Қазіргі уақытта елімізде қызылшамен ауырған адамдар көбейіп кетті. Мұндай індет көрші елдерді де жайлаған. Қазақстанда биыл бұл дертке 21-қараша күнгі дерек бойынша 16 мыңдай адам шылдыққан деп жатыр. Соның 80 пайыздайы жас бала. Қызылша эпидемиясының бұлайша күрт асқынуы бұдан бұрын 2018-ші және 2005-ші жылдарда болған екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, 2022 жылы қызылшаға шалдыққандар 2021 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артқан. Ал мұнымен ауырғандардың арасындағы өлім көрсеткіші 43 пайызға көбейген. Соңғы жылдары қызылша ауруының көбеюін мамандар екпе алу деңгейінің төмендігімен байланыстырады. Яғни адамдар қызылшаға қарсы екпені уақытылы алуға келгенде енжарлық танытады. Сондықтан еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға қызылшаға қарсы екпе жасаудың қамына кірісіп жатыр. Екпе шұғыл жеткізіле бастады. Бастапқы лекпен вакцинаның 500 мың данасы жеткізілді деп жатыр.