Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттілік барлық кезде қоғамның проблемасы болып келеді. Ата-аналарды алаңдататын осы келеңсіздіктің шешімі ешқашан табылған емес. Ал әлімжеттіліктің соңы кейде қайғылы жағдайға ұласып та жатады. Аспандағы асылым деп мәпелеп өсіріп отырған ұлды немесе қызды өзі қатарлы құрбы-құрдастары соққыға жығып, мүгедек етіп немесе өлтіріп жатса, қоғам үшін қасіреттің үлкені осы емес пе? Осы жақында ғана Батыс Қазақстан облысының Щапов деген ауылында мектеп оқушысы өзінің қатарласын «жөндеп амандаспадың» деп ұрып өлтіргеніне ел жағасын ұстап, іш тартып қалды. Бір топ баланың бір топ балаға әлімжеттілік жасап, соққыға жығуының соңы осындай қайғымен аяқталды.