Ересек адамның жас баланы ұрып-соғуы немесе өлтіруі жан түршігерлік қасірет қой. Өкінішке қарай ондай оқиғалар қоғамымызда болып тұрады. Алматы қаласында соқталдай ер адам төрт жасар баланы аяусыз ұрып-соқты, соның салдарынан бала көз жұмды деген сұмдық хабар тарады. Бала комаға түсіп, ауруханада үзіліп кетіпті.
Баланы ұрып-соққан деген күдікке ілінген қаскөй оның өгей әкесі екен. Анасы ол адаммен азаматтық некеде болған. Дұрысы – ер адам әйелдің өзі жалдап тұратын пәтеріне кіріп алған. Әйел 25 жаста, азаматтық некедегі ері 19 жаста. Міне, сол 19 жастағы өгей әкесі баланы күн сайын ұрып-соғумен келген деп жазып жатыр. Өгей әкенің өзі оны күн сайын балабақшаға апаратын болған. Балабақшадағы тәрбиешілері баланың әр жері көгеріп, сырылып келетінін байқапты. Ал соңғы барғанында халі нашар екенін көрген тәрбиешілер анасын шақырған. Тәрбиешілер баладан «Саған не болды?» деп сұрағанда «Әкем ұрды» жеп жауап берген. Анасы балабақшаның шақырғанына бармаған.