Қазіргі уақытта ел ішінде спирттік ішімдік ішу бұрынғы кездегідей емес, азайған деп жатады. Жастардың басым бөлігі ішімдік пен шылымға мүлде жоламайды. Кей өңірлерде дүкендері ішімдік сатудан бас тартқан ауылдар да бар. Бұл жақсы.
Дегенмен статистика арақ-шараптың орасан көп мөлшерде сатылып келе жатқанын көрсетеді. Демек, ішімдік ішудің деңгейі әлі де болса бәсеңси қойған жоқ. Шыны керек, бүгінде мәдениетті алқаштар көбейген. Олар көшеде аунап ішпегенімен таза жүріп-тұрып-ақ ішкілікті мөлшерден едәуір артық көлемде судай сіміріп алады. Бүгінгінің адамы оңайлықпен мас та болмайды. Себебі қазіргі күннің арағында алып бара жатқан қуат жоқ. Қанша ішсең де кете береді, ал талтаңдаған мас халге жету үшін бір адам кемі екі шишасын ішуі керек болады. Қазіргі арақ көбіне сырты әшекейлі, өзі қымбаттау, бірақ құрамында қуаты кем, дәрі-дәрмекпен күшейтіп қойған болып келеді. Бір шишасын түгел ішіп алған адам көшеде емін-еркін жүріп, талай ісін тындырып, ешбір қақ-соққа ұрынбай-ақ үйіне әндетіп жетеді.