Алимент мәселесі елдегі ең ауыр әлеуметтік түйткілдердің бірі. Соңғы деректерге қарасақ, 300 мыңнан астам бала өзіне тиесілі қаржыны ала алмай отыр. Бұл жай ғана статистика емес, әр санның артында нақты тағдыр, нақты бала тұр деген сөз. Алаңдатарлығы сол алимент бойынша берешек көлемі жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2016 жылы бұл көрсеткіш небәрі 2 миллиард теңге болса, бүгінде 18 миллиард теңгеге жеткен. Оның үстіне, бұл тек 3 айдан астам уақыт төленбеген берешектер ғана. Ал одан да қысқа мерзімдегі қарыздарды қосса, жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін.