Орыс билігі орыс тілінің қолданылу аясын мейлінше кеңейтуге кіріскен сыңайлы. Ресейге бұл үшін ең қолайлы аумақ бұрыннан үйреніскен ТМД елдері. Орыс тілін өзге елдерге тықпалауды Ресей президентінен бастап ірі шенеуніктер, саясаткерлер қолға алған десе де болады. Ал бұған әр ел әртүрлі қырынан қарайды. Қарсы тұрып жатқандар да жоқ емес.
Жақында Ресей президенті мемлекеттік сапармен Астанаға келгені белгілі. Сол сапарында орыс билігі өзге мәмілелердің қатарында Қазақстан жерлерінде таза орыс мектептерін ашу мәселесін де алдымызға көлденең тартты. Қазақстан жерлерінде Ресейдің ақшасына орыс мектептерін ашудың егжей-тегжейі әзірге пысықталмағанымен, бұл жөніндегі келіссөздер бастау алды деп жатыр. Яғни бастапқы қадам ретінде Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының аумақтарынан Ресей бюджетінің есебінен бір-бір орыс мектебін ашу жайлы бастама бар. Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі де, өзге ведомстволар мен ұйымдар да бұл шараға қарсылық білдіріп жатқан жоқ сияқты. Ал Оқу-ағарту министрлігінің қолдау білдіргені аңғарылады. Министр Ғани Бейсембаев мұнда ешқандай саясат пен насихат жоқ әрі сабақ біздің білім стандартымызға сай болады, алаңдайтын ештеңе жоқ дегенге келтіреді. Министрдің айтуынша, ол мектептерде орыс тілі тереңдете оқытылады, сабақты Ресейден келген мұғалімдер жүргізеді.