Цифрландыруды тек автоматтандырумен байланыстыратындар көп

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
15042

Экономиканы цифрландыру нарықта жаңа мамандықтарды өмірге әкеледі.

Цифрландыруды тек автоматтандырумен байланыстыратындар көп Фото: liter.kz

Сарапшы мамандар Қазақстанда IT-нарықтың дағдарысқа түсуіне шикізат нарығындағы консервативтік көзқарас себепші дегенді бұған дейін де айтумен келеді. Дағдарыстың тереңдеп кетуіне экономиканың экстенсивті даму моделінің IT ағынына ілесіп кете алмауы қосымша себеп болды.

Қазір коммуникация саласында соңғы технология желісіне қосылған құрылғылардың саны ғаламторда жұмыс істей алатын адамдардың санымен теңескен. 2025 жылы бұл бұл көрсеткіш 1 трлн, ал заттар интернеті әлемдік экономикаға 11 трлн  доллар үлес қосады деген болжам бар. Ресей мен ТМД-дағы "Orange Business Services" бизнес-шешімдер мен инновациялар департаментінің директоры Елена Краушкинаның айтуынша, 2017 жылы интернет-нарықтың көлемі 170,57 млрд долларға жеткен, ал 2022 жылы 561,04 млрд долларға жетуі мүмкін.

Қазір Сингапур, Қытай, Дания, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттерде заттар интернеті өзге елдермен салыстырғанда жылдам дамып келеді. "SAS Қазақстан" бизнес сарапшылар компаниясының директоры Андрей Суставовтың айтуынша, IoT – заттар интернетінің әлемдік нарығынан өз үлесімізді алуға біздің де мүмкіндігіміз бар.

2017 жылдың қортындысы бойынша заттар интернеті мобилді байланыс нарығымен салыстырғанда 3,5 есеге көбейіпті. Қазір коммуникациялық құрылғыларда отыратын 5 миллиондай абонент бар.

"Дәстүрлі тіркелген байланысты мобильді қондырғылар ығыстыра бастады. Бұл нарық біздің өмірімізге енді. IоT – заман ағынының маңызды жаңа бөлігіне айнала бастады", – дейді Андрей Суставов.

Айта кетейік, заттар интернеті нарығы ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін электроникамен, интернетке шығу мүмкіндігімен жабдықталған физикалық объектілердің желісі.

"IoT" өндірістік технологиясы Қазақстанның өңдейтін және қайта өңдейтін саласына бейімделе бастайды деп үміттенеміз", – дейді Андрей Суставов.

Қазақстан ДСҰ-ға кіргенде, Еура­зиялық одаққа мүше елдердің алдында кедендік баждардың төмендетілген мөлшерлемесі қолданылатын тауарлардың қозғалысын бақылау жүйесін құру міндеттемесін мойнына алған еді. Соның аясында "Виртуалды қойма" модулі 1 сәуірден бастап іске қосылды. Модуль салық төлеу­шінің қоймасындағы тауардың Қазақстанға әкелуден бастап, тұтынушыға өткізуге дейінгі тізбегін қадағалауға мүмкіндік береді.

Бұл Қазақстанда заттардың интернет нарығын дамытуға бағытталған заңнамалық құжаттардың алғашқысы.

"2017 жылы Ресей IoT-бағытқа 4 млрд АҚШ долларын аударды. Бұл қаржыға ақпаратты технологияны сатып алу, қызмет көрсету және байланыс салаларын ақпаратты технология бағдарламаларымен қамтамасыз ету шығыны кіреді. 2018 жылы мемлекеттік сектор IoT секторына "ақылды қалалар" проблемасын шешу үшін инвестиция салуды жоспарлап отыр. IoT секторын жеке-дара дамыта алмаймыз. Нарықтың бұл сегменті әлемдік технологиялар нарығымен интеграциялануымызға, технология тізбегіне тезірек қосылуымызға мүмкіндік береді", – дейді Андрей Суставов.

Оның айтуынша, біз электронды үкіметті дамыту бойынша әлемде 33 орындамыз. Осы бағытты жалғастырсақ, IoT нарығының өрісін кеңейтуге мүмкіндік мол. Себебі Қазақстан ТМД-да экономиканы цифрландыру бағыты бойынша – алда.

Ел ішінде, өзге секторлармен салыстырғанда қаржы секторы сандық жүйенің авангардына айналып келеді. 2017 жылы банк секторында 7 млн адамға дистанционды каналдар арқылы қызмет көрсетілген. "Нарықтың өзге сегменті цифрландыру формациясына өтуге бейімді ме" деген сауалға "компаниялардың басым көпшілігінің IT-дің басты сипаттары туралы ақпараты аз" деп жауап береді екен. "Ел ішінде цифрландыруды тек автоматтандырумен ғана байланыстыратындардың қарасы көп. "Нарықта ірі ойыншылардың өзі цифрландыруға көшу үшін қомақты инвестиция керек деп ойлайды", – дейді Андрей Суставов.

