Башқұртстандағы халық толқуларына әр түрлі баға беріліп жатыр. Кейбір сарапшылар халықтың наразылығы тоқтамайды, мұндай ахуал Ресейдің құрамындағы өзге ұлттық республикаларына да тарайды деп болжайды. Бірақ кім білсін, Ресейдің қазіргі режимінің жағдайында халық толқуларының жаппай белең алып кетуі қиын болса керек. Себебі ол елде тәртіп сақшылары соғыстағы әскерилерден әлдеқайда көп, наразылық акцияларының өрбуіне жол бермейді деп жатады. Дегенмен бәрі де мүмкін, Уфадан бастау алған наразылық көңіл-күй өзге аймақтарға да әсер етпей тұрмас. Қазіргі уақытта соғыс салмағының едәуір бөлігі ұлттық республикаларға түсіп тұр. Осы тұрғыдан келгенде башқұрттардың бастамасы себеп болып, өзгелер де бас көтеріп шығуы ғажап емес. Тіпті Ресей билігі халықты игере алмай қалуы да мүмкін деген пікір пайда болды.