Сырттан жарамсақтанған ірі инвесторларға толық сене беруге болмайтыны тағы да алдымыздан шықты. Қарағанды шахтасындағы осы жолғы апаттан кейін жауапсыз инвестор деген нәрсе шекемізге тиіп отыр. Жер жүзінің әр қиырында кеніштері бар «АрселорМиттал» танымал металлургиялық компаниясы өзінің Қазақстандағы жұмысын қатырмады. Еліміздегі ең нашар компания деген атқа қалды. Себебі кешегі апат алғашқысы емес. Бұған дейін де талай рет апатқа ұшырап, адамдар қаза болды. Президенттің тапсырмасымен үкіметтің бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастығы тоқтатылды. Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды. Қаза тапқан кеншілердің отбасыларымен кездесіп көңіл айтты және жедел штабтың отырысын өткізді.