7 қыркүйектен бастап міндетті зейнетақы жинағын түгелдей жеке басқарушыға беруге болады. Бұл қазақстандықтар үшін зейнетақы жинағын басқарудың жаңа кезеңі. Бұған дейін азамат өзінің міндетті зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін жеке басқарушы компанияға бере алатын. Енді бұл шек 100 пайызға дейін ұлғайтылды. Яғни азаматтың алдында нақты таңдау пайда болды. Зейнетақы активін Ұлттық банктің басқаруында қалдыру немесе оны лицензиясы бар жеке басқарушы компанияға толықтай сеніп тапсыру. Бұл жай ғана техникалық өзгеріс емес. Өйткені сөз адамның болашақтағы табысы туралы болып отыр.