Желмаясын желдіріп, Жерұйық іздеген Асан қайғы естеріңізде ме? Халқына суы-сүт, топырағы-май, тасы-алтын, ағашы-жеміс, берекелі жер, жайлы мекен іздеген. Аңыздарға сүйенсек, Асан қайғы Қазақстан мен Орталық Азия жерін түгелдей шарлаған. Табаны тимеген жер қалмаған. Асан ата ізі мына Қостанай жерінде де өшпестей қалыпты. Оған дәлел осы өңірге қатысты көптеген аңыздар... «Тіпті осы қаланың, яғни Қостанайдың, атауына да Асан қайғының қатысы бар» дейді халық.