрайды.

"Біздегі жобалар сәтті жүзеге асырылған соң, аталған ІТ-тапсырыстар қазақстандық мамандар үшін де қолжетімді болмақ. Демек, түкпірдегі ауылдан шыққан кез-келген жастың әлемдік компанияларға ІТ-қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар", – деді Абылай Мырзахметов.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия мен "Атамекен" палатасының өзге де бірлескен жобалары туралы айтып берді.

"Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақ. Соның бірі жер телімдерін алуға қатысты жалпыұлттық онлайн-сервис құру. Осы күні коммерциялық мақсатқа жер телімдерін алу кәсіпкерлер үшін өзекті мәселе болып отыр. Бұл жүйенің көлеңкелі тұстары бар. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық белігілері де жоқ емес. Сондықтан, арнайы ресурс құруды қолға алмақпыз. Онлайн-сервисте коммерциялық мақсатта сатылымға шығарылатын немесе жалға берілетін бос жер телімдері туралы ақпараттар жинақталады. Бұл жүйе кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, "Нұр Отан" партиясы мен "Атамекен" КҰП мектеп оқушыларын тамақтандыруға қатысты жобаны да бірлесіп жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, мектептерді спорттық алаңдармен қамтамасыз ету жобасы да қолға алынғалы отыр.

"Ауыл балаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру – маңызды бағыт. Бұл ретте, "Рухани Жаңғыру" бағдарламасы аясында ағылшын тілін үйрететін клубтар ашуды көздеп отырмыз. Бұл жобаға еріктілер тартылатын болады", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, "Нұр Отан" кітапханаларды заманауи білім беру орталығы ретінде қайта құрмақ. Мақсат – кітапханаларды жастарға тартымды ету. Бұл бағыттағы жұмыстар ең алдымен облыстық кітапханалардан басталады. Бұдан бөлек, электронды кітапхана құрылмақ. Оған еліміздегі барлық кітапхананы қосу жоспарланып отыр. Осылайша, кез келген адам электронды кітапхана арқылы ғылыми еңбектер мен сирек кездесетін кітаптарға қол жеткізетін болады. Бұл жобаларға да бизнес-қауымдастықты тарту көзделуде.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу