Байқоңыр қаласының басшылығы тосын қаулы қабылдады. Онда Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысамын деген талапкерге алдымен бір реттік төлем ретінде 260 мың рубль беретіні келтірілген. Мұны қаулы мәтінінде «тұрғындарды әлеуметтік қолдау шарасы» деп дәрежелепті.
260 мың рубль – 3500 доллар шамасындағы ақша. Бұл сома мобилизацияланғандарға Ресейде төленіп жатқан ақшамен деңгейлес деседі. Осылайша, Ресейдің соғыс саясаты қазақтың даласындағы Байқоңыр қаласының тұрғындарына да ауыз салып отыр. Қаулы жайлы хабарламаны 14-ақпанда Байқоңыр қаласының прокуратурасы жариялады. Уәде етілген ақша соғысқа барамын деген талапкерге келісім-шартқа отырған күннен бастап 20 тәуліктің ішінде Байқоңыр қалалық бюджетінен өтеледі екен.