ІТ саласындағы тәуелсіз сарапшылардың бірі Дмитрий Киселевтің айтуынша, дамуға ішкі фактор ғана емес, сыртқы факторлар да кедергі болып отыр. Ол – кибер шабуылдан келетін қауіп. Кибер шабуылдан тек банк секторы ғана емес, өндірістік обьектілер де шығынға батып отыр. Кибершабуылдардың 80 пайызы бейнебақылау жүйелерінің инфекциясына байланысты. Бейнебақылау технологиясының ақпараттық жүйелері аса қауіпті вирустарды дайындалу кезеңінде-ақ ғаламтор арқылы "жұқтырып" алады екен.

"Кибер шабуылдардан қорғайтын технологияның тілін білу үшін білім керек. Ақпараттық сауаттылық керек. Экономиканы цифландыру біз білмейтін қосымша мамандықтарды нарыққа алып шығады. Жапонияда бір мезгілде бірнеше елде ондаған компаниялардың виртуалды қоймаларындағы технологияны басқарып отыратын виртуалды мамандар дайындала бастады. Алдағы 5-10 жылда шетелдік компаниялардың жұмысын өз елдерінде отырып бақылау мүмкіндігі туады. Қытай алыс-жақын елдердегі компанияларының жұмысын бақылау үшін ғарыштық бейне-бақылау жүйесін іске қосуға дайындықтың соңғы кезеңіне кеп қалды. Олар ғарыштық бақылау қондырғысының көмегімен заттар интернетінің әлемдік нарығында үстемдікке ие болуға ұмтылып отыр. Қазір заттар интернетінің әлемдік нарығы дамуды бастан кешіп жатыр. Тіпті технологиялық дамудың өзі уақытқа ілесе алмай қалды", – дейді Дмитрий Киселев.

"Қазақстанда барлық нарықтық сегментте цифрландыру процесіне қаржы секторы бейім болып шықты" , – деген пікірді Дмитрий Киселев те қостайды. Қазақстандық билік IoT-нарық жайлы енді айта бастады, үкімет тарапынан қозғалыс бар. Экономиканы цифрландыру бұл бағыттағы дамуды жылдамдатады. Себебі АҚШ-тың өзінде нарықтың бұл сегментін қатты дамып кетті деуге болмайды. Сарапшылар АҚШ-тағы IoT нарығының басымдығы ретінде микроэлектрониканы айтады. Бұл интернет нарығының индикаторы ретінде қабылданады.

 "Заттар интернеті нарығының мүмкіндігін "ақылды қалалар" жобасына қолданатын кез келді. Үкімет бұл салада біраз жұмыстар атқарып жатыр. Енді мұны одан әрі ілгерлету керек. Әлемдік заттар интернеті нарығының қазақстандық сегментін қорғау үшін кешенді бағдарлама қабылдау қажет. Біз бұл нарықты блокчейн технологиясының көмегінсіз алға жылжыта алмаймыз", – дейді Дмитрий Киселев.

Дмитрий Киселев алдағы екі-үш жылда ЕЭО елдерінде IoT нарықтың дамуын тездететін шешімдер қабылдануы тиіс екенін айтты. Бұл бірінші кезекте ұялы байланыс операторларын "LTE-M" және "NB-IoT" технологиясын қамтамасыз етуден басталуға тиіс. Бұл сегменттің дамуына жол ашатын шешім қабылдауды кешіктіруге болмайды. Қазақстандағы IoT нарығы бөлшектеніп кеткен. Әрбір сегментке жауапты тұлғалар бір-бірінен бөліп алып, мәселені жеке-дара шешкісі келеді. IT платформасы проблемасын шешу үшін ортақ шешім керек. Бұл шешім IoT нарығын алға жылжытатын катализаторға айналуға тиіс", – дейді Дмитрий Киселев.

Дмитрий Киселев дамыған елдерде мұндай ірі платформаны қалыптастыру инновациялық орталықтарға немесе еншілес компаниялары арқылы жұмыс істейтін, мәселен ЕО елдерінде "Vodafone", "Telenor" болса, Ресейде МТС  секілді телекоммуникациялық компанияларға жүктелетінін айтты. Олардың құзіретіне IoT-нарығының беталысын айқындайтын шешімдерді қабылдау және жүзеге асыру кіреді.

"Мұндай орталықтардың басты міндеті инновациялық шешімдерді нарықтық айналымға енгізу", – дейді Дмитрий Киселев.

Гүлбаршын Сабаева, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу