Енді мемлекеттік қызметкер парамен ұсталса, онда оның тікелей басшысы отставкаға кетуге міндеттелмек. Жаңа заң жобасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюро дайындап, Парламентке жіберіп қойған. Іштей «құп» көрмесе де, оны «жөн» деп, басын шұлғап жатқан шенеуніктер баршылық. Биыл «жемқор» құрылымдар тізімінде полицейлер алда тұр. Мұнда 175 факт бар. Әкім-қараларға қатысты 172 дерек анықталса, құрылысшылар – 157, білім жүйесіндегілер – 110, жер қатынасындағы қызметкерлер – 101, ал ауыл шаруашылығындағалар – 95 дерекке себепкер болыпты. Әділет министрі заң қабылданса, онымен жұмыс жүргізуге әзір. Тек мұнда ескеретін бір жайттың барын айтады. Басшы отставкаға кетуге міндеттеледі, егер пара алған қол астындағы қызметкерді өзі тағайындаған болса, әрі оған тікелей жауап жүктелген жағдайда. Ең бастысы, сот оны «парақор» деп үкім етуі тиіс. Сондықтан Марат Бекетаев Парламентке, агенттікке асығыстық жасамай, заңды бүге-шүгесіне дейін қарауға кеңес беріп тұр. Репортажымыздың тұздығы: бюджет шетін кеміріп, пара алып, лауазымын асыра пайдаланумен аты шыққан шенеуніктердің топ ондығы. Рейтинг соңғы 5 жылдағы ірі фигураттардың жымқырған ақшасына қарай түзілген. Алынған пара 100 мың доллардан 5 млрд 901 млн 445 мың теңгеге дейін барған.
Спикерлер: ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі - Жанна Бастарова; бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық Төрағасы - Төлеген Байғұлов; ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары - Олжас Бектенов; ҚР Ішкі істер министрі - Қалмұханбет Қасымов; ҚР Әділет министрі - Марат Бекетаев; Бұрыңғы Ауыл шаруашылығы министрі - Асылжан Мамытбеков; Қазақстан Республикасының Президенті - Нұрсұлтан Назарбаев; ҚР Энергетика министрі - Қанат Бозымбаев.
Тілші: Құралай Пионер.