Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқалы жиыны өтті. Жиынның қорытынды материалына зер салған адам қорғаныс саласындағы қандай да бір үлкен жаңалықты немесе әскердегі тосын өзгерісті байқай қоймас. Өйткені жиында көбіне істеліп жатқан ағымдағы жұмыстардың есебі төңірегіндегі сөздер айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының сәуір айындағы Үкіметтің кеңейтілген кеңесі мен бүкілармиялық форумда берген тапсырмалары аясындағы мәселелер ортаға салынды. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың сөзінше, әлемдегі әскери-саяси ахуалдың дамуы еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды түзетуді талап етеді. Ол ұлттық қауіпсіздікке, сыртқы саясат тұжырымдамасына, Қарулы күштердің құрылысы мен дамуына қатысты құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп жатқанын атап өтті. БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу үшін жеке құрамды даярлау жалғасып жатыр екен